- Advertisement -

Тотыдайын таранған тараз Темір жол бекеті

356

- Advertisement -

Қала тұрғындары мен қонақтары мұнда айшықты аллеяны тамашалап, шаһар тарихымен таныса алады

Өткен жылы Қала күні қарсаңында облыс орталығындағы көне қақпаның бірі – Тараз темір жол бекеті аумағында «Көне Тараз аллеясы» салтанатты түрде ашылды. Бұл күн сайын көркіне көрік қосып, ажарлана түскен шаһарымызға жаңаша кескін-келбет беріп, заман талабына сай көркемдеп, сәулеті мен сымбатының артуына әрбір қала тұрғындарының, қала берді туған қаласын адал сүйетін азаматтардың еңбектерінің ерен екендігін тағы бір айшықтады.Иә, қаламыз жаңа белестерге көтеріліп, Қазақстандағы ең көркем де, көрікті шаһарға айналып келеді. Облыс орталығында көпшіліктің назарына ілінетін нысандардың қатарында Темір жол бекеті аллеясында орын тепкен – «Көне Тараз» стеласы да бар. Ал қолынан іс келетін азаматтарға ой тастап, идея берген облыс әкімі – Асқар Мырзахметов.

Кешегі мен бүгіннің алтын көпірі

Тараз – тарихи оқиғаларға бай қала. Алғашында Талас, Тараз деп аталған бұл шаһар 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қалаға өзінің тарихи аты Тараз қайтарылды. Осылайша былтыр қалаға кіретін бас қақпаның бірі – темір жол бекетінің аумағын ретке келтіру мақсатында, алдындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Расында, бүгінгі күнге дейін бұл аумақта осында келген қонақтарға ежелгі Тараз өңірінен сыр шертетін көрініс болмаған еді. Осыған байланысты, скверде «Көне Тараз» стеласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стелаға Тараз қаласының бұрынғы атаулары (Тараз, Әулие-Ата, Жамбыл, Талас), тарихи кезеңдерді бейнелейтін (қобыз, домбыра, дәуіт, балбал тас) ұлттық құндылықтар орнатылды. Скверде 940 шаршы метр жолаяқ төсеніші жасалып, 4 000 шаршы метр жерге асфальт төсеніші салынды. 20 дана жарық шамдары, 8 дана орындық, 8 қоқыс жәшігі қойылып, 2 700 шаршы метр алаңға суару жүйесі орнатылды. Ал эскиздік жобасы былтыр жаңадан құрылған «Сәулеттік бюро» мекемесінің жас архитекторлары тарапынан әзірленді. Жоба бойынша сквердің абаттандырылған аумағы – 1 гектар. Аталған жоба «Айя сервис» ЖШС жеке қаражаты есебінен 30 миллион теңгеге қала тұрғындарына «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді. Бұл игі іс – меценат, елге белгілі азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Жұмабаевтың туған қаласына сыйы болды десек артық айтқандық емес. Сол жолы стеланы ашып, лентасын қию құрметі Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдәзімов пен темір жол саласының ардагері, Құрметті теміржолшы Сағымбек Ақшаловқа бұйырған болатын.
– Бір ғана «Түрксіб» темір жолының соғылуынан бастау алған көштің Тараз топырағына жеткеніне 106 жыл толып отыр. Өңір көшін өрге сүйреген бұл шойын жолда талай тарпаң тұлғалардың ізі қалды. Осы алып құрылыстың басы-қасында Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды Алаштың ардақты ұлдары болды. Құрылысқа он мыңдаған жамбылдық жерлесіміз қатысқанын, темір жол магистралінің салынуы нәтижесінде өңіріміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мен өзім де ұзақ жылдар бойы қырдан асып, белді басып, жолды салған қайран ерлердің ізін жалғап, осы болат жолдың тізгінін алып, маңдай терімді сіңіріп, еңбек еттім. Сан жылдардың куәсі болған киелі жол талайдың тағдырын тоғыстырып, талайды жақынымен табыстырды. Тоғыз жолдың торабы болған тарихи шаһардың темір жол бекетінде орын тепкен «Көне Тараз» стеласы көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатары сөзсіз. Қаламызға қонаққа келген жолаушылар мұнда таза ауада тыныстап, жасанып, жаңарған қаламыздың келбетіне қызыға қарап отыруы да жағымды әсер қалдырады деп ойлаймын. Кешкі серуенде аймақ тұрғындары отбасымен серуендеп шыққан сәтте осында келіп тыныстайды. Стеланың төрт тағанына Әулиеата, Жамбыл, Тараз, Талас аттары жазылған. Бұл келер ұрпақтың тарихи жәдігерлер жадында сақталуына көп мүмкіндік тудырары сөзсіз игі іс, – дейді сала ардагері, Құрметті теміржолшы Сағымбек Ақшалов.

Бекет тарихын білесіз бе?

Иә, көне қаладағы алғашқы бекет өткен ғасырдың басында «Түрксіб» ғасыр құрылысы кезінде бой көтерген екен. Сол ескі ғимарат қазіргі бекет орнында 1972 жылға дейін тұрған көрінеді. Өйткені ол кезеңде локомотив пайдалану депосы сынды ірі парк те қатар орын тепкен болатын. Ал қазіргі жаңа бекет 1986 жылы соғылды.
– Байқасаңыз, бекет аумағындағы көптеген тұрғын үйлер өткен ғасырдың басындағы сәулет өнерінің ерекшелігімен бой көтерген ғимараттар. Тек солардың құндылығына сына түсірмей сақтай алсақ дұрыс болар еді. Өйткені оларды тарихи жәдігерлер қатарына қосуға әбден болады. Ал бекеттегі темір жол өткелінің арғы бетіне өтетін көпірдің тұсындағы су мұнарасы 1924 жылы бой көтерген. Ол – республикалық тарихи-жәдігерлерді қорғау тізіміне алынған нысан. Жалпы, қала аумағында өңір және темір жол тарихына қатысты мұндай нысандар көптеп саналады. Бекет 2013 жылы күрделі жөндеуден өтті. Сол кездегі талап бойынша еліміздегі барлық бекеттер бірқалыпты түске боялып, ортақ сәулеттік қалыпты сақтаған болатын. Қазір мұнда тәулігіне 24 жұп жолаушылар пойызы өтеді. Қонақтар мен келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Қала әкімдігімен келісе отырып, перрондағы сауда нүктелерін де бірқалыпқа енгіздік. Бұрын ала-құла болатын. Бастысы – жолаушылар қауіпсіздігі. Сондықтан бірнеше бейнебақылау қойылды. Ал бекет алдындағы «Көне Тараз» стеласы – біздің мақтанышымыз, – дейді бекет бастығының орынбасары Мақсат Садығұлов.
Жамбыл өңірінде теміржолшылар әулеті көптеп саналады. Майталман теміржолшылардың ізін басқан жастардың дені – облыс орталығындағы №13 Тараз темір жол колледжі мен Тараз темір жол көлігі колледжерінде білім алады. Қазір осы студенттердің саяхаттайтын орындарының бірі – «Көне Тараз» стеласы. «Расында қаладағы темір жол мекемелері әр аумақта орналасқандықтан, біз бұрындары сол мекемелердің арасын жол етіп жүретінбіз. Қазір Жүк тасымалы – Жамбыл бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловтың бастамасымен әкімшілік ғимараттың жанындағы мұражай қайта күрделі жөндеуден өтіп, жаңғырды. Мұнда Жамбыл темір жолына қатысты деректердің барлығы жинақталған. Мен мұнда студенттерді жиі алып келемін. Әсіресе бірінші курсқа түскен жастар саналы ғұмырын болат жолға арнаған аталарымыздың жолын көрсін, үлгі алсын деген ниет туады. Міне, осында келген сәтте міндетті түрде «Көне Тараз» стеласына соқпай кетпейміз. Бұл біздің сүйікті орнымызға айналған» – дейді №13 Тараз темір жол колледжі кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжан Керменбаева.
– Мен бұл шаһардан жиі өтемін. Өйткені жолдың бойы. Өткен жолы Нұр-Сұлтаннан іссапармен келе жатып, осындағы танысыма жолығатын болдым. Мен мінген пойыздың тоқтау уақыты – 20 минут. Танысым бекет алдында күтіп тұр екен. Алдындағы стелаға көзім түсіп, қызығушылығым артты. Жолдасым маған оның тарихын айтып берді. Керемет! Еліміздегі талай қалаларда болып жүрмін. Бірақ мынадай тұшымды дүниені бірінші рет көруім. Тек стела мен бекет алдындағы көлік тұрағын басқа жерге ауыстырса болмас па екен. Өйткені алғаш бекет алдына шыққан сәтте көлік базарына келгендей болады екенсің, – дейді №86 «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызының жолаушысы, қызылордалық Сабыр Сейілбек.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support