- Advertisement -

6:0 «АЗ АЛКМАР» «Астананы» ойсырата жеңді

31

- Advertisement -

Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынап жатқан «Астана» футболшылары үшінші тур аясында сырт алаңда Нидерландының «АЗ АЛКМАР» командасымен кездесіп, қарсыластарынан күйрей жеңілді.
Ойынды өз бақылауларында ұстай алмаған «Астананың» қарсылас командадан кемшін түсіп жатқаны ә дегеннен-ақ аңғарылып тұрды. Алаң қожайындары уақыт өткен сайын өз үстемдіктерін нығырлай түсті. Сәт сайын қауіпті шабуылдар ұйымдастырған «АЗ АЛКМАР» футболшылары кездесудің 39-минутында таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізді. 11 метрлік айып соққысын Теун Коопмейнерс мүлт жіберген жоқ. Кездесудің 43-минутында алаң қожайындары есепті 2:0-ге жеткізді. Гол авторы – Мирон Боадю.
Екінші кезеңде «Астананың» қорғаныс шебі шашылып қалды. «АЗ АЛКМАР» футболшылары еркін көсіліп, Қазақстан чемпиондарының тас талқанын шығарды. Алдымен 77-минутта Калвин Стенгс мергендігімен танылса, 83-минутта Коопмейнерс дубль авторы атанып (тағы да пенальтиден), есеп айырмасын төрт допқа дейін ұлғайтты. 85-минутта Юкинари Сугавара есепті 5:0-ге жеткізсе, 92-минутта Уссама Идрисси ақтық нәтижені тіркеді. Қорытынды есеп 6:0. Алаң қожайындарының пайдасында.
Үш турдан кейін бірде-бір ұпай иеленбеген «Астана» футбол клубы қазіргі кезде өз тобында соңғы орында келеді. Бұл елордалық клубтың еурододадағы ең ірі жеңілісі екенін естеріңізге сала кетсек, артық болмас. Осы ойында «АЗ АЛКМАР» футболшылары «Астана» қақпасына 36 мәрте соққы жұмсаса, оның 15-і қақпаға тура жеткен. «Астана» футболшылары қарсылас команданың қақпасын бес мәрте көздеп, бір рет дәл соққы жұмсапты. Осы статистикадан-ақ Қазақстан чемпиондарының еурододада ойыны сұйыла бастағанын аңғару қиынға соқпайды. Ел чемпиондары қайтсе жеңіске жетеді? Кінәлі кім? Бұл сұраққа жауап табудың өзі қиын секілді.
Алғашқы үш турда сүреңсіз ойнаған «Астана» футболшылары қалған үш кездесуде ойдағыдай нәтижеге қол жеткізеді дегенге сенудің өзі қиын. Команданың бапкерлері ойланатын сәт келген секілді.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support