- Advertisement -

Димекеңе деген құрмет толастамайды

220

- Advertisement -

Ақсақалдықтың ауылына атбасын тіреген тұрғыластарым жақсы біледі, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ауыл шаруашылығында құрылымдық өзгерістер жиі жүргізілді. Одаққа әпербақан істерімен танылған Никита Хрущев басқарған дәуірде аудандарды бір-біріне қосу, тарату, қалпына келтіру де кең етек алды. Сол тұста республика тізгіні И.Юсуповтың қолында еді. Тарихшылар әділ бағасын бергендей, ол екі жыл ел басқарған кезде Мәскеудің нұсқауымен атқарылған, жоспарланған жұмыстарға бас-көз болғаннан басқа атап айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алған жоқ. Оның тұсында Қазақстанның 3 миллион 500 мың гектар жері Өзбекстанға өтіп кетті. Республика экономикалық жағынан құлдырап, тіпті «нан кәртішкесі» енгізілгенін де көрдік.

Жағдай 1964 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев екінші рет сайланғаннан кейін ғана өзгерді.
Халқымызда «Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына қарай туады» деген ескі мақал бар. Димекең халқының бағына туған адам болып шықты. Өзіме жете таныс сала ауыл шаруашылығын өркендетуге бастаған қаншама оңды өзгерістер орындалды. 1966 жылы республика мемлекетке 1 миллиард 37 миллион пұт астық тапсырды. Кеңес одағындағы рөлі нығайған Қазақстан аз уақыт ішінде әлемге танылған айтулы елге айналды.
Өзіне жүктелген жауапты міндетті мінсіз атқара білген Дінмұхамед Ахметұлы күрделі, қиын уақытта қай істе де қазақ елінің мүддесін биікке қойды, лайықты қорғай білді. Өзбекстанға өтіп кеткен қазақ жерінің қомақты бөлігін қайтарып алуға қол жеткізді. Ол басқарған жылдары республика картасында 43 қала, 68 жұмысшылар кенті пайда болды. Олардың екеуі – өз облысымыздағы Қаратау мен Жаңатас қалалары. Бұрын да жаздым, көреген басшы Димекеңнің қамқорлығымен республиканың өзге өңірлері сияқты, Жамбыл облысының да экономикасы мен мәдениеті өркендеп, қуатты өнеркәсіптік және аграрлық өңірге айналды. Қаратау-Жамбыл территориялық өндірістік кешені жоғары қарқынмен дамытылып, сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласы одаққа «Үлкен химия орталығы» ретінде танылды. Бұл туралы Димекең жарықтық өзінің «Өтті дәурен осылай» атты естелік кітабында жазды. Қолымызда бар деректер, бүгінде арамызда жоқ ағаларымыздың жазып қалдырып кеткен естеліктері де Дінмұхамед Ахметұлының химия кәсіпорындарын үнемі назарында ұстап, жан-жақты көмек-қолдау көрсетіп, кейде ат ізін салып тұрғанынан сыр шертеді. Айталық, 1973 жылы Жамбыл фосфор зауытында болып, жағдаймен танысқан кезінде қазақ кадрларының саны өсіп отырғанын көріп, қуанған екен. Күні ертең 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облысымыздың тарихын Қонаевсыз көзге елестету мүмкін еместігі осы деректерден-ақ айқын көрініп тұр.
Облыс жұртшылығының Дінмұхамед Ахметұлына деген ықылас-пейілдері жоғары екендігінің мысалдарын да көптеп келтіре аламыз. Аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі, 1986 жылғы 16 желтоқсанда өткен, небәрі 18 минутқа созылған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне қарсы жастардың көтерілісіне «кінәлі» етуге тырысқандар Дінмұхамед Ахметұлын қудалауға кірісіп, қаралау науқанын өрістеткенде алдымен араша түсіп, үн көтерген Жамбыл облысының жұртшылығы, олардың пікірлерін батыл жариялап отырған облыстық «Aq jol» газеті болатын. Басылымның сол кездегі бас редакторы Арғынбай Бекбосын ағамыз Димекең туралы «Адам Алатау» атты сұхбат жариялады.
Біздің өңірде Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесі республикада алдыңғылар қатарында 1996 жылдың қараша айында құрылды. Бұған ұйытқы болған жандары жәннатта болғыр Айтбай Назарбеков, Жапар Түйебеков, Әбдіқадыр Жүргенов, Арыстан Өтеулин, қазір арамызда аман-сау жүрген Баттал Жаңабаев ағаларымыз еді.
Құрылған сәтінен бері қор бөлімшесі тындырған тірліктер аз емес. Қор мүшелері – облыстың қадірлі ақсақалдарының қозғау салуымен Тараз қаласындағы бұрынғы Украин көшесі Димекеңнің атын алды. Ал 2002 жылғы қаңтарда көшенің басталар тұсындағы алаңға сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен ескерткіш-бюсті орнатылды.
Сол жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша ардагерлердің, облыс жұртшылығы өкілдерінің қатысуымен Димекеңнің туған және қайтыс болған күндері ескерткішіне гүл қою, еске алу шаралары өтеді. Сондай-ақ еске алуға арналған спорт жарыстары да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Еркін күрестен ересектер арасында өткізіліп келе жатқан халықаралық турнирге АҚШ, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Өзбекстан сынды басқа да ондаған мемлекеттерден спортшылар қатысады. Оны меценат-кәсіпкер Әлімбек Әсембекұлы ұдайы ұйымдастырып, халықтың алғысына бөленуде.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмірі мен қызметін насихаттау бойынша қор бөлімшесі соңғы бес жыл көлемінде біраз шаруа тындырды. Қонаев мұражайына мектеп оқушыларының тегін экскурсияларын ұйымдастыру жолға қойылды. Мұнымен қатар қорымызға мүше болып табылатын ардагерлер білім беру мекемелеріне барып, кездесулер өткізіп тұрады. Тараз қаласындағы «Сенім» баспа орталығынан «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» деген атпен өмір тарихын, қызмет жолын қысқаша қамтыған деректер енгізілген шағын кітапша шығарылды.
Үкіметтің 2017 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен қор бөлімшесімен бір аумақта орналасқан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Қонаев есімі берілгені де жұмысымыздың ауқымын ұлғайтуға жағдай жасап отыр.
Екі жыл бұрын Д.А.Қонаевтың туғанына – 105 жыл, оның атындағы Халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің құрылғанына 20 жыл толуы өңірімізде кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шарада қор қаржысына шығарылған, ардагерлердің естеліктерінен тұратын «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» кітабының таныстырылымы да өтті. Облыс тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Д.Қонаевқа арналып жазба ақындар арасында өткізілген мүшәйрада жүлделі орындарды алғандар марапатталды. Айта кету керек, бұл жыр додасына еңбегінің зейнетін көріп жүрген ардагерлерден бастап, мектепте оқитын жас талапкерлерге дейін қатысты. Олардың бірде-бірі қор тарапынан елеусіз қалған жоқ. Осы мақсатта қордың кеңсесі мен мұражай орналасқан ғимаратта жастарға арнайы қабылдау ұйымдастырылды және оларға сый-сияпаттар жасалды. Сәл кейінірек, жастарды ынталандыру, жаңа шығармалар жазуына шабыттандыру мақсатында қор бөлімшесі мүшәйраға қатысқандардың өлең-жырларын «Заманның заңғар тұлғасы» деген атпен кітапша етіп шығарды. Сондай-ақ Алматының «Эдельвейс» баспа үйінен жарық көрген «Жастар таныған Димаш ата» кітабына жамбылдық жауқазын қалам иелерінің де жазғандары енулеріне қолғабыс еттік әрі кітапты Таразға жеткізіп, мектептер мен кітапханаларға сыйға тарттық.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының аясында Халықаралық Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің басқарма мүшелерімен жастардың ерекше форматтағы кездесуі ұйымдастырылды. «Дінмұхамед Қонаев – дәуіріміздің ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны қор бөлімшесі мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Конференция материалдары арнайы жинақ болып жарияланды.
Былтыр және биыл қордың облыстық бөлімшесі Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасымен бірлесіп, қордың облыстық бөлімшесінің төралқа мүшесі болған қоғам қайраткері, сан қырлы қаламгер Арғынбай Бекбосынның туған күніне орай еске алу шарасын өткізді.
Жергілікті баспадан Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата» деген атпен Димекең туралы естеліктердің екінші кітабы жарыққа шықты. Бұл кітап та алғашқысы сияқты сұранысқа ие болып, тез тарап кетті. Содан да облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен қосымша төрт жүз данасы шығарылып, өңірдегі барлық кітапханаларға үлестірілді.
Демеушілердің көмегімен қор бөлімшесінің қазіргі тыныс-тіршілігін бейнелейтін бейнебаян түсірілді. Сондай-ақ қор басқармасының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Туристер қаламызға көп келетіні ескеріліп қор кеңсесінің маңдайша жазуы жаңартылды, сондай-ақ ғимараттың көше жақ қабырғасына Дінмұхамед Ахметұлының қысқаша өмірбаяны қазақша, орысша, ағылшынша – үш тілде жазылып ілінді.
Қалыптасқан дәстүрге сай Д.Қонаевты еске алуға арналып ардагерлер арасында бильярдтан, жастар арасында футболдан жарыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бұларға қолдан келгенше қаржылай көмек көрсетудеміз.
Димекеңнің рухына деген халықтың құрметі қашанда жоғары. Осыны айқын сезіне отырып, алдағы уақыттарда атқаруды ойластырған шараларымыз да аз емес. Соның ең ірісі – Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдығын лайықты атап өту болып табылады.

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,
Д.Қонаев атындағы Халықаралық қоры облыстық бөлімшесінің төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Мыңнан бір сәт

Ұлық болса да кішік еді…

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы болған Дінмұхамед Қонаев 22 тамыз күні дүниеден озған еді. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, 8 рет Ленин орденін алған, сондай-ақ Еңбек Қызыл Ту ордені мен көптеген медальдарды иеленген Дінмұхамед Ахметұлы КСРО-да ең биік саяси лауазымға ие болған алғашқы қазақ. Ол КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатын басқаратын 15 саяси бюро мүшесінің бірі болған. Осынша дәреже мен марапаттарға қол жеткізген ұлы тұлғаның қарапайымдылығына, кішіпейілділігіне қатысты ел арасында көптеген қызықты, дәлірек айтқанда сүйсінетін естеліктер қалған. Солардың бірі – Қонаевтың үлкен лауазым иесі бола тұра, жеке күзетшілері болмапты. Жұмысына жалғыз өзі жаяу барып келе береді екен. Академик шені үшін берілетін 340 рубльдік төлемақыдан бас тартқан. Бүгінде мұражайға айналған, жалпы ауданы 200 шаршы метр пәтерінде 24 жыл тұрыпты.
Кезінде КСРО-ның басшысы болған Леонид Ильич Брежнев Алматыға бірінші рет келгенде Қонаевтың шаңырағына бас сұғады. Шағын пәтерін әрі аралап, бері аралап, «Бар дүниең осы ма?» деп таңырқапты деседі.
Әлі есімде, 1970 жылдардың басы, жаз мезгілінің соңы болатын. Футбол тамашалауға орталық стадионға бара жатқан бетім еді. Тараз қалалық әкімдігі ол кезде облыс басшыларының мекемесі-тұғын. Орталық алаң арқылы ғимараттың алдынан өте бергенімде, ұзын бойлы, аққұба келген кісі бір топ қызметкерлермен бірге шыға келді.
Алдын кесіп өтпейін деп, кілт тоқтадым. Мұндай сәтке тап болам деп еш уақытта ойламаппын. Қарасам, Димаш аға. Менің кідіріп қалғанымды көрген ол оң қолын көтерді де, жеңіл автокөлікке мініп кетті. Ол кісінің маған көрсеткен ишарасы әлбетте «рахмет» деп, ілтипат танытуы еді. Жоғарыда айтқан ұлылығы, өте қарапайым болғандығы көшеде кезіктіріп қалған сол бір сәтте-ақ сезілді. Ұлық бола тұра кішік бола білген тау тұлғаны еске алған сайын сол бір сәт ойыма орала береді.

Барат МЫҢБОСЫНОВ,
зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support