- Advertisement -

Өткен күнде белгі бар

102

- Advertisement -

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив – 2025» бағдарламасынан туындаған міндеттер аясында облыстың 80 жылдығына және архив қызметінің құрылуына 80 жыл толуына орай облыстық мемлекеттік архивте фото- құжаттар көрмесі өтті. «Архив – тарих қазынасы» деп аталған іс-шара осы саласының ардагері, жазушы-публицист, таяуда ғана бақилық болған Мақұлбек Рысдәулетті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп, архив қызметкерлерінің кейінгі уақытта қыруар іс атқарып жатқанына тоқталды.
– 80 жыл қоғамдық дамумен өлшегенде аз уақыт емес. Осы кезеңде өңірдің дамуында көптеген өзгерістер болғаны, уақыт қаншама танымал тұлғаларды тудырғаны белгілі. Сондықтан бүгінгі көрменің мәні бөлек. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен «Ерлік» мемориалдық кешені, «Даңқ залы» салынып, «Шахристан» кешенінде бірнеше ғимарат қатар бой түзеуде. Әулиеата бейнесінің тұрғызылуы да – үлкен игі іс. Өңірдің 80 жылдығы аясында осындай ірі құрылыстар жүзеге асуда. Архив жұмысы – көзге көрінбейтін көп шаруа. Бүгінгі сурет көрмесінің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.
Мұнан соң облыстық мемлекеттік архиві ғылыми-ақпараттық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова көрмедегі фото суреттер тарихымен таныстырды. Бұл суреттерден әр кезеңдегі өмір тынысын байқауға болады. Мәселен, облыс құрылған соң екі жылға жетпейтін уақытта Ұлы Отан соғысы басталып кеткен. Сондықтан көрмеге әуелі өңірімізден соғысқа аттанып, ел қорғаған батыр жауынгерлердің суреттері қойылыпты. Жерлесіміз Әсет Кемпіреков Рейхстагқа ту тігуге қатысқан екен. Тылдағылар да тыным таппаған. Бір ғана 1941 жылы біздің өңірден майданға 1017 центнер ет, 1941-1944 жылдары 34 вагон азық-түлік жөнелтілгені мәлім болып отыр.
Бұл жерде тарихтан сыр шерткен фотодеректер көп. Жазушы Кемел Тоқаевтың «Сталин жолы» (қазіргі «Aq jol») газетінде еңбек еткенін, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, Кенен Әзірбаев, Хати Сауранбаев және Нұрмолда Алдабегеновтің 1966 жылы түскен фотосы сақталыпты. Социалистік Еңбек Ерлері Әбдір Сағынтаев пен Сартай Есімхановтың, облыс журналистикасының ардагерлері Баттал Жаңабайұлы мен Арғынбай Бекбосынның, жазушы Кәрім Баялиевтің суреттері де – тарихтың алтын парағы іспетті. Дінмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсірепов, Фариза Оңғарсынова, Мұзафар Әлімбаевтың Жамбыл жеріне келген сәттерінен көріністер, Шәмші Қалдаяқовтың ерекше суреттері жиналған жұрттың қызығушылығын тудырды. Алтынбек Қоразбаев пен Мейрамбек Беспаевтың суреттерін қызықтағандар да аз болмады. Елбасымызға арналған бұрышта Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдары облысқа келген сапарынан әдемі суреттер топтастырылған. Тағы бір стендте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да өңірімізге жұмыс сапары көрініс тапқан. Келесі бір бөлімде облысымызды басқарған басшының суреттері қойылған. Асқар Исабекұлының 80 жылдық аясында жүзеге асырып жатқан бастамалары да көрнекті жерге орналастырылған.
Бүгінгі Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұқаш Ескендіров пен Сайранбай Дөненбаевтың да суреттері көрмеге сән берген. Осы фотокөрмедегі суреттерді кезінде «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің фототілшісі болған Орлик Ким, «Знамя труда» газетінде фототілші болған Тілеумағамбет Елемісов түсірген екен. Ол бүгінгі таңда архивтің алтын қазынасына айналып отыр. Іс-шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова, белгілі кәсіпкер Сәуле Рысбаева, ақын Үміт Битенова көпшілікпен бірге тамашалады.
Жиын соңында облыс әкімнің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова облыстық архив саласының жұмысына ризашылығын білдіріп, алдағы істеріне табыс тіледі.

Есет ДОСАЛЫ

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support