Қазақ әуесқой боксындағы жаңа жұлдыз

Ресейде өткен әлем чемпионатында
1 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль бұйырды

Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан боксшылары бір алтын, бір күміс, төрт қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көріне білді. Жаһандық жарыста күрзі жұдырық шеберлері сегіз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Бұл жолы Жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынған жоқ.
52 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Сәкен Бибосыновтың әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізгенін жұртшылық жақсы біледі. 69 килограмм салмақ дәрежесінде де ел қоржыны қола медальмен толықты. Абылайхан Жүсіпов «қазақ салмағы» атанған 69 килограмм салмақта үздік үштіктен көрінді. Әрине, талай мықтылар шыққан 69 килограмм салмақтан жанкүйерлер алтын жүлде күткені жасырын емес. Алайда бұйырғаны қола болды. 75 килограмм салмақ дәрежесінде де ел үміт артқан сайыпқыранымыз Тұрсынбай Құлахметке алтын медаль бұйырмады. Жартылай финалда тоқтаған Құлахмет те қоланы місе тұтты. Дегенмен Тұрсынбай ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшысы екенін естен шығармаған ләзім. Бұл біріншілікке жерлесіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты қатыса алмады. Сондай-ақ 2017 жылғы әлем чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырған әлем чемпионы, украиналық Александр Хижняк та бұл додада бақ сынаған жоқ. 91 килограмм салмақ дәрежесінде топқа түскен Василий Левитті төрешілер жартылай финалда тоқтатқаны баршаға мәлім. Васяның эквадорлық Хулио Кастильодан бір бас жоғары болғанын көз көрді ғой. Қысқасы, Вася да қола жүлдені мойнына ілді.
Екатеринбургтегі әлем чемпионаты ашқан жаңалық – 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі қазақ оғланы Бекзат Нұрдәулетов. Бекзаттың қай-қайсысы да осал еместігін осы жігіт түсіндірді. Иә, Саттархановтан кейін Нұрдәулетов жарқырады. Бокс әлемінде қазақ елі енді екі Бекзатымен мақтанады! Әрине, Саттарханов арамызда жоқ. Кезінде Саттарханов та өз салмағында нөмірі бірінші боксшы болмаған еді. Нұрдәулетов те дәл солай. Бек Нұрмағанбеттің жарақатына байланысты Ресейге аттанған. Ешкім одан алтын күтпеген. Ер екен! Жартылай финалда жеті жыл бойы жеңілмеген Куба қабыланы, 4 дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Хулио Ла Крузды жарыс жолынан ығыстырды. Жәй емес, қарсыласын бір есеңгіретіп алғанын да көз көрді. Осылайша Әділбек жеңбеген саңлақты қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр етті. Финалда байырғы бәсекелесіміз, өзбек боксшысы Дилшодбек Рузметовті сабасына түсірді. Бірінші раундтан бастап қарсыласын соққының астына алған Нұрдәулетовтің жеңісіне ешкім күмән келтірген жоқ. Жекпе-жек аяқталды. Төрешілер бірауыздан жеңісті қазақ оғланына берді. «Ер екенсің, Бекзат!» дестік. Енді ше, үлкен жарысқа жаңадан қосылғанына қарамастан әлем чемпионы атанған оғланға тамсанбағанда кімге тамсануымыз, таңдануымыз керек? Осылайша Бекзат деген есім қазақ боксы тарихында қастерлі ұғымға айналды.
Ел қоржынына тағы бір алтын жүлде түсер ме екен деген оймен көк жәшікке телміре түскенбіз. Қамшыбек өзбек оғланы Боходир Жалоловты қамшылап тастаса дегенбіз. Алайда ұлттық құраманың капитаны кәсіпқой бокста сынға түсіп жүрген Жалоловтан айласын асыра алмады. Осылайша +91 килограмм салмақтың алтын жүлдесі Өзбекстанның қоржынына түсті.
Сонымен Ресейдегі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік үштіктен көрінгенін айттық. Бірінші және екінші орынды Өзбекстан мен Ресей боксшылары иеленді.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/