- Advertisement -

Қызға қырық үйден тыйым…

59

- Advertisement -

Отбасының бүтіндігі – Отанымыздың бүтіндігі. Осы орайда өмірі өнегелі де ұлағатты кісілердің қыздармен жүздесіп, ақыл-кеңестерін айтуы – маңызды. Тараздағы «Достық» үйінде өткен қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазықызының кездесуіне жергілікті колледждердің студент қыздары көптеп жиналды.
Жиынды облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Негізгі уақыт Оразкүл Асанғазықызына беріліп, ол кісі ұлт болашағы және қыздар тәрбиесі, бабаларымыздан мирас болып қалған ұлағат, салт-дәстүр, адалдық пен абырой, тазалық пен тектілік секілді асыл қасиеттер төңірегінде тебіренді.
– Айналайын сіңлілерім! Қыздарым! Қазақта «Алтыда бастасаң, асасың. Жетіде бастасаң, жетесің» деген нақыл бар. Жақсы қасиеттерді ерте үйреніңдер. Апаларыңнан, аналарыңнан үй тірлігіне қатысты шаруаларды меңгеріңдер. Алдымен жақсы келін болуды, барған жерлеріңе судай сіңіп, тастай батып, бақытты етуді ойлаңдар. Қазақтың жақсы, текті ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана – сендерсіңдер. Қызмет қууды емес, текті ұрпақ өсіруді ойларыңа түйіп жүріңдер. Қазақтың қызы деген ғажап атқа лайықты болыңдар. Дос құрбың шақырса да, бейтаныс жерге, бөтен үйге барма. Ол сәтте өз үйіңді, өз бауырларыңды ойла. Жаман қылық, темекі тарту, жаман ортада отыру сынды әдеттерге мүлдем жолама. Жақсы істі жаса. Жақсылыққа асығыңдар. Осы бастан «Армандар картасы» деген карта жаса. Күнделікті ой, арман, ниетіңді ақ қағазға жазып отыр. Жақсы іс – әдетіңе, жақсы әдет – мінезіңе, мінезің – тағдырыңа айналады, – деп ағынан жарылған О.Асанғазы өзінің өмір жолынан сыр шертіп, 4 жасында әкесінен айырылғанын, 20 жасында анасының мәңгілік сапарға кеткенін, жетімнен жетіліп, осы жағдайға жеткенін, бес перзентке ана болғанын әңгімелеп, бүгінгі қыздардың болашағы жарқын, оған мүмкіндігі мол екенін айтты.
Кездесу барысында электронды негізде және аудиожазба арқылы мәртебелі қонаққа сұрақтар қойылды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support