- Advertisement -

Бірлік берекеге бастайды

23

- Advertisement -

Жамбыл жері – 87 этнос пен этникалық топ өкілінің құтты қонысы. Жалпы өңірде 1 125 442 тұрғын бар. Соның 72 пайызын қазақ ұлты құраса, қалғаны – басқа этностар. Тілі басқа, тілегі бір жамбылдықтарды ортақ мақсат төңірегінде ұйыстырып отырған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке негіз болған Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы десек, артық айтқандық емес.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, аталған хатшылықтың меңгерушісі Маржан Қожаеваның айтуынша, биыл этномәдени бірлестіктердің қоғамдық аккредитациясы өткізіліп, 34 республикалық филиал, облыс және аудан этномәдени бірлестіктері Ассамблея тізіміне ұсынылған екен. Осының өзі түрлі этнос өкілдерінің бірлескен жұмысын көрсетсе керек. Консультативтік-кеңесші орган әсіресе соңғы үш жылда қайырымдылық пен медиацияны мықтап қолға алған. Мәселен Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шараларында жетпіс мыңдай адамға көмек көрсетіліпті. Түрік, күрді, дүнген, өзбек, ұйғыр, орыс, шешен, поляк, грек этномәдени бірлестіктері мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері Арыс қаласында зардап шеккендерге қолұшын берген. Нәтижесінде Ассамблея мүшелері М.Давришев пен Ю.Минаков «Жомарт» төсбелгісімен марапатталыпты.
Қоғамдық келісімді нығайтуға Ассамблея жанында жұмыс істей бастаған медиация кабинеттерінің де қосып отырған үлесі мол. Өңірде осындай екі кабинет ашылған. Олар «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Меркі ауданының «Достық» үйінде орналасқан. Сондай-ақ тәжірибелік және медиативтік көмек көрсетіп, түсіндірме жүргізетін 40 медиация алаңы бар екен. Бүгінде «Отбасы және медиация», «Кедергіге жол жоқ» әлеуметтік жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар алпыс шақты адамнан құралған мониторинг тобы 401 объектіні зерделеп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар берген. Жалпы атқарылған жұмыстар негізінен Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттер.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Жаңғырған ауыл» жобасы бойынша Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында қоғамдық келісім кеңесі мүшелері кәсіптік білім алушы жастармен кездескенін айтқан еді. Ал Қордай, Меркі, Шу аудандарында кеңестің үш көшпелі отырысы өткізіліпті. Сондай-ақ үздік жетістіктерге жеткен шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарға аграрлық туризм ұйымдастырылған көрінеді.
Қоғамдық келісім кеңестері түйінді мәселелерді шешуге де атсалысып келеді. Мәселен ауыл тұрғындар мен өткізген кездесулерде ауызсумен және елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, жол, шаруа қожалықтарына жер телімін беру сияқты жайттарды қараған. «Нәтижесінде 319 өтініш шешімін тапты» дейді кеңес мүшелері.
Ассамблея өкілдері Жоғарғы Соттың «Жанұялық сот» пилоттық жобасы шеңберінде ажырасуға келген 28 жұптың мәселесін шешуге де атсалысыпты. Сөйтіп жыл басынан бері 14 отбасы шаңырағын сақтап қалған. Сондай-ақ көп балалы аналар арасында әлеуметтік жәрдемақы төлеудің жаңа тәртібін түсіндіру бойынша алты көшпелі отырыс өткізіпті. Ал «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» жастар лигасы және этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері биыл да қайырымдылық акциясын өткізіп, 31 литр қан тапсырған. Бұған қоса, облыс, республика көлемінде тіпті Өзбекстанға да экскурсиялар ұйымдастырылған.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support