- Advertisement -

Америкада оқып жүр талай қазақ баласы

170

- Advertisement -

Қазір шетелге шығу таңсық емес. Оның да өзіндік тәртіптері, талаптары болуы заңды. Әсіресе, АҚШ секілді алып мемлекетке баруға рұқсат алу қиындау ма деп қалдым.
Алла істің сәтін салып, қасыма жиен-немерем Санжарды алып, ұлым Жанат пен келінім Мақпалдың арнайы шақыруымен Америкаға барып, немерелерім Исмаил мен Саидты көріп, маңдайларынан сүйіп мауқымды басып қайтқан жайым бар. Жанат осы елде тұрып, жұмыс істеп жатыр. Әрі Гарвард университетінің магистранты.
Кешегі кеңестік жүйеде оқып-тәрбиеленген, өмір сүріп, жұмыс істеген біз «темір шілтердің» арғы жағынан Американы тек жағымсыз жақтарынан ғана білдік. Социалистік және капиталистік жүйенің басты алпауыттары – КСРО мен АҚШ арасындағы бітіспес идеологиялық саясат ол ел туралы озбыр образын ойымызға орнықтырып, санамызға сіңіріп, әбден жеккөрінішті етіп тастаған.
Ал бүгінде тәуелсіз еліміздегі түсінік басқа, талап бөлек. Өйткені қандай елде болса да өнеге алып, үлгі тұтар үрдіс, таңдай қағатындай жаңалықтар мен көңіл толарлық көріністер кездесетіні сөзсіз.

Америкадағы
айт намазы

Тамыздың 12-ші жұлдызы. Бүгін – бүкіл әлем мұсылмандары ерекше құрметпен, салтанатпен, қуанышпен тойлайтын қасиетті Құрбан айт мерекесі.
Бостонның сәулетті үйлерінің қоршауында, қаланың қақ ортасында орналасқан «Әс-Салам» мешіті исламдық сәулет өнері үлгісінде салынған. Аллаға мінәжат ету рәсімі мешітке қарсы орналасқан жабық спорт кешенінде өтті. Жанаттың айтуынша, Айт намазында мешітке адамдар сыймайтын сияқты.
Шындығында да намазға қатысушылар қарасы көп. Зал іші кең. Жарық. Алдыңғы бөлігінде ер кісілер, ортасынан жоғары қарай әйелдер орналасқан. Бәрін қосқанда мың жарым адам шамасында бар-ау. Зерделей қараған адам әлемнің барлық мұсылман елдерінің өкілдерін көруіне болады. Біразын бас киімдерінен таныдық. Сәлде орағандар көп. Бастарына тақияларын киген өзбек, тәжік, ұйғырларды да аңғарып қалдық. Бізді тақиямыздан танып сәлем берген бір-екі жігіт қырғыз туғандар екен.
Айт намазынан кейінгі асты қаланың орталық «Бостон-Коммон» саябағының көгалында отырып іштік. Түні бойғы тірліктен қолы босамаған Мақпал келінім таңертең ерте тұрып ас пісіріп жатқанын көріп: «Құрбан айт күні адамдар намазға ораза ашпай барушы еді ғой» деп ойлағанмын. Сөйтсем осы «отырыстың» қамы екен ғой.
Қасымызда ызадан пайда болған шағын көл жатыр. Көл бетінде қалқыған жабайы үйрек-қаздар. Адамдарға әбден үйреніп алған, үрку деген жоқ. Әсіресе, кішкентай балаларға үйірсек. Жергілікті халық «Бостонның үйректері» дейді екен бұл құстарды.
Қаз-үйректер ғана емес, мұнда тиіндер мен кептерлер де көп екен. Балалар оларды ұстап алғысы келіп соңдарынан жүгіріп әуре. Ал тиіндер өздеріне қол созым жақындап барған бүлдіршіндерге «келсең, кел, танысайық» дегендей қасқайып қарсы жүрсе, олар ата-аналарына қарай құлдыраңдап қашып бара жатқаны. Адам мен табиғат жарастығы.
Елде дін бостандығы бар. Кембриджде мұсылманның екі ұлық мерекесі – Ораза және Құрбан айттар 2011 жылдан бері ерекше тойланып келеді екен. Сол кездегі қала мэрі Айт мерекесін атап өтуге рұқсат етіп, бұл күнді демалыс етіп жариялаған. Ораза күндері арнайы ауызашар да беріпті. Оны Мақпал айтты. Ал, Жанат қайсыбір жылда сенатор Элизабет Уоррен (Elizabett Warren) Айтта мұсылмандарды құттықтап сөз сөйлегенін жеткізді.

Ұлыларды ұлықтау – парыз

Бостон – Америкадағы тарихи көне қалалардың бірі. Шаһардағы көптеген үйлердің екі жарым ғасырдай болғандары да бар. Біз серуендеген саябақтың бір жерінде «1837 жылы ашылған» деген тақтайшаны көзім шалып қалды. Саябақтың батыс жақ кіреберісінде елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның атқа мінген ескерткіші тұр.
Сол маңайдағы Гарвард университетіне барар жолдағы шағын саябақтан елдің тағы бір перзенті Авраам Линкольннің түрегеп тұрған ескерткішін көрдік. Бұл мемлекет басшысы өз билігі тұсында елдегі нәсілшілдік теңсіздікті жойып, осында «қара құрлықтан» құлдыққа әкелінген афро-американдықтарға тең құқықтылық беру жөнінде заңға қол қойған екен. Анығы, құл иеленушілік жүйені жойған. Сірә, демократия дегеніңіз осындай-ақ болар!
АҚШ өз азаматтарын ешқандай қиыншылықта қалдырмайтынына бір дәлел, менің сол елде 2015 жылы 27 тамызда дүниеге келген немерем Болат Исмаил Жанатұлының азаматтығы – американдық. Балалар жағдайға байланысты 3 ай ішінде Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас өкілдігінен тууы туралы куәлік алып үлгермегендіктен, нәрестеге автоматты түрде төлқұжат беріліп, азаматтығы американдық болып жазылып кеткен.
Сол Исмаилымыз бір жасқа толмай жатып-ақ, 2016 жылдың жазында, Қазақстанға келгенінде АҚШ-тың Алматыдағы өкілдігі «өз азаматтарының» қайда, қанша уақытқа келгені, қайда тоқтағаны, ол отбасы оның уақытша болса да тұруына лайықты ма деген сауалдардың астында қалғанбыз. Американдықтардың өз азаматтарының тағдырына бейжай қарамайтынына сонда көзім жеткен.
Америкаға сапар Бостонға тап келгеніне ризамын. Себебі осы шаһар арқылы елдің тарихына да, саяси, әлеуметтік-мәдени жағдайларға да қанығуға болады.
Ағылшын отаршылдары, еуропалықтар, ішінде ирандықтар, француздар, итальяндықтар, испандықтар, португалдар, тағы басқалар да бар, Солтүстік Америка құрлығының шығыс аймағына келіп орналасқанда алғашқы қоныстанған жерлердің бірі. Құрлықтың негізгі тұрғындары «қызылтерілілер» атанып кеткен үндістерді басқыншылықпен атақоныстарынан ығыстырғанда талай тарихи оқиғалар осында өткен. Сондықтан Бостонды Америка тарихының бір парағы деп те қарауға болады.
Бостонның негізі 1630 жылы қаланған. Араға жылдар салып мұнда Америкадағы бірінші ағылшын тілді мектептер мен бірінші колледж (Гарвард) ашылған. XVIII ғасырдың ортасына дейін Бостон Британдық Американың ең ірі қаласы болған, бірақ 1760 жылдардың басында бұл мәртебе Нью-Йорктың еншісіне көшіпті.
Бостон қазір Массачусетс штаты мен Саффолк округінің әкімшілік орталығы. Тұрғындар саны аумағындағы Кембридж, Бруклейн, Куинси, Чарлстон және тағы басқа шағын қалашықтар мен қала маңы елді мекендерін қосқанда 5,8 миллион адамнан астам. Қала экономикасында білімнің үлесі көп. Олардың қатарында (әлемге әйгілі Гарвард университетін, Массачусетс технологиялық институтын, Бостон университеті мен Бостон колледжін қосқанда) жүзден астам университеттер мен колледждер бар. Жыл сайын Бостонға 250 мыңнан астам бірінші курс студенттері келеді.
Балам өндірістен қол үзбей магистратурасында оқып жатқан Гарвард университеті туралы айтпасам тағы болмас.
Гарвард – АҚШ-тағы және әлемдегі танымал әрі көне университеттердің бірі. Бостон қалалық агломерациясы құрамына кіретін Кембридж қаласында орналасқан. Оқу орнының негізі 1636 жылы 8 қыркүйекте қаланыпты. Ағылшын миссионері және филантроп Джон Гарвардтың (1607-1638 ж.ж.) есімін алған. Ол ақсүйек тұқымынан. Небәрі 31 жыл ғұмыр кешкен азамат білім мен мәдениеттің дамуына зор қамқорлық көрсетіп, демеушілік жасаған екен. Білімгерлеріне алғаш шәкіртақы тағайындаған да осы оқу орны.

Білімдінің қолында –
алтын шырақ

Жанат өзі оқып жатқан Гарвард университетіне сүйрей жөнелген бір күні.
– Ойбай-ау, онда бізді кіргізе қояр ма екен? Оның үстіне бала-шағамен улап-шулап, – деп тартыншақтағанымызға қоятын емес.
– Әке, балаңыз оқып жатқан білім ордасын көріп-білмеген соң бола ма! – деп Жанат тек Америкада ғана емес, әлемде алдыңғы қатарлы ЖОО санатындағы Гарвард университетін аралауға көндірген.
Жанаттың уәжіне келісіп, оқу орнының екі кітапханасын аралап көрдік. Университет аумағындағы оның негізін қалаушы әрі оқу орнына аты берілген Джон Гарвардтың ескерткіші қасында суретке түстік. «Гарвардтың аяқ киімінің ақ тұмсығын ұстап тұрып суретке түскендерге Алла осында оқуды нәсіп етеді және армандары орындалады» деген ырым бар екен, Санжар да, Жанат та солай суретке түсті. Мейлі ырым болса да: «Құдай ниеттеріңді қабыл етсін!» – деп тіледім ішімнен.
Біз аралап көрген кітапхананың екеуі де әлемдік деңгейдегі әдеби және ғылыми-техникалық әдебиеттерге сықап тұр. Оқу залдарын көрсеңіз ғой, жайлы, жарық, әр үстелге шам қойылған.
Жанаттың «мен осы жерде отырып дайындалғанды жақсы көремін» деген үстеліне отырып та көрдік. Терезеден, университеттің бас ғимараты болуы керек, биік те әсем ақшыл ғимарат асқақтай көзге шалынады. Кісінің білім әлеміне деген талпынысына қанат бітіріп, шабытына шабыт қосқандай. «Осында алған біліміңмен биіктерге самғап, еңбегіңнің игілігін еліңе арна! Барлық істерде жолың ашылып, алдың жарық болып, бағың жана берсін, Жанатжан!». Баламның «меншікті» орнына отырып осылай тіледім Алладан.
Бірінші аралағанымыз оқу мерзімі кезінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана екен. Біз барған кез каникул уақыты болғандықтан оқырмандар аздау.
Кіреберісіндегі үлкен бөлменің қасбетіне Джон Гарвардтың үлкен портреті ілінген кітапхананы «академиялық бас кітапхана осы-ау» деп топшыладым. Бұл тарихы, кітап қоры, бәрі-бәрі жағынан Америкада үшінші орындағы кітапхана екен. Гарвард суретінің төменгі жағында жұмыс үстелі. Үстінде пайдаланылған жазу, сызу, оқу құралдары. Қабырғалары сірескен кітап сөрелері. Кітаптар сәнге қойылмаған-ау шамасы, сөрелер қасына жылжымалы сатылар қойылған. Соларға шығып, қалаған кітабыңызды алып оқуға болатын сияқты.
Небәрі 31 жас (1607-1638 ж.ж.) ғұмыр кешкен ағылшын ақсүйегінің осынау аз ғана уақытта артына осындай ұлы іс қалдырғанына еріксіз риза боласың. Қазір Гарвард университетінің жалпы қоры 37,1 миллиард долларды құрайтын ең үлкен эндаументі (мақсатты капиталы) бар. Гарвард университетін бітірушілер – елдегі миллиардерлер саны жөнінен бірінші орында. Сондықтан болар, мұндағы оқу ғимараттары, лабораториялар, кітапханалар, мұражайлар мен жатақханалардың басым көпшілігі осы университетті бітірушілердің демеушілігімен салынған.
Осы орайда, біздің елімізде де көптеген жерлерде мектеп бітірушілер өздері оқыған білім ордаларына шама-шарықтарына қарай сый-сияпат жасап жатқандары жайындағы жағымды жаңалықтарды естіп қуанып жатамыз. Ол сый-сияпаттар әртүрлі сипатта. Жақсы іске жан сүйсінеді.
Америка Құрама Штаттарының 236 жылдық тарихында (1783 жылдан 2019 жылды қоса есептегенде) басқарған 45 президенттің сегізі – Гарвард университетінің түлектері. Олар – Джон Адамс, Джон Куинси Адамс, Резерфорд Хейс, Теодор Рузвельт, Франклин Рузвельт, Джон Кеннеди, Джордж Буш (кішісі) және Барак Обама. Әр президент ел тарихында өзіндік рөл атқарғаны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, қатарынан төрт мәрте сайланған Фр.Рузвельт, демократ Дж.Кеннеди және қара нәсіл өкілі Барак Обама туралы ел пікірі ерекше.
Гарвард университеті тарихында оны бітіргендер, сонда жұмыс істеген оқытушылары және қызмет атқарғандар санатынан жалпы 75 адам Нобель сыйлығының иегері атанған.
Сүйсінгенім – әлемге әйгілі оқу орны дүниежүзінде ғылыми-техникалық прогрестің дамуына өзіндік үлесін қосып, жастарға білімнің алтын шырағын жағуда. Гарвард университетінде қазақ жастары да білім алып, мамандық игеріп, ұлт мерейін өсіріп жатқаны біз үшін мәртебе, қуаныш, әрі-беріден соң мақтаныш та! Осында докторантураны тәмамдап, Қазақстандағы іргелі оқу орны – С.Демирель атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректорлығы қызметіне кетіп бара жатқан қазақ жігіті Қуаныш Ералиев сондай мақтануға тұратын азаматтың бірі. Лайым қазақта сондай талапты, білімді, білікті жастар көбейе берсін!
Бостондағы Массачусетс технологиялық институты да әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарының санатында. Іргетасы 1861 жылы Бостонда қаланған бұл институт 1917 жылы Кембриджге көшкен екен. Бір жарым ғасырлық тарихы бар институт туралы осы оқу орны физика факультетінің докторанты, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Батыр Ілияс әңгімелеп берді. Осында кездесіп сәлемдескен геофизика факультетінің магистранты Әнуар Тоғайбеков Жамбыл облысы Меркі ауданы Аспара ауылынан шыққан екен.
Батыр бізге институттың өзі оқитын әрі ғылыми жұмыс жүргізіп жатқан ғимаратын аралатып көрсетті. Сыртынан шыны қабырға арқылы ғана тамашалаған лабораторияларының өзін кішігірім өндіріс орны деп қалғандай. Институтта соңғы екі жыл көлемінде физика саласы бойынша 2 адам Нобель сыйлығының иегері атанғанын Батырдан естідік.

Бүлдіршіндерді кітапхана төрінде тәрбиелеу

Тәуелсіз Қазақстан Америка Құрама Штаттарынан 208 жасқа «кіші» екен. Тіпті, салыстыруға келмейді. Айырмашылығы – жер мен көктей. «Екі жарым ғасырлық тарихы бар елге айналдырған 28 жылда жете қоймадық» деп өз жетістіктерімізді қомсынып отырғанымыз орынсыз. Ауызды қу шөппен сүрте берген жарамас, Құдайға шүкір, дамудың даңғыл жолына түскен тәуелсіз Қазақстанда қай жағынан алсақ та ауыз толтыра айтатындай жетістіктер бар. Бола беретініне де сенім зор. Тек «жақсыдан үйренгеннің зияны жоқ» деген жақсы ниет қой біздікі.
Бізді бала-шағамызбен машинасына толтырып алған Мақпал келінім Кембридждің орталық кітапханасына алып барған. Кітапхана екі ғимаратқа орналасқан екен.
Кітапхананың Мақпал көрсеткен көне ғимараты қызыл кірпіштен салынған. Кемінде 1,5 ғасыр тарихы бар жәдігер. Дегенмен сүйегі мықты, сапасы жоғары екені көрініп тұр. Сырт көрінісі жақсы.
Жаңаның аты – жаңа. Кітапхананың екінші бөлігінің іші жарық, кең. Адамдар емін-еркін аралап жүретіндей етіп қойылған кітап сөрелері әсемдігімен көз тартады. Біз, Санжар, Исмаил, Саид және балалардың достары Берт пен Адамс бар, Мақпалдың бастауымен екінші қабатқа көтерілдік. Мекеменің балаларға арналған бөліміндеміз.
Залдың үштен бірін алып жатқан бөлігіне кілем төселіп тасталған. Кілем үстінде ойыншықтар шашылып жатыр. Парақтары қалың суретті кітапшалар жеткілікті мөлшерде. Бәрі де әріп тануға, санамаққа, сөйлем құрауға лайықталып шығарылған. Балалар жыртып тастамас үшін әр беті қалың картонға желімделіп қойылған.
Ата-аналар кішкентай, әріп танымайтын балаларына суретті кітапшалардың беттерін ашып көрсетіп, олардағы суреттердің мазмұнына қарай әңгімелеп береді. Үлкендерді ұйып тыңдай отырып, суреттерді сипап көретін бүлдіршіндер бірдеңе түсінгендей бастарын изеп қоятынын қайтерсің. Әрине, ата-аналары «мынау не, не істеп жатыр?» деген мағынада әңгімелейді ғой. 4-5 жастағы хат танып қалғандары шашылып жатқан әріптерден өздерінше сөз, сөйлем құрастырып әуре.
Осының бәрін қызықтап, өз балаларымызға суретті кітапшаларды көрсетіп, оқытып отырғанымызда шұғыл хабар жетті. Арнайы залда «Кел, бірге ән салайық!» ойыны өткелі жатыр екен. Оған билетпен кіреді екен. Мақпал «қап, билет алып үлгермегеніміз-ай» деп өкініш білдірген. Сөйткенше болған жоқ, ұйымдастырушылар біздің де кіруімізге рұқсат бергені.
Ойын жүргізуші екі кісі, 20-25 жас аралығындағы екі әйел, бірден балаларды үйіріп әкетті. Олар ең бірінші әуенмен әрі қимылмен көрсетіп ағылшын, қытай, неміс, тағы басқа тілдерде таңғы сәлемдесу рәсімін жасаған. Балалар да, ата-аналар да шуылдап қосылып жатыр. Нағыз капелла! Осы жерде Мақпалдың бастамасымен орыстың «Доброе утросы» да айтылып қалды. Құрғыр, әбден санамызға сіңіп қалған ғой, орысша таңғы сәлемдесу құлағымызға жағымдылау естілгенін несіне жасырайын.
Ойын жүргізушілер сәлемдесуден кейін банан аршу, кесу, жеу, қолын иіп жасаған шәйнектен шай құйып беру, үйрекше ғақылдап жүру, тағы сондай екі-үш іс-әрекетті әуендете, сөзбен және іс-қимылмен көрсетіп, балалардың көңіл-күйлерін көтеріп тастады. Бала емес пе, бірде жамырай қосылып шулап, бірде басыла қалады. Бөлме ішінде емін-еркін ерсілі-қарсылы шауып, жүгіріп жүр кейбіреулері. Біздің Исмаил мен Бертик те қосылып кеткен. Ешкім ерекше ескерту жасап жатқан жоқ. Олардың ой-санасын орынды басқарып, ерік-күштерін елітіп, еріксіз еліктіріп алған ойын жүргізушілері бейнебір сиқыршы дерсің. Бала біткеннің назары да, пейілдері де соларда. Балалар ғана емес, біз өзіміз де әнге қосылып, қимыл-әрекеттеріне сай қолымызды ербеңдетіп, еріксіз еріп кеткенімізді аңғармай қалғандаймыз.
Мынадай жағдайда бала білімге, өнерге оңай бейімделіп кететіні сөзсіз. Балаларға бұлай көңіл бөлінуіне, жасалып жатқан қамқорлыққа қалай риза болмассың!
Бостонда 1868 жылы ашылған Бейкер Едди ханым (MARY BAKER EDDY) атындағы кітапханада болдық. Глобус үлгісінде жасалған жер шарының картасын ішінде жүріп араладық. Ішінде КСРО құрамындағы біздің Қазақстан да бар. Фойеде рок әуенмен қара құрлықтағы бір ұлттың биін үйрету үлгісінде баяу және қимылдарын қайталау үлгісінде көрсеткен. Оған кейбір сәттерде балалар да қосылып билеп жатты.
Бір залда балалар пластилинмен әртүрлі мүсіндер, жапсырма қағаздардан қиып әртүрлі үлгідегі ойыншықтар жасайтын үстелдер қойылған. Шебер қолдар мектебі деуге лайық. Балалардың өзінше ойлау қабілетін арттыруға арналған құрастырмалы суретті кітапшалар, қуыршақтар көп екен.
Енді бір саябақта батпырауық ұшырғанбыз. Балалардың ойын алаңы, жер бетінен атқылап жатқан субұрқақ бар екен. Сол жерде балаларға тегін тамақ берді, саябаққа демалуға келгендері үшін. (Біз де ауыз тидік). «Жиі келіп тұрыңдар!» деп шақырып жатыр тағы да. Бала қуанышы үшін барын аямайтынына бұдан артық қандай дәлел керек!

Бірлік туын биік ұстап…

Америкаға ілім-білім, өнер іздеп келген қазақ жастары көп екенін айтқанбыз. Соның дәлеліндей, Құрбан айт күні кешке қарай ұлым Жанат пен келінім Мақпал өздері тұрып жатқан коттедж-үйдің ауласындағы алаңда арнайы дастархан жайған.
Аула шетіне орнатылған бір құрылғыда Жәкең (ұлымды сондағы достарының бәрі де құрметтеп, қошеметтеп солай атайды екен. Жасыратыны жоқ, көңіл марқайып қалды) кәуап қақтап жатыр. Біздегідей мангал сияқты астауша темір емес, жабық құрылғы. Электр көзіне қосылған. Үйдің фойесі деп айтуға лайық үлкен бөлме асханаға айналып кеткен.
Маған ұнағаны – ұйымшылдықтары. Қазақта «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» деп осындай ұйымшылдықты айтқан ғой. Жігіттер өзара бөлек отыр. Әңгімелерінің арасына әзіл қыстырып жайраңдап күліп қояды. Бүлдіршіндер анау әртүрлі ойыншықтармен ойнап жүрген. Олар да мәз. Кейде ойыншыққа таласып қалады. Ондайда аналары араша түсіп, жарастырып жатқаны. Сәби көңіл таңғы шықтай таза ғой, сәлден кейін бірге ойнап жүреді. Сырт көз – сыншы. Мен осынау бір керемет жарастық пен татулықты сырттай тамашалай отырып бір сәт олардың тілдесулеріне назар аударғанмын. Ер-азаматтар да, қыз-келіншектер де өзара қазақша сөйлесіп отыр. Тіпті, кішкентай бүлдіршіндер де қазақша шүлдірлейді. Кеудемді қуаныш сезімі кернеп, көңілім көкке көтеріліп, жүрегім ризашылықпен дүрсілдеп жатты.
– Бұл дастархан екі мәселеге орай жайылып отыр, – деді америкалық дос, сыйлас қазақ жастары Жәкең деп атап кеткен Жанат балам. – Біріншіден, исі мұсылманның ұлық мерекесі Құрбан айттың, екіншіден, елге қайтқалы отырған Қуаныш ағамыздың құрметіне. Сондықтан ішіп-жеп отырыңыздар.
Ақ жол, сәт-сапар тілеп жатқан Қуанышымыз кім? Сол туралы бір ауыз. Қуаныш Ералиев – Гарвард университетінің докторантурасын тәмамдап, елге қайтып бара жатқан азамат. Және бірден аса жауапты қызметтің орынтағына отырғалы бара жатыр. Ол Қазақстандағы іргелі оқу орны, С.Демирель атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректорлығы қызметіне тағайындалыпты. «Өзге елде сұлтан болғаннан гөрі өз елінде ұлтан болуды» қалаған нағыз азамат. Әйтпесе, әлемдегі әйгілі оқу орнын ғылым докторы дәрежесінде бітіріп отырған білікті маманға қайда да болса қызмет дайын. Ал Қуаныштың таңдауы туған жер, туған елге қызмет ету болып отыр.
Ол Тараз қаласы тұрғындарына күйеу бала болып шықты. Кімнің дейсіз ғой? Бүкіл Жамбыл жұртшылығының мақтанышы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықова апамыздың. Қуаныштың жары Әйгерім – Нұрсифат апамыздың немересі, ол кісінің биыл көктемде дүниеден озған ұлы Мақсаттың қызы. Әкесі жігіттің маңғазы, төресі еді ғой. Өзіміздің Жамбыл теледидарында қызмет істеген әріптесіміз. Оның әкесі – Мақсұт Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі еді. Мақсұт ағамыз да, Нұрсифат апамыз да бар саналы ғұмырларын Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өткізген нағыз өнер саңлақтары. Осындай текті әулеттен шыққан Әйгерім де жоғары білімді маман.
Қуаныш өздері тұрған, оқыған Бостонның аумағындағы қазақ жастарының басын қосып «Мирас» атты қоғамдық бірлестік құрған екен. Ұйымның басты мақсаты – сонда ЖОО-да оқып жатқан жастардың ынтымағын жарастыру. Солай жасап та жатыр. Олар ұлттық сипатта түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бірге өткізеді. Сонсоң Америкаға білім алуға барған жастарды қанаттарының астына алып, оларға ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетіп, қолдан келгенінше көмектесуді негізгі міндеттері санайды. Нағыз құптарлық іс.
Осы дастарханда Жанат пен Мақпалдың жақсы араласатын, қоян-қолтық қарым-қатынастағы қазақстандық достары Ербол-Гүлсім, Әбдімәлік-Әйгерім, Расул-Мерейлім, тағы бір Әйгерім және Ақмаралмен таныстым. Бәрі де Америкаға білім қуып барғандар. Мен оларға тілектестігімді білдіріп, батамды бердім.
Ал, осында бізбен дәмдес-тұздас болған Мәдияр мен Айжан Астанадан қыдырып келіп жатыр екен. Айжан – Әйгерімнің сіңлісі. Жаңағы айтқан өзіміздің Нұрсифат апамыздың немересі, әріптесіміз марқұм Мақсұттың қызы.
Осы дастарханда және одан кейінгі басқосуларда мен Американың өзім болған Бостон, оған қанаттас Кембридж, Бруклайн, Чарлстон қалаларындағы қазақ жастарының өзара тығыз қарым-қатынаста екенін көріп, қазақи қасиеттерін жоғалтпағандарына риза болдым.
Осы сапар Таңатар мен Динараның қыздары Айлинді қырқынан шығару, Ербол мен Гүлсімнің ұлдары Айсұлтанның, өзімнің немерем Исмаилдың туған күндерін бірге тойлау бақытына ие болдым. Бұл рәсімдер кезінде Таңатардың Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы барған ата-анасы Мүтәліп пен Гүлсіммен танысып, қуанышты бірге бөлістік. Іс-шаралар қазақы қалыпта, өте қызықты өтті.

Нью-Йорк нақыштары

«Америкаға барып тұрып Нью-Йоркті көрмесең, онда АҚШ-та болдым демей-ақ қой» деген әзіл бар екен туристер арасында.
Тамыздың 24-ші жұлдызында ерте тұрып Нью-Йоркке аттандық. Астымызда Жанаттың жеңіл автомашинасы. Рөлде өзі.
Бостон мен Нью-Йорктің арасы – 4 сағаттық жол. 400 шақырым шамасында бар. Жолдың сапасы өте жоғары. Екі жақты жолдың әр жағында үш жолақтан. Көлік ағыны тығыз. Біздің қала ішіндегідей ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Қозғалыс тоқтаусыз. Қалада да, қалааралық жолда да кептеліс жоқ.
Қалалар арасындағы үш жолақты жолдар – ақылы, екіжолақтысы – тегін. Айырмашылығы жоқ, екеуі де тақтайдай тегіс. Нью-Йоркке жеткенше бір ашық алаңқай көрмейсің. Жолдың қос қапталын қалың ағаш көмкеріп тұр. Қозғалыста еш тоқтау жоқ. Өйткені жолай асты-үстімізден айқыш-ұйқыш өтіп жатқан жиырмадан астам өтпелі жолдар көрдім. Жолай бекеттер мен май құю стансалары көп. Қызмет көрсету мәдениеті жоғары.
Америкалықтарға тән бір ерекшелік – адамдары шетінен жылыжүзді. Күлімдеп сәлемдесіп, күлімдеп қоштасады.
Нью-Йорктің екі сипаттамасы бар екен: ұйықтамайтын қала, алма пішіндес қала. Ал «иммигранттар мен туристер қаласы» деген үшінші сипаттамасын балам Жанат қосып қойды.
Округ орталығы саналатын Манхэттенде аспанмен астасқан, зеңгір көкпен таласқан үйлер көп-ақ. Арасында жүргендер күннің көзін көрмейді. Сауда орындары көп. Көшелерде ығы-жығы халық. Автожол, веложол, жаяужол бөлек-бөлек. Бәрібір кептеліс деген жоқ. Көшелер де, дүкен, кафе, салон секілді қызмет көрсету нысандарының іші де таза.
Нью-Йоркіңіз сиырдың бүйрегіндей болып аралшық-аралшықта жатыр. Бірақ көлікпен аралауға еш кедергі жоқ. Қаласаңыз кемемен аралаңыз. Туристерге арналған автобустар сіздің қызметіңізге дайын. Қалтасы қалыңдар қалаған жерлерін тікұшақ-таксимен, моторлы қайық-таксимен аралай алады. Қала ішінде такси-машиналар мен велотаксилер «маған мін» деп жалаңдап тұр. Нью-Йорктің адам бір күн аралап тауыса алмайтын саябағында, зообақты қосқанда, қала қонақтарын аралатып серуендетуге күймелі арбалар таптырмас көлік. Аттары біздегі сығандардың аттарындай кекілінен құйрыққылына дейін әлем-жәлем безендірілген. Ал арбаларын нағыз қыз Жібектің күймесі дерсің! Ашығы да, жабығы да бар. Бұл көліктерге үнділіктер мен араб нәсілділер мінуге құмар ма деп қалдым.
Біз Нью-Йоркті кемемен аралағанды жөн санадық. Кемеде барлық сақтандыру шаралары қарастырылған. Манхэттенді айнала жүзіп жүріп сыртын тамашалағанда өте сұлу көрінеді екен. Әсіресе бірімен-бірі жарыса салынған төбесі зеңгір көкті тіреген, аспанмен астасқан үйлері. Бір ерекшелігі олардан бір-бірлеріне ұқсастық көрмейсің. Дизайндары әртүрлі. Бұл, енді, сәулет өнерінің керемет жетістігі. Таңғалмасқа шараң жоқ.
Нью-Йоркте туристердің қызыға тамашалайтыны, көріп қалуға тырысатыны – Азаттық статуясы. Шағын аралшықтағы скульптураның бұл керемет туындысын кемемен ары да, бері де өтіп тамашаладық. Қазақша айтқанда, көрген де арманда, көрмеген де арманда Азаттық статуясы – американдықтардың мақтанышы. Олар үшін осы статуя мемлекет символындай. Осы бір жерде біздің де, қазақтардың да, мақтанатын жөні бар екен. Американдықтарға сондағы француз төңкерісшілері тарту еткен ескерткіш біздің Қазақстанның, Жезқазғанның мысынан құйылған екен деген сөз бар.
Мұнда қыдырып келгендерді қызықтыру үшін айтылатын міндеттеме сынды мәтелсымақтар көп-ақ. «Нью-Йоркке келіп тұрып Таймс склярді көрмесең, онда Америкада болдым демей-ақ қой» дейді соның бірі. Сонсоң «амалсыз» көрдік. Шындығында да кісі таңғалатындай бар. Әртүрлі жарқ-жұрқ жарнамалардан көз тұнғандай. Бір шетте ашық кинотеатр. Небір көркемсуретті фильмдер көрсетіліп жатыр. Таңнан кешке дейін тамашалаймын десең де өз еркің. Театрландырылған сахналық көріністер қанша қызықтырғанымен тамашалап отыруға уақыт жоқ. Балалардың бар зейіні мен ынта-ықыласын баурап алатын сайқымазақтардан аяқ алып жүргісіз. Азаттық статуясы, көптеген танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері бейнесіндегі әртістермен ескерткішке суретке түсуге болады. Отырып газет-журнал, кітап оқитын үстелдер қойылған. Бәрі де қызық, тамаша! Бір көруге болады. Еш өкінбейсің.
Нью-Йоркте әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері, Қазақстанның АҚШ-тағы Бас өкілдігі орналасқан. Оларды сыртынан көріп өттік. Бәрібір ішін аралап көруге мүмкіндік жоқ. Ал, Уолт-стриттегі Бүкіләлемдік сауда биржасының жөні бөлек. Сондағы табыстың символы «Бұқаның» ескерткіші жанында тұрып суретке түсу дәстүрге айналған. Ол «бизнесмендерді табысқа кенелтеді екен» деген ырым бар.
Кеме үстіндегі бір жарым сағаттық серуен кезінде таныстырушы-жолбастаушы (гид) «Манхэттенге миллиардтар сауда биржасы мен мына Сіздерден (туристер) түсіп жатыр» деген. Бұл әзілдің негізінде шындық бар.

Бостондағы этноауыл

Нью-Йоркте де, Бостонда да аралап көретін тарихи орындар көп. Қайсыбірін айтайын. Дегенмен жезқазғандық таныстар Мүтәліп пен Гүлсімді немерелері Исмаилмен бірге ерте барып аралап қайтқан этноауыл нағыз тарихи ескерткіштің көкесі деп бағалауға лайық.
Американдықтардың ұқыптылығы әрі тарихқа құрметі ғой, ХІХ ғасырдағы бүтін бір ауыл сол күйінде сақталған. Онда сол кезде салынған үйлер мен әлеуметтік нысандар нағыз көненің көзіндей.
Алдымен ауылға кіреберістегі шаруаның үйіне соғасың. Шамасы үш-төрт бөлмеден тұратын үйде ас бөлмесі, жатынжай, шағын ғана қонақ бөлмесі бар. Тұтыну заттары жұпыны. Ас бөлмесіндегі ыдыс-аяғы да қарапайым. Ауласында отын сақтайтын орын, құдығы бар. Сәл әріректе қойлар жайылып жүр. Оң жақта ауыл тұрғындары жиындар мен әртүрлі іс-шаралар өткізуге арналған сарай. Одан әріректе ғибадатхана. Шіркеудің сол қабырғасына крест ілінген. Бұл ғимарат мінәжат етуге және жоғары дәрежелі жиындар өткізуге арналған. Онда орындықтар ауыл тұрғындарының атақ-дәрежесіне қарай отыруға лайықталыпты. Таныстырушы мұнда сайлау, егер даулы мәселе туындай қалса, сот отырысы да өткізілетінін айтты.
Ауылдағы ең еңселі ғимараттың қарсысындағы кең алаңқайдың сол жағын ала бөлмелері кең, асханасы аумақты, шөп қорасы, шаруаның айыр-тырма, кетпен-күрек, қолара, соқа, тағы басқа еңбек құралдары қойылған қойма-қорасы бар үй тұр. Құрал-саймандардың барлығы дерлік ағаштан жасалған. Тек өгіз соқаның тісі темірмен қапталыпты. Қасында түгелімен темірден жасалған бір тісті соқа тұр. Сірә, жетілген нұсқасы болса керек. Біз айтқан аумақты асхана ішіндегі пеште нан жабылып жатыр. Бір шетте кәдімгі күбі мен сүттен май айыратын құрылғы. Пеште кәдімгі жұқпанан (блины), әртүрлі тоқаштар пісіріліп жатыр. Тәбетіңіз шапса, ақшаңызға алып жеуіңізге болады. Бұл орта шаруаның үйі болса керек, тұратын бөлмелері жұпыныдан жоғарылау.
Айналадағы көріністердің шынайылығы сондай, осыдан екі ғасырдай бұрынғы американ ауылын аралап жүргендей боласыз.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Тараз–Алматы–Франкфурт–Бостон–
Нью-Йорк–Бостон–Франкфурт–Алматы–Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support