- Advertisement -

«Тауарлы несие» – Уақыт талабына сай ұсыныс

91

- Advertisement -

«Aq jol» газетінде жарияланған «Ауылдың тұрмысын жақсартудың тиімді жолдары жоқ емес» атты мақаласында Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев ауылда тұратын әрбір отбасының табысы мен тұрмысы сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге субсидия берілуін реттеу мәселелері жөніндегі ойларын ортаға салған екен. Әсіресе автордың бір кезде өзі қолданысқа енгізген ауылдықтарды малды ету бағытындағы «таластық нұсқасы» қолдауға тұрарлық бастама десе де болады. Б.Құлекеевтің әкімдік қызмет атқарған кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларындағы жүйесіздіктерді реттеу үшін батыл қадамдарға да барғаны, жұмыссыздық пен кедейшілікті азайтудың оңтайлы жолдарын іздестіргені есімізден шыға қойған жоқ. «Таластық тауарлы несие» идеясы осы тұста дүниеге келген-ді. Салық өтемі ретінде айырбасқа (бартер) мың-мыңдап кетіп жатқан малды шаруа қожалықтарына үш жылға несиеге беріп, оның шығынын жергілікті бюджет арқылы жаба отырып, кейін салық есебінен өтеу технологиясының енгізілуі көптеген отбасының қорасындағы малының саны еселеп өсуіне септесті. Соның нәтижесінде 4 жылда 15 мыңнан астам тоқты тұрғындарға несиеге берілді.
Ауданымыздағы Елемес Бекбасаров бастаған біраз бақуатты малшының осы бастамаға іле қолдау білдіріп, оны жалғастырып әкеткені де бар. Бұл істің бүгінде жемісін көріп отырғандар да жоқ емес. Тек бастаманың одан әрі жалғаспай қалғаны болмаса.
Бұл іс облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған облыс тұрғындарының тұрмысын жақсарту жөніндегі қанатқақты жобаның бір тармақшасы ретінде қарастыруға әбден лайық деген ойдамыз. Бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтері, басқа да аграрлық, кәсіпкерлік құрылымдардың мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар аясында өз жұмыстарын жүйелеуіне мүмкіндіктері бар. Ал қорасындағы азын-аулақ малынан нәпақа айырып отырған қарапайым ауыл тұрғындарына көмек пен қолдау әр кезде де керек. Халықтың қарекеті – шаруасында. Шаруасы күйлі болса, халық та күйлі. Сондықтан ауыл тұрғындарына жұмыс беру, қорасына мал толтыру мәселелері қазірден ойластырылуға тиіс. Ойластырылып та жатыр.
Әсіресе өңірімізде тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарын, ауыл сыртындағы жер телімдерін, мал жайылымдарын тиімді пайдалануын қарастыратын өңірлік қанатқақты жобадан күтеріміз көп-ақ.

Байұзақ КӨЛБАЕВ,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support