- Advertisement -

Мойынқұм тұрғындары «AQ JOL»-ДАН ҚОЛ ҮЗБЕЙДІ

127

- Advertisement -

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданы жыл өткен сайын жаңарып келеді. Өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Бұдан бөлек, мұнда облыс әкімінің тың бастамалары жүйелі түрде жүзеге асып, тұрғындарының әл-ауқаты да жақсара бастаған. Бұл туралы облысымыздың бас газеті «Aq jol» жиі жазып келеді.
Жалпы, газетіміздің тілшілері қай кезде де тұрғындардың мұң-мұқтажына бейжай қараған емес. «Aq jol» өңір тұрғындарының көкірек көзін ашып, көңіліне сәуле түсіруге қызмет етуде. Мұның барлығы газет ұжымының әрқашан да оқырман ортасынан табылатындығынан болса керек. Міне, сол себепті газет басшылығы аудандарды аралап, ондағы оқырмандармен ой бөліскен еді.

Осындай кездесу Мойынқұм ауданында жалғасын тапты. Облыстық «Aq jol» газетінің Директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы мен экономика және ауыл шаруашылығы бөлімінің редакторы Амангелді Әбіл ауданға арнайы атбасын бұрып, ондағы оқырмандармен пікірлесті.
Газетіміздің Мойынқұмдағы оқырмандарымен болған кездесуде Көсемәлі Сәттібайұлы басылымның маңызына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне кеңінен тоқталды.
– Біз жыл сайын оқырмандармен жүздесіп, ой бөлісіп, олардың ұсыныс-тілектері мен сын-ескертпелерін тыңдауды дағдыға айналдырдық. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпау үшін кезінде ата кәсіппен аты шыққан Мойынқұм ауданына да атбасын бұрып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, жүз жылға жуық тарихы бар «Aq jol» газеті Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын жүзеге асыруда қомақты жұмыстар атқаруда. Газетіміздің ақпарат айдынындағы ілкімділігінен бөлек, оның кескін-келбеті де уақыт талабына сай түрленіп отырады. Біз оқырманның сұранысын өтеу және заманға сай болу үшін әрдайым барлық саланы қамтуға күш салып келеміз. Бүгінде газетімізден тұрмыс-тіршілігіміздің сан саласын қамтыған көптеген дүниелерді оқуға болады. Мұнда күнделікті жаңалықтармен қатар, саясат пен экономика, өндіріс пен экология, білім беру мен денсаулық сақтау, өнер, әдебиет пен мәдениет өзге де тақырыптарды қамтыған мақалалар тұрақты жарияланып тұрады. Бұдан өзге «Айша бибі», «Пырақ», «Оқырмандар отауы», «Шөкеңнің шошаласы» сынды арнайы беттер мен топтамалар бар.
Жалпы, газет халықты білімді етеді. Неге десеңіз, мерзімді баспасөзден халық естімегенді естіп, білмегенді біліп, елді тың деректермен құлақтандырады. Сондықтан қазақ зиялылары ежелден-ақ газеттің қасиетін ұққан. Дәл осы газет арқылы ұлттың болашағы баянды болуы үшін аянбай тер төккен. Мәселен, бұрын Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын сынды баспасөз баһадүрлері дәл осы қазақ тілді басылымдар арқылы облыс орталықтарында қазақ тілінде оқытатын білім ошақтарының аздығын айтып, үлкен мәселе көтерді. Ол тұста Жамбыл қаласындағы Абай көшесінің бойында жалғыз ғана Жамбыл атындағы қазақ мектебі болған. Онда Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков секілді қазақтың кіл мықтылары білім алды. Міне, Арғынбай Бекбосынның мақаласынан кейін мемлекеттік тілде білім беретін қазақ мектептері жыл санап көбейе берді, көбейе берді. Ал бүгінде облыс орталығындағы қазақ тілді мектептердің саны 60-қа жуықтап қалыпты. Міне, бұл да қазақ тілді басылымдардың арқасы. Қалай дегенде де газет пен оқырман егіз ұғым. Газетке оқырман қандай қажет болса, оқырманға да газет сондай қажет болуы тиіс. Бірінің ісін бірі бағалай алмаса істің оңға баспасы сөзсіз. Сондықтан мерзімді басылымдарға жазылуды қолға алыңыздар, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Бұдан бөлек, оқырмандардың көңілінен шығу үшін үздіксіз ізденіп, тынымсыз еңбек ететін журналистердің күнделікті тіршілігін де тілге тиек етті. Жиын барысында бірқатар оқырмандар пайымды пікір айтып, газет басшысымен ой бөлісті.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы:
– «Aq jol» газеті өзгелерге қарағанда маған етене жақын басылым. Өйткені сонау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бұл газетте қалам тартқанмын. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының өзінде ауылдағы жаңалықтарды жазып жүрдік. Міне, содан бергі жарты ғасырға жуық уақытта «Aq jol»-дан ешқашан қол үзген емеспін. Оның үстіне, аталмыш басылымда жұмыс істеу бақыты бұйырып, осы газеттің нанын жегенмін. Қайбір жылдары облыстың бас басылымында меншікті тілші болып қызмет істедім. Кейінгі жылдары газеттің бет-бейнесі жақсара түскенін байқауға болады. «Aq jol» газетінің тұрақты оқырманы болғандықтан, оны көріп те, біліп те жүрміз. Сонымен қатар жуырда ғана Мойынқұм ауданындағы сексеуіл мәселесіне қатысты түйткіл газеттің бір бетіне берілді. Тұрғындар ризашылығын білдіруде. Облыстың 80 жылдығына байланысты мақалаларды жиі көріп жүрміз. Бұдан бөлек, кейінгі кездері жарияланған Жандар Кәрібаев, Марс Үркімбаев, Әлмұхан Исақов, Болысбек Көкірекбаев туралы мақалалар да мазмұнды шыққан. «Бүкпесіз әңгіме» дейтін айдарларыңызды үзбей оқып жүрміз. Жалпы, қай сала болса да «Aq jol»-дан табылып жатады. Аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласындағы еселі еңбегін де газет бетінде жарияладыңыздар. Оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өзім қай жерде болса да облыстың бас басылымын насихаттап жүремін.

Жанар Несіпбаева,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Бұл газет жастардан бастап, ақсақалдарға дейінгі аралықтағылардың сұранысына ие, беделді әрі жаңашыл басылым екенін жұртшылық жақсы біледі. Біздің ауданның тұрғындары да басылымның тұрақты оқырмандарына айналған. Қазіргі кезде басылыммен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Ауданымызда атқарылып жатқан іргелі істерді әрдайым бірінші болып жариялап отырасыздар. Сондықтан өңіріміздің бас басылымына алғысымыз шексіз!

Нұртас Саурықов,
Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының директоры:
– Ғасырға жуық тарихы бар басылымның күннен-күнге түрлі жаңашылдықтарға бет бұруы бізді қуантады. Біз өскелең ұрпақты тәрбиелейтін болғандықтан оқушыларымызға да газет оқудың пайдасын әрдайым айтып отырамыз. Әсіресе дәл осы «Aq jol» газетінде пайдалы дүниелер жиі жарияланып тұрады. Оған қоса, мектебімізде жүзден аса ұстаз еңбек ететін болса, соның басым бөлігі «Aq jol» газетін қолдан-қолға алып оқуды дағдыға айналдырған. Әлбетте, бұның барлығы газеттегі оқылымды мақалалардың көп болғандығынан. Өз кезегінде 30 мыңнан аса тұрғыны бар Мойынқұм ауданының тұрғындары облысымыздың бас басылымына жазылуды еш бәсеңдетпей, керісінше, одан әрі үдете түседі деген сенімдемін.
Кездесу соңында Көсемәлі Сәттібайұлы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың бәрі де ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support