- Advertisement -

Көшбасшылардың кездесуі жақсы дәстүрге айналды

43

- Advertisement -

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысы өтті. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІ съезінің қорытындылары мен хатшылық қызметінің келешегі туралы пікір алмасты. Сондай-ақ Сенат төрағасы, хатшылық басшысы Дариға Назарбаева Ватикандағы Папа кеңесінің дінаралық диалог жөніндегі ислам мәселелері бюросының басшысы Халед Акашемен кездесуінде еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы қазақстандық католиктердің үлесін атап өтті.

Сондай-ақ Сенат басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі жұмысының маңыздылығына тоқталды. «Бүгінгі күнгі съезд – барлық діндер, халықаралық ұйымдар, саяси қайраткерлер мен сарапшылардың басын қосқан ерекше өкілетті үнқатысу алаңы. Діни көшбасшылардың кездесуі жақсы дәстүр болып отыр. Бастысы, түзу ниет», – деді хатшылық отырысында Дариға Нұрсұлтанқызы.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысы өтуіне орай және өңірдегі діни ахуал жөнінде облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровпен аз-кем тілдесудің сәті түскен-ді.
– Жангелді Жайлауұлы, Нұр-Сұлтан қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысы өтті. Осы орайда жүзеге асуы тиіс жұмыстарды да назарда ұстап отырған боларсыз?
– Дін мәселесі қашанда ауқымды, өзекті. Елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысына назарымызды аударып отырмыз. Онда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Хатшылық басшысы Дариға Назарбаева: «Осы күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі өткен кезден бері 16 жыл өтіп отыр. Ал бүгінгі күні ірі әлемдік конфессиялар басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі ізгі дәстүрге айналды», – деді. Сондай-ақ оның жақсы дәстүр, дінаралық достыққа дәнекер екенін атап өтті.
Әрине, бұл іс-шараның біздің өңірге де қатысы бар. Себебі біздің өңірде 301 мешітпен қатар христиан бағытындағы бірнеше діни бірлестік бар. Мәселен, православтық 8 діни бірлестік қызметтерін атқаруда. Православ шіркеуіне келушілер шамамен 700 адамды құрайды. Протестанттық бағытта 32 діни бірлестік пен 5 филиал жұмыс істейді. 3000 адам осы діни бірлестіктердің қызметін пайдаланады. Рим-католик шіркеуі – біреу. Оған 80-ге жуық адам барады.
Облыс аумағында 6 шетелдік азамат миссионер ретінде тіркеуде тұр. 5 азамат Оңтүстік Кореядан, 1 азамат Польшадан келген. Олардың 4-еуі Рим-католик шіркеуінде, 2-еуі пресвитериандық шіркеулерде діни қызметтер атқарады. Оның барлығы бақылауда.
Міне, біз келтіріп отырған мәліметтер дін саласының әлемге ортақ екенін, азаматтарға қай елде жүрсе де, өзінің танымына сай құлшылық ғибадатын жасауға шектеу жоқ екенін айғақтайды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің еліміз үшін маңызды болатыны да сондықтан. Елордада өткен жиында 2021 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІІ съезіне дайындық мәселелері де айтылды. Біз дін мәселесіне қатысты мәселелерден тыс қала алмаймыз.
– Енді ислам бағытына келсек. Бүгінгі таңда кәсіпкер азаматтардың өз ауылына мешіт салуға деген ықыластары жоғары. Алайда олардың сауатты имамдармен қамтылуы қай деңгейде?
– Өңірімізде 301 мешіт, ислам бағыты бойынша 414 діни қызметкер бар. Ол мешіттердің барлығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтидің бұйрығымен діни қызметшілер тағайындалған. 300 мешітте бейнебақылау орнатылған. «Қажылық» қоры арқылы 10 имамға 50 мың теңге, «Уақып» қоры арқылы 22 ауыл имамына 55 мың теңге жалақы биылғы жылдың алғашқы айларына дейін төленіп келді. Бүгінгі таңда «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде облыстан дінтану және исламтану мамандықтарында 78 азамат білім алса, оның 9-ы биыл оқуын аяқтады. Аталған университет ашылғалы оны жамбылдық 29 түлек бітіріп қайтты. Олардың 26-сы мешіттерде, 3-еуі мемлекеттік қызметте жүр. Биыл Тараздағы «Һибатулла Тарази» медресесінде 60 шәкірт білім алуда. Олардың ішінде біздің өңірден бөлек Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан шәкірттер бар.
– Қазіргі таңдағы өңірдегі діни ахуал жайында не айтасыз?
– Облыста діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы жұмыстар екі бағытта жүргізілуде. Яғни ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және құқық қорғау орындарымен бірлескен жұмыс. Бүгінгі таңда өңірімізде діни ахуал тұрақты. Ол нәтиже дін саласы қызметкерлерінің, мешіт имамдары мен ұстаздарының, шіркеу қызметкерлерінің белсенді жұмысымен жүзеге асып отыр деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support