- Advertisement -

Бетбаевтың інілері, Желдібаевтың шәкірт тері

58

- Advertisement -

Тараз аспанын ән мен күйге бөледі

«Ән – көңілдің ажары» демекші, әсем сазға кімнің жаны жадырамайды дейсің. Тараздағы жаңарған «Жеңіс» саябағында қыдырып, көңілді демалыс өткізетіндер көп. Оларға әдемі саябақ, батырлар тағылымынан сыр шертетін тарих, аққу жүзген көл бәрі-бәрі көңілді демалыс сыйлайды. Дегенмен құлақтан кіріп бойды алған әсем әннің жөні бір бөлек.
Осы ескерген облыстық халық шығрамашылық орталығы апта сайын бір ауданның «Жамбылым қандай тамаша!» атты мәдени іс-шарасын өткізуді қолға алған. Өткен жұмада бұл дәстүрді Шу ауданының өнерпаздары жалғады. Бұл іс-шара Жастар жылы аясында облыстың 80 жылдығына орай жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Сондықтан болар концертке аудандардан жас өнерпаздар көбірек келуде.
Шулықтардың концерт шымылдығы Ерлан Сәулебаевтың «Рухты қазақ» әнімен ашылды. Ажар Аюбтың орындаған патриоттық әндері де тараздық көрерменді бір желпінтіп тастады. Белгілі жыршы-термеші Аяз Бетбаев, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев шыққан жердің талантты жастарының талабы таудай. Қос дауыста шырқалған әндер де көпшілікті әдемі әсерге бөлеп жатты. Мәселен, «Wai Five» тобы Тараз аспанын думанға бөлесе, Надира Болаева мен Талғат Алтыбаев, Мақсат Мақсұт пен Мадина Серпер, Ұлбосын Мырзақұлова мен Нұржан Амангелді дуэттері де әсем әуенді әуелетті. Олардың орындауындағы «Жаным қазақ», «Жүрек алдамайды», «Бағым сен», «Біргеміз» әндері тараздықтарды «пах, шіркін-ай!» деп тамсандырды. Еркеш Алик, Бағлан Роланов орындаған әндер де әсерлі шықты. Біз шулық өнерпаздарды бастап келгендермен тілдестік. Аудандық Мәдениет үйінің директоры Дидар Аукешов «Осы іс-шара – өте жақсы үрдіс. Мінекей, біздің ауданның жас әншілері де өздерінің өнерлерін тараздықтарға көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл олардың ысылып, шыңдала түсуіне ықпал етеді. Шулық этнографиялық ансамбль өткенде облыстық байқауда бас жүлде, республикалық байқауда арнайы жүлде алды. Мұндай концерттің өтіп тұрғаны өте дұрыс» – деп ағынан жарылды.
Шулықтардың концерті жақсы өтті. Көрермендер де жеткілікті жиналды. Көңіліміз де бір «әттеген-ай» кетті. Ол – көрермендер отыратын орындықтың жоқтығы. Негізі, ұйымдастырушылардың айтуынша қалалық «Жасыл – Тараз» мекемесінде ондай үлкен орындықтар бар екен. Соны он ауданның концерті біткенше «Жеңіс» саябағына әкеле тұрса, артық болмас еді. Екі сағатқа созылатын концертті тікеңнен тік тұрып тыңдау оңай емес. Жастар болмаса, үлкендер жағына өте қиын. Осындайда қатар-қатар қойылған 50-60 орындық болса, «Жамбылым қандай тамаша!» іс-шарасының көрермендері мұнан да молая түсетін бе еді деген ойда қалдық. Одан кейін Шона Смаханұлының сөзіне жазылған «Жамбылым қандай тамаша!» деген әнді әр аудан өнерпаздарының хормен айтуы міндеттелсе де артық болмас еді. Себебі, біздің тамаша өңірімізге биыл 80 жыл емес пе?

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support