- Advertisement -

Ата-аналар баспаналы болса, балалар шат-күлкіге бөленсе, бақыт деген сол

119

- Advertisement -

Баспана – басты мәселе. Соңғы жылдары шаһар халқы санының өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс та артып келеді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне қала бойынша 17643 адам тіркелген. Оның 1489-ы көп балалы ана, 29-ы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болса, 1935-і әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен отбасы, қалғанын мемлекеттік және әскери қызметкерлер мен жастар құрайды. «Бір қозы туса, бір жусан артық өседі» демекші, қоғамда әрбір баланың өзіндік орны бар. Өйткені көп балалы аналардың біздің демографиямызға қосып отырған үлесі зор. Сондықтан да Елбасымыз ана мен бала денсаулығына аса мән берген болатын. Енді, міне, Президентіміз көп балалы аналардың баспана мәселесін шешу үшін Үкіметке тиісті тапсырма беріп отыр. Тұрғын үй кезегі жеткенше алтын құрсақты аналарды жатақханаға орналастыру күн тәртібінде тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де қолдау тауып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы өңірімізде 1,5 мыңға жуық көп балалы ана пәтер кезегінде тұр десек, осынша отбасы пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Осы санаттағы азаматтарды пәтер азабынан құтқару үшін көктемде облыс әкімі Асқар Мырзахметов алтын құрсақты аналарға арнап 10 көп қабатты жатақхана салуды жоспарлаған болатын. Оның 7-еуі Тараз қаласында, 3-еуі Қаратау, Шу мен Жаңатас қалаларында соғу жоспарланған. Дейтұрғанмен, Тараз қаласында осындай аналарға арнап бүгінде 8 жатақхана тұрғызылуда.
Бұдан бөлек, көп балалы аналарға 15-ші шағын ауданнан да «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер берілуде. Атап айтсақ, биыл 120 көп балалы отбасыға пәтер кілті табысталыпты. Оның 93-і арендалық үйге орналастырылса, 27-сі демеушілер есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 493 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сондай-ақ тұрғын үй кезегі келгенге дейін көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін облыс бойынша 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бүгінгі таңда «Қарасу» және «Арай» шағын аудандарында 5 қабатты 8 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бас мердігері «Бином» ЖШС. «Қарасу» шағын ауданында 4 тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 980 миллион теңге бөлінген. Нысан желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Ал «Арай» шағын ауданында салынып жатқан 4 көп қабатты тұрғын үйдің алдағы жылдың ақпан айында пайдалануға тапсырылуы жоспарлануда.
«Қарасу» шағын ауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысының барысымен таныстық. «Бином» ЖШС-ның учаске бастығы Жұмаділда Райымовтың айтуынша, әрқайсысы 45 пәтерден тұратын 4 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы қызу жүруде. Екі үйдің қабырғасы тұрғызылса, 2 үйдің іргетасы қалану үстінде. Мұндағы пәтерлердің барлығы 2 бөлмеден тұрады екен. Әр пәтердің жалпы ауданы 52-58 шаршы метрді құрайды.
– Құрылыс жұмыстарын қыркүйекте бастадық. Қазір көп қабатты тұрғын үйдің құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Оған қажетті бетон қабырғаларды өзіміздің зауытта дайындап әкелеміз. Бұл қабырғаларды құрастырып, жинау арқылы 1,5 айда бір үй тұрғызуға болады. Қазір бір үйдің бесінші қабаты тұрғызылуда, ал астыңғы қабатта әрлеу жұмыстары басталып кетті. Қыс түспей барлық үйдің қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып алсақ деп жоспарлап отырмыз, – дейді учаске бастығы.
Қазір құрылыс алаңында 60 адам жұмыс істеуде. Жаппай әрлеу жұмыстары басталған сәтте жұмысшы санын 150-ге дейін арттырмақ.
Құрылыс басында осы үйден пәтер алсам деген көп балалы әкені жолықтырдық. 10 жылдан бері серіктестікте құрастырушы болып жұмыс істеп келе жатқан Көмек Жантілеуов 6 баланы 6 жылдан (жұбайы қайтыс болғаннан) бері жалғыз тәрбиелеп келеді екен.
– Тұрақты баспанам жоқ. Атажұртқа оралғалы бері пәтер жалдап тұрамын. Ай сайын пәтерге 30 мың теңге төлеймін. Балаларымның алды студент. Мектепте оқитыны бар. Анасыз өсіп келе жатқан оларға жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысудамын. Баспаналы болсам деген үмітпен пәтер кезегіне 11176-ші болып тіркелгенмін. Енді біздің серіктестік көп балалы аналарға арнап «Қарасу» мен «Арай» шағын аудандарында 8 көп қабатты жатақхана салуда. Шынымды айтсам, көп балалы әке ретінде бұл жатақханадан баспана алуға мен де үміттімін. Кезегім болса жылжып жатыр. 15-ші шағын ауданнан да үйлер берілуде. Ол жақтан арнайы бағдарламамен алайын десем айына табатын 130 мың теңгем отбасымнан артылмайды. Соғып жатқан үйлерді желтоқсан айында береміз дейді. Осы үйден бір пәтерге ілініп қалармын деген үмітпен бұл жатақхананың сапалы салынуына бар үлесімді қосудамын, – деді ол.
Көп балалы аналардың да көптен күтіп жүргені – осы баспана. Бұл мәселенің түйіні биыл ғана шешімін тауып келеді. Осыған орай 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Баян Садықованы сөзге тарттық.
– Пәтер кезегіне 2012 жылы 4500-ші болып тіркелдім. Өткенде көргенімде тізім біршама төмендепті. Қазір қателеспесем онда 3236-шы болып тұрмын. Бұған да шүкір. Әйтеуір баспаналы болам деген үмітіміз қайта оянды. Көктемде облыс әкімі Асқар Мырзахметов көп балалы аналарға арнап жатақхана саламыз дегенде оның да кезегіне алғашқылардың бірі болып тұрып қойдым. Балаларымның үлкені студент. Одан кейінгі 4 балам мектеп қабырғасында, кішім 2 жаста. 12 жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрміз. Жұбайым екеуміздің тапқанымыз пәтердің ақысы, балалардың киім-кешегі мен тамағынан артылмайды. «Қарасу» шағын ауданында соғылып жатқан жатақхананың құрылысын жақын жерден көріп тұрамын. Қабырғасы тез көтерілуде. Кезегім келгенде 3 бөлмелі үй алсам деген жоспарым бар, – деді ол.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support