- Advertisement -

«Ақ бұлақтың» нәрі бар ауылды қамтыса

42

- Advertisement -

«ГААП» ЖШС жауапсыздығынан Андас батыр және Кеңес ауылдарының тұрғындары ауызсуға қол жеткізе алмай отыр

Аудан аумағында 45 елдімекен бар. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында олардың отызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ауданда қалған ауылдарға да өмір нәрін жеткізу бағытында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Аудандағы ірі елді мекеннің бірі – Қ.Сарымолдаев ауылында 13 мың адам тұрады. Мемлекеттік бағдарлама аясында осында 1,5 миллиард теңгеге су құбыры желісі жүргізілуде. 2018 жылы осы мақсатқа бөлінген қаржының үштен бір бөлігі игерілді. Биыл 500 миллион теңгенің құрылыс – құрастыру жұмыстары атқарылады. Қалған қаржы келесі жылы толық игеріліп, нысан іске қосылады.
Бұған қоса биыл аудандағы Тұрлыбай батыр және Қарасу ауылдары тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді. Аталған елді мекендерде нысандарды уақтылы іске қосу үшін құрылыс – құрастыру жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Ауданда таза ауызсуды асыға күтіп отырған азаматтар аз емес. Бірақ бұл тез орындала салатын шаруа емес. Жоба жасау және оны сараптамадан өткізу едәуір уақыт алады. Сондай-ақ нысан құрылысына бюджеттен қомақты қаржы бөлдіру керек. Сондықтан да аудан әкімі Мейірхан Өмірбек қолда бар мүмкіндіктерді іске қосып, тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтуға күш салып жатқандарын айтады. Қызылтаң, Қызылдиқан және Ақкөз ауылдарында кеңестік кезеңде бұрғыланған, бұрын ауызсу үшін қолданылған ұңғыларды жөндеуден өткізіп, қайта іске қосуға болады. Мұның өзі атқарылар жұмыс көлемі мен шығынды азайтып, едәуір қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Аудан басшысының бұл ұсынысы меркіліктер тарапынан қолдау табуда. Қазірдің өзінде бірқатар шаруалар қолға алынуда.
Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Андас батыр ауылында – 8899, Кеңесте 2380 адам тұрады. Бұлақ және құдық суларын пайдаланып отырған олар таза ауызсу мәселесін алқалы жиындарда жиі көтеріп келеді. Біраз жыл бұрын осы қос ауылға таза ауызсу жеткізу нысандарының жобалық сметалық құжатын жасауды «ГААП» ЖШС ұтып алған болатын. Әйтсе де жобалық-сметалық құжаттарында кемшілік көп болғандықтан ол сараптамадан өтпей қалған. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек: «ГААП» ЖШС басшылығы кемшіліктерді түзетіп, ұсыныстарымызды енгізу туралы талабымызды әлі күнге ескермей, сағыздай созып келеді» дейді. Халқымыз: «Қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді. Екі елді мекенде он мыңдаған жұрт таза су ішетін күнді тағатсыздана күтіп отыр. Ал түрлі себептерді алға тартып, арқаны кеңге салып отырған мекемені кім тәртіпке шақырады?

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support