- Advertisement -

Табандылығымен топ жарған

102

- Advertisement -

Көкірегіне сәуле болып құйылған ата-ана тәрбиесі Сұлтан Есімұлының рухани ішкі жан дүниесінің байлығы мен шуақты болмысының іргетасын қалағанын ең алдымен айту парыз. Дәл осы әке қанымен, ана сүтімен келген тектілік жас жігіттің ғұмырлық ұстанымын қалыптастырды. Сұлтанның тек ата-анасының баласы емес, ұлттың ұлына айналуына қаланған негіз болды. Өмірдің қат-қабат тірлігінде Сұлтан Есімұлының бойындағы осы бір бекзат қасиет жылдан-жылға маздап жанды. Қайратына қуат қосты. Осылайша қазақтың намысын оятатын, қазақтың мүддесін қорғайтын, ел еңсесін көтеретін, ақиқат таразысында жасаған талай игі істері оны шын мәнінде биікке көтерді, қайраткерлік деңгейге қаймықпай қосылуының алғышарты болды.Қазақта «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» дейтін әдемі бір теңеу бар. Таңдандыратын, риза қылатын, еріксіз назар аудартатын алабөтен құбылыс осылай суреттеледі. Тағы бір анық: адамның өзгелерге ұқсамайтын болмыс-бітімін көрсететін өлшемді де осы сөз тіркесімен әспеттеп жатамыз. Шыны сол, Сұлтанның жүрегі гармония мен үйлесімділікке толы. Оның басқаларды өзіне ерекше тартатыны – осы гармонияны жүрекке қондырып тұрған көңіл гравитациясы атты құдіретті күштің қонақтай алғаны. 

Сұлтан Есімұлының өмір жолына назар аударсам, ілкі сәтте осындай ойға қалатыным рас. Тағдырын айналасындағы адамдарға қуаныш пен шаттық сыйлауға арнаған кісі өмір айдынында өзінше із тастап, өзіндік қолтаңбасын қалдырып, көпшіліктің көзайымына айналып жататыны да – жылы құбылыс. Біреуі тасқын судай екпінді, біреуі есіліп аққан Есіл өзеніндей болып салмақпен келетін кәсіподақ лидерлерінің қалайда халықтың тамыр соғысын тап басатын шолғыншыдай атқа қонатыны – ақиқат іс. Солардың ішінде Сұлтан Есімұлының есімі ерекше аталатыны тағы рас.
Сұлтан Қалиев – шабыттың үркек көгін қамшылаған ортада мүлде өзіндік қасиетімен ерекшеленген тұлға. Ол Абайша айтқанда, «жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асыл тас» деп, тіршілікте кездесетін астарлы, көмескілеу тұстарға, басқа біреу мән бере бермейтін құпиясы мол түйткілдерге тура шауып, қиядан қызыл көрген түлкідей өзінің кәсіподақ жұмысының бастауына бұрын-соңды басқалар салмаған тың жолымен келді. «Жарқ еткен алмастың жүзіндей» деп отырғанымыз сол. Оның соңғы бес-алты жылда атқарған ауқымды істері осы сөзімізге дәлел.
Негізі Сұлтан Есімұлы әлеуметтік жүкті қара нардай көтеретін соқталы дүниелермен айналысатын атпал азамат екенін айтпай кетсек – арымызға сын. Кәсіподақ басшысының әділетсіздік пен парықсыздыққа деген қарсылығы оның адами ішкі жан дүниесімен арпалыса астасып көрініс береді. Кез келген ісінде. Тағы бір назар аударарлығы – оның кестелі көркем тілмен, халықтық болмыс бояуымен ерекшеленетін шешендігі жаңағы әлеуметтік жүктің ауқымын, танымдық мұратын одан сайын ұлғайта түсетіні де жүректі дір еткізіп өтетіні бар.
Қай іске де бел шешіп кірісіп кететін Сұлтан Есімұлының қайсарлығы мен табандылығына қоса тағы да таптыра бермейтін екі қасиетіне қайран қаласың. Төменнен салсаң төске озған, қыраттан салсаң қияға өрлеген шалымдылығы мен күмбез көктің, қараңғы тұңғиықтың жымыңдаған «шамдарын» санаған жұлдызшыдай алғырлығын айтпай тағы отыра алмайсың.
Сұлтан Есімұлы – талантты басшы, іскер тұлға. Көргені мен түйгені мол азамат. Кешегі кеңестік өмірді де, өтпелі кезеңді де, тәуелсіз еліміздің қалыптасуын да зерделеген азамат. 1981 жылы Фрунзе политехникалық институтының сәулет-құрылыс факультетін инженер-құрылысшы, 2003 жылы Алматы қаласындағы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын заңгер мамандығы бойынша бітірген Сұлтан Қалиев көптеген ғылыми мақалалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының авторы. Еңбек жолын Қырғыз КСР Ыстықкөл облысының Пржевальск қаласындағы «Иссыккульоблмежколхозстрой» бірлестігі өндірістік-техникалық бөлімінің инженері болып бастаған ол 1983-1992 жылдары Қазақстан ЛЖКО Красногор аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы; Қазақстан ЛЖКО Жамбыл облыстық комитетінің насихаттау және ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі, хатшысы, бірінші хатшысы; Қазақстан Жастар одағы Орталық Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
1992-1996 жылдар аралығында «Қазақстандағы азаматтық бейбітшілік» қауымдастығында, Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігінде, Білім және ғылым министрлігінің дене тәрбиесі жөніндегі басқармасында, «Денсаулық және спорт» республикалық қорында, Алматы қаласында өнеркәсіп-қаржылық корпорациясында басшылық қызметте жұмыс істеді. Бұл тұста да ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көрінгенін көп адам ұмыта қойған жоқ.
1996 жылдың қаңтарында Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезінде облыстың әлеуметтік мәселелерін табандылықпен шеше білгенін қазір көп жерлестері мақтанышпен айтып жүр. 1997 жылы Сұлтан Есімұлының қолдауымен Жамбыл қаласы өзінің тарихи Тараз атауына қайта ие болғаны – ол атқарған халықтық істің біреуі ғана.
С.Қалиев 2002 жылдың мамырынан 2013 жылдың желтоқсанына дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ жүйесінде жұмыс істеді. Менеджер қызметінен бастап департамент директорының орынбасарына дейін көтерілді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да менеджер, аға менеджер, жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары, әкімшілік департаменті директорының орынбасары, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі, «Азия газ құбыры» ЖШС бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіпорынның Астана қаласындағы өкілдігінің директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да әлеуметтік саясат және жұртшылықпен байланыс департаменті директорының орынбасары, адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу департаменті директорының орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Бұл қызметтерде де Сұлтан Есімұлының атқарған жақсы істерін толық тізіп шығу мүмкін емес.
С.Қалиев көп жылғы және мінсіз қызметі, жоғары ұйымдастырушылық және басқару қабілеттері, кәсіби шеберлік дағдыларының арқасында кәсіподақ қозғалысының дамуы мен жаңғыруына, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әлеуметтік серіктестік жүйесінің нығаюы мен өркендеуіне елеулі үлес қосты. Оның бастамасы бойынша республиканың кәсіподақтары тарихында алғаш рет 2017-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай химиясы салаларындағы әлеуметтік серіктестік туралы салалық келісімге еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тетігін анықтайтын жеке бөлім енгізілді.
Дей тұрғанмен, қырық жылға жуық қызметінде өз өрнегін қалдырып, соңғы жылдары кәсіподақ қозғалысының дамуына біркісідей үлес қосып келе жатқан Сұлтан Есімұлы қашанда ізденісінен жаңылған емес. Әлі ширақ. Сол баяғы жас кезіндегідей белсенді. Айналасын жандырып жүреді. Ішіндегісін бүкпесіз жайып салатын, көзқарасын бүгіп қалмай тік айтатын қалпынан еш айнымаған. Ол – 2015 жылдың маусымынан бастап осы уақытқа дейін Кәсіподақтар Федерациясының Бас кеңесі мен Атқару комитетінің мүшесі. 2017 жылдан бастап Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамында, сонымен бірге әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үш жақты комиссияның және мұнай-газ саласында әлеуметтік серіктестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның мүшесі.
Өмір шіркін шапқан аттай зуылдап алға жылжып барады. Кешегі комсомолдың аудандық комитетінде талай жалынды істерімен қатарласының алдына шыға білген жалындаған жас Сұлтан бұл күндері сақа саясаткерге айналған, қазақ тред-юнионының қара нарындай әр істе де қажырлы, байсалды, толымды шаруаларымен елең еткізеді. Тәуелсіздіктің жемісін, халқымыздың жеңісін паш ететін, еліміздің әлем өркениетінің керуеніндегі орнын, мерейі өскен қазақтың шаттығы мен қуанышын баянды ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген салиқалы басшыға тәнті боласыз. Оның қазіргі тыныс-тіршілігіне үңілсеңіз, Сұлтан Есімұлының ендігі мақсат-мұратын да жазбай танисыз.
Мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет» орденінің иегері Сұлтан Есімұлының қазіргі қызметі туралы кеңірек айтқанымыз жөн деп ойлаймын. Өйткені ол – осы істің бастауында тұрған азамат. 2013 жылдың аяғына қарай «ҚазМұнайГаз» компаниясы тобында әлеуметтік әріптестікті нығайту, кәсіподақ ұйымдарын топтастыру мен олардың қызметін үйлестіру мақсатында біртұтас салалық кәсіподақ құрылды. Осылайша мұнай-газ холдингінің құрылымдық бөлімшелерінің көптеген тред-юниондары бір ұйымға біріктірілді.
Біріктірілді деу – айтуға ғана оңай. Ұйымдастыру мәселелері өзіне тапсырылған уақытта Сұлтан Есімұлы күн-түн демей осы істің басында жүргенін әлі көп адам ұмыта қойған жоқ. Әрине компанияның барлық еншілес және тәуелді ұйымдарында бұрында да кәсіподақтар жұмыс істеген. Дегенмен олар өз ұжымдарындағы оқшау мәселелермен ғана айналысты. Оның үстіне, олардың іс-қимылы бытыраңқы болды және оларды ешкім үйлестірмеді. Сондықтан да осы шағын кәсіподақтарды орталығы Астанада болатын бір ортақ ұйымға біріктіру туралы шешім қабылданды. Осы шешімді жүзеге асыруда Сұлтан Есімұлы табандылық танытты. Ата-бабаларымыздан қалған тамаша бір сөз бар. «Үй үстіне үй тіксең, онан да жылы болады» дейді. Ең бастысы, Сұлтан Есімұлы шашырап жатқан оқшау ұйымдардың лидерлерін аталы сөздің мәні мен маңызына иландыра білді. Дәл осы тұста оның ұтқыр ұйымдастырушылық таланты жарқырай көрінді.
Қызметкерлер мен жұмысшылардың әлеуметтік мүддесін қорғайтын бір-бір кәсіподақ ұйымын басқарып келген жетекшілердің басын жоғары тұратын ұйымға қосу әрине, психологиялық тұрғыдан да, адами тұрғыдан да қиын еді. Әрине, олар да өз жұмыстарында табандылық танытып, әлеуметтік мәселелердің оң шешімін табуына кеңінен жол ашып жүргені белгілі болатын. Алайда жеке-жеке жүріп жол табу – бір басқа. Бірігіп жүріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» – бір басқа. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы өндірістік тұрғыдан қатысатын барлық өңірлерде оның бөлімшелері қызметкерлерінің мұқтаждарын ескере отырып, компанияның басшылығы үшін бірыңғай ұсынымдар әзірлеуге жол ашу керектігіне Сұлтан Есімұлы өзінің болашақ әріптестерін сендіре білді. Осы тұста да оның көшбасшылық қасиеті көп көмектесті.
Сонымен бірге Сұлтан Есімұлы кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыру және оларды оқытуға көп көңіл бөледі. Өйткені өз құқығын жақсы білетін кәсіподақ жетекшілері істі оңға сүйрей алады. Осы орайда қоғамдық бірлестік тәжірибе алмасу мақсатында Израиль, Германия, Ресей, Қытай тред-юниондарында болып, халықаралық мол тәжірибе жинақтап қайтты. Сұлтан Есімұлы ҚРКФ Оқу Орталығының жетекші мамандарын тарта отырып, «Кәсіподақ лидерлеріне арналған келіссөздер мен медиация» деген тақырыпта семинар өткізуге мұрындық болды. Ерекше атап өтетін жайт, сайланбалы органдар және бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелері үшін 2017-2019 жылдарға арналған жаңа салалық келісімшарт ережелерін түсіндіру және нақты жүзеге асыру бойынша арнайы семинар-тренинг өткізілгені де – салалық кәсіподақ бірлестігінің жарқын істерінің бірі.
Сұлтан Қалиев осы жылдар ішінде салалық кәсіподақтың қызметі мемлекеттік органдармен және жұмыс берушімен тиімді әлеуметтік сұхбат пен әріптестік жүргізу қағидаттарына негізделген бірыңғай саясатты тиімді түрде іске асыруға мүмкіндік беретінін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Бұған қоса, Сұлтан Есімұлы – кәсіподақ қозғалысындағы вертикалды байланыс ұлттық, салалық, өңірлік деңгейде де мәселені төменгі деңгейге дейін жеткізуді, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіподақ ұйымдарының басшы органдарымен кері байланысын қамтамасыз етуге қол жеткізе білген білікті жетекші.
Сұлтан Есімұлының қасында жиі жүремін. Одан үйренетініміз көп. Қай жағынан алсаң да пассионерлік қасиеті көзге ұрып тұрады. Біріншіден, өз ісіне деген пассионерлігі. Қолға алған кез келген ісін мұқият атқармай көңілі жайлана қоймайды. Астанадағы толып жатқан жұмысына нұқсан келтірместен бір айдың ішінде бірнеше облысқа іссапармен шығып келуге де үлгеретінін қайтерсіз. Мамандыққа деген махаббат құдіреті осы болар.
Екіншіден, өмірге деген пассионерлігі. Ол биыл алпыс жасқа толды. Бойын тік ұстап жүретіндігін былай қойғанда, ешқашан консерватизмге берілмейтіндігімен тәнті етеді. Өткенін айтып мақтанбайды.
Үшіншіден, айналасындағы адамдарға деген пассионерлігі. Онысы өзінің туа біткен төл қасиетіндей көрінетін қарапайымдылығынан анық байқалады.
Алайда бұлардың барлығы – біз білмейтін көп адамдарда да ұшыраса беретін жалпыадамзаттық құндылықтар.
Ал енді, оның бойындағы төртінші құштарлық біздің қоғамда өте сирек кездеседі. Бұл қазақ біткеннің бойына кездейсоқ құйыла кететін қасиет деп айта салу мүмкін емес. Ол үшін ең алдымен рух ірілігі керек. Одан қалды, азаматтық мәдениет керек. Сонда ғана ұлты мен адамзатқа деген пассионерлік бойға бітеді. Әрине бұл дәрежеге жету өте қиын. Сұлтан Есімұлы осынысымен құнды.

Шархан НАҒЫМЕТҰЛЫ,
публицист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support