- Advertisement -

Еңбек адамы – ел байлығы

116

- Advertisement -

Қоғамда да, кәсіподақтар қызметінде де ең басым бағыт – әлеуметтік мәселе болса, еңбек адамын қорғау ортақ тиімділікке қол жеткізудің бірден-бір жолы болып отыр. Бұл міндетті жүзеге асыру жолында кәсіподақтар қазақстандықтарды Төртінші өндірістік революциясының жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдеу үшін қозғаушы күш болуды алға қояды.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамалары кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табуда. Сондықтан Мемлекет Басшысының қолға алып отырған реформалық қадамдары кәсіподақты одан әрі жаңғырту және еңбек адамын қорғау қызметін сапалы деңгейге көтеруде жаңа серпін береді.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов биыл Үкіметтің арнайы қаулысымен «10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні» кәсіби мерекелер тізбесіне енуіне байланысты өткізген алқалы жиында барлық деңгейдегі кәсіподақтар ұйымдарының негізгі төл міндеті – еңбек адамын қорғау жолындағы еңбек заңнамаларын қатаң сақтау екенін айрықша атап өтті. Келелі ойды түйіндеп айтар болсақ, кәсіподақтар еңбек адамына, жалпы қоғамға қажеттілігіне сенім ұялатып, жауапкершілікті арттыратын ықпалды болуы керек.
Бір жыл ішінде Кәсіподақтар Федерациясына мүше ұжымдар саны 18-ден 23 салалық кәсіподақ ұйымына артты. Жаңадан 40 мыңнан астам еңбеккерді қамтитын 500-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
Кәсіподақтардың кәсіпорындар мен ұйымдардағы белсенді жұмыстарының нәтижесінде ұжымдық шарттардың саны 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 77750-ден 92645-ке артты. Қай жерде кәсіподақ ұйымы бар, сол жерде ұжымдық шарт жасалады. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы санынан алынған ұжымдық шарттар үлесі – 98 пайыз. Еңбек қатынастарын заңдастыру барысында шағын және орта бизнес кәсіпорындарында ұжымдық шарттың жасалуы төмен деңгейде қалып қойды, сол себепті осы сала еңбеккерлерінің құқы мен мүддесін қорғауда «Yntymaq» салалық кәсіподағының құрылуы басқа да аймақтардағы сияқты біздің облыста да өзіндік нәтижесін беруде.
Кәсіподақтар медиация және келісім арқылы еңбек дауларын кикілжіңсіз шешу жүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударуда. Барлық аумақтық кәсіподақтарда татуласу орталығы ашылды. Айталық, 2018 жылғы наурыздан бастап «Татуласу орталықтарында» 3 мыңнан аса медиациялық рәсімдер өткізілді, оның еңбек дауларына қатысты 1590-ы оң шешімін тапты.
Бізде ұдайы назар аударуды қажет ететін мәселе – еңбек шартының заңды түрде жасалуы. Бір жылдан астам уақытта «Еңбек шартын жасаңыз!» акциясы бойынша елімізде 12 мыңнан астам жұмыс берушілер еңбек шарттарын бекіту арқылы 40 мың жұмысшымен еңбек қатынастарын заңдастырды. Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесінде 4 мың адамға әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін еңбек қатынастарының заңды алаңына оралуына мүмкіндік берілді.
Әлеуметтік шарттарды жақсарту үшін биыл Кәсіподақтар Федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен бірлесе отырып, облыстық және аудандық медициналық ұйымдардағы жас мамандарды қолдау мақсатында 500000 теңгелік сертификаттарды бекітіп, бүгіндері 40 миллион теңге көлемінде сертификаттар берілді. Сонымен бірге, кәсіподақтар есебінен жас мамандар тұрғын үйге бастапқы жарнаны төлеу үшін 45 миллион теңге көлемінде 33 тұрғын үй сертификаты берілді.
Республикалық «Келешек» жас кәсіподақтар кеңесінің жұмысы да жандана түсті. Жалпы, кәсіподақ мүшелерінің 32 пайызы 35 жасқа дейінгі еңбекші жастар. Қазіргі таңда «PechaKucha» жастардың интеллектуалдық конференциясы сәтті өтті. Биылғы тамыз айында кітап оқып, ой-пікір алмасу және алған біліммен бөлісу үшін интеллектуалдық нетворкингке арналған «ProfBookClub» жобасы жүзеге асырылды. Қазақстанның барлық кәсіподақ орталықтарының кешенінде осындай клубтарды ашу жоспарлануда.
Өткен жылғы қарашада ҚРКФ жанында «Қазақстандық кәсіподақтардың спорттық-сауықтыру қоғамы» құрылды. Негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты қолдау және дамыту.
Жол картасы аясында барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткіздік. Қысқа уақыт ішінде кәсіби қауымдастықта кәсіподақ құндылықтарына қызығушылық артты, билік пен жұмыс берушілер тарапынан жұмысшылардың мәселелеріне айрықша көңіл бөліне бастады. Кәсіподақтар федерациясының қоғамдағы танымалдылығы артты. Басқа да алға қойылған міндеттер сәтті жүзеге асырылып келеді.
Бұл күндері құрамында 120 мыңнан астам мүшесі бар Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі де ұйым беделін көтеріп, еңбек адамының құқы мен мүдделерін қорғау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіп, нәтижелі жұмыстарға қол жеткізді. Аймақтағы 15 салалық кәсіподақ ұйымдарындағы 1300-ден астам бастауыш ұйымы және оның көшбасшылары ұйытқы болып атқарған игі істер кәсіподақтың қоғамда алатын орнын айқындай түсті.
Алда кәсіподақтар жүзеге асыруға тиісті жаңа міндеттер бар. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әрбір еңбек адамының қосар үлесін одан әрі молайту үшін бастауыш кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс істеп, оларға қамқор әрі қорғаушы болуы құқықтық негізде және әлеуметтік әріптестіктің әлеуетін арттыратын жаңашыл қадамдармен жалғасын табады деп сенеміз.
Кәсіби мерекемен кәсіподақ ардагерлері мен олардың сенімді ізбасарларын шын жүректен құттықтаймыз!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support