- Advertisement -

ЖАСТАРҒА ПАТРИОТ ТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ НЕГІЗІ

97

- Advertisement -

«Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында патриотизм ұғымына түсініктеме берген.
Патриот – грек сөзі, төл тілімізде жерлес, отандас деген мағынаны білдіреді. Ал патриот кім? Қандай адамды патриот деп атаймыз? Патриот – өз отбасын ұлтын, халқын, Отанын сүйетін адам. Ал «патриотизм» ұғымына философиялық сөздікте мынадай анықтама берілген «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, Отанға адалдық, Отанға деген мақтаныш».
Қазақ ғалымдары мен қоғам қайраткерлері «патриотизм» ұғымына әртүрлі түсініктемелер мен анықтамалар берген. Мысалы, философ А.Айталы өзінің «Ұлттану» атты монографиясында: «Патриотизм, ол – отаншылдық, ол – туған жеріне, ұлтына деген адал ниет, мемлекеттің күш-қуатын, өміршеңдігін, тұтастығын қорғайтын рухани «тірек» дейді. Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өзінің «Қанмен жазылған кітап» атты еңбегінде «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік», «Отан үшін отқа түс, күймейсің, Арың үшін алыс, өлмейсің» деген даналық-нақыл сөзін айтқан. Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Патриотизм – елімізді құрудың іргетасы» деген.
Енді «Қазақстандық патриотизм» деген ұғым бар. Оның мәні неде? Қазақстанда 130-дан аса ұлттар мен ұлыстар мекен етіп өмір сүруде, олар Қазақстанды өз Отаным деп санайды. Міне, осыдан келіп «қазақстандық патриотизм» ұғымы пайда болған. Яғни «Қазақстандық патриотизм – елімізді барлық ұлттардың шынайы Отанына және мақтанышына айналдырып, ешкімді өгейсітпей тәрбиелеу». Сонда ғана қазақстандық патриотизм – бауырмалдылықтың, парасаттылықтың және еңбексүйгіштіктің қайнар көзіне айналады.
«Ұлттық патриотизм» деген қандай ұғым? Ұлттық патриотизм – елі мен жерін, бостандығын, тәуелсіздігін сақтау, ұлт намысын жоғары дәрежеде ұстау үшін күрес болып табылады. Сонымен ұлттық патриотизм, ол – ұлтжандылық және қазақи патриотизм ұғымдары бір мағынаны білдіреді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясы бүгінгі күні – ұлттық идеяға айналды, яғни қазіргі қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел. Осыдан келіп «Жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымы пайда болған. Сонда «жаңа қазақстандық патриотизм» деп Қазақстанды мекендеуші барлық ұлттардың Мәңгілік Ел – Ұлттық идеясының жүзеге асуына бар ниетімен және күш-қуатымен еңбек етуі».
2005 жылы ҚР-ның азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламада «Патриоттық тәрбие деп азаматтардың туған еліне деген жоғары патриоттық санасы мен патриоттық сезімін қалыптастыру» деген анықтама берілген. Сондай-ақ патриоттық тәрбие – жеке тұлғаны отансүйгіштікке тәрбиелеу деген сөз.
Қазақ ағартушысы, ғалымы, ойшылы Шоқан Уәлиханов жоғарыда айтылған «патриот», «патриотизм», «отаншылдық», «ұлтжандылық», «қазақстандық патриотизм», «қазақ патриотизмі», «жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымдарын біріктіріп, өзінің патриоттық сезімін былай білдірген: «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай: мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін…».

Ләззат БӨЛЕЕВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support