- Advertisement -

Ерлігі елге – ұран, ұрпаққа – үлгі

76

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген жамбылдық жауынгер ерлік көрсетіп, табандылық танытты. Олардың сегізі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ, түрлі жағдайлармен ол атағын ала алмады. Олардың қатарында кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақов, аға сержант Әбдірахман Каргулин, Ургалбай Умикеев және сержант Мұсабек Айтқұлов бар. Сұлтанбай Ысқақов 1915 жылы Жетісу губерниясына қарасты Пішпек уезінің №2 ауылында дүниеге келген. 1933 жылы Алматы облысының Шу ауданындағы Ворошиловка аталатын ауылындағы төрт жылдық мектепті тәмамдаған. 1933-1937 жылдар аралығында сол ауылда трактор айдап, трактористер бригадирі болады.
1937-1939 жылдары Қызыл әскер қатарында борышын өтеп, кейіннен Көктерек ауданы, Бірлік ауылында КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) учаскелік өкілі болады. Майдан даласына 1941 жылдың 23-ші маусымында Шу аудандық әскери комиссариатынан аттанады. Сөйтіп 417-ші атқыштар дивизиясы, 1372-ші атқыштар полкі, 3-ші атқыштар батальонында партия ұйымдастырушысы болып бекітіледі. Кеңес Одағының Батыры атағына 1944 жылдың 13-ші мамырында ұсынылады. Ал сол жылдың 9 маусымы күні «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Оның Қырым операциясы кезіндегі ерлік жолы турлы Ресейдің Қарулы күштер министрлігінде арнайы дерек сақталған екен. Онда: «1944 жылдың 8-ші сәуірінде 3-ші атқыштар батальоны әскери іс-қимыл барысында Сиваштан өтті. 9-шы сәуірде жаудың алғашқы легіне тойтарыс берді. Жау пулеметі мен минометінің соққысынан батальон тыншып қалды. Әсіресе 8-ші атқыштар ротасы тұсында қиын жағдай орын алды. 3-ші атқыштар батальонының партия ұйымдастырушысы Ысқақов мұндай жағдайды көріп, жау соққысына қарамастан жауынгерлер қатарына бет алды. «Отан үшін! Сталин үшін! Соңымнан ер!» деп ұрандатып, жауынгерлерді рухтандырып, артынан ілестіре білді. Қаймықпастан, жау шебін бұзып кіріп, Ысқақовтың бір өзі граната мен автоматпен 52 фашистің көзін құртса, 7 жауынгерін тұтқынға алды. 25 жауынгерден тұратын топты жеке өзі бастап, 2 сағатқа созылған қиян-кескі ұрыста жау шебін ашып берді.
1944 жылы Микензия аумағында кіші лейтенант Ысқақов, қасында үш жауынгері бар, жау тылын бұзу барысында жарақат алады. Алған жарақатына қарамастан, ол жау шебін бұзып кіріп, Кеңес әскеріне жол ашып берді. Ол – Кеңес Одағы Батыры атағына лайық» делінген.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ұсыныс хатында Сұлтанбай Ысқақовтың Верхне-Ясеновский хуторы маңындағы шайқаста жауған оқтың астынан жарақат алған жүргізушіні алмастырып, қару-жарақ тиелген көлікті межелі жеріне жеткізгені айтылған.
Батыр ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары Шу ауданының Ленин колхозында түрлі жұмыс істеп, 1976 жылы зейнетке шыққан.
Жұбайы Сара екеуі 2 ұл мен 5 қызды тәрбиелеп, өсірген. 2011 жылы Шу ауданы, Шоқпар ауылындағы көшелердің біріне батыр аты берілген.
* * *
Ұлы Отан соғысында жанқиярлықпен жауға қарсы тұрған, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, алайда сол батырлығына сай атағын ала алмай кеткен жанның бірі – сержант Мұсабек Айтқұлов. 1923 жылдың 8-ші шілдесінде Шу ауданының Ленин атындағы колхозында өмірге келген ол балалар үйінде тәрбиеленген. 1941 жылы өз еркімен майдан даласына аттанып, онда Украина майданының мотоатқыштар полкінің қатарына алынған.
1945 жылы екінші топтағы мүгедек болып майданнан оралған ол ерен ерлігі мен еңбегі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Богдан Хмелницкий» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыс өрті сейіліп, бейбіт күн туғанда Ленин колхозында есепші, ферма меңгерушісі болып еңбек еткен. Жұбайы Зейнеп екеуі он баланы дүниеге әкеліп, өсіріп-жетілдірген. Батыр Мұсабек Айтқұлов 1982 жылы дүниеден озды.

* * *
Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған тағы бір азамат – 1911 жылы дүниеге келген аға сержант Әбдірахман Каргулин. Ол майданға Жамбыл аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы аттанған. Калинин және екінші Прибалтикадағы майдан даласында жауға қарсы беттеген. 209-шы атқыштар дивизиясы, 710-шы атқыштар полкі, 210-шы атқыштар батальонының санитарлық нұсқаушысы болған. 1943 жылы Калинин майданында жарақат алады.
1944 жылғы 10-шы тамызда Каргулинді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған марапат қағазында 710-шы атқыштар полкінің командирі, подполковник Осипов былай жазады: «Қиян-кескі ұрыс кезінде рота командирін алмастырып, Латвияның Айвиексте өзеніне өтуді жеделдетті. Оның басшылығымен ротасы жау жатқан батыс жағалауға бірінші болып өтті. Сол айқаста Каргулиннің бір өзі 12 неміс жауынгері мен офицерінің көзін жойды. 1944 жылдың 10 шілдесі мен 5-ші тамызы аралығында майдан даласынан жарақат алған 54 жауынгер мен офицерді, ал 6-7-ші тамызда өзеннің батыс бөлігінен 21 жаралы жауынгерді алып шыққан. Жарақат алғандарды тасып жүріп Каргулин жолдас өзінің қатты шаршағанына қарамастан, өзенді алты рет тоқтамай кесіп өтті. Аға сержант Каргулин өзінің ерлік ісімен барлық құрамды батырлыққа үгіттеп, жігерлендірді. Медициналық қызметтің аға сержанты, жолдас Каргулинге Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсыныс білдіремін».
Өкінішке қарай, жерлесіміз тек қана «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Оның бейбіт күнде қандай қызметте болғаны, не жұмыс істегені белгісіз.

* * *
Қордай аудандық әскери комиссариатынан 1940 жылы-ақ әскер қатарына шақырылған Ургабай Умикеев жайлы өкінішке қарай еш ақпарат жоқ. Белгілісі, ол Украина майданында шайқасып, «Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

Айжан ӘУЕЛБЕКОВА,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support