Әулиеата айтысы: кеше мен бүгін

«Ел іші – өнер кеніші» дейді қазақ. Бұл сөздің қазақтың ғажайып өнері айтысқа да қатысы бар. Себебі біздер қазақ даласында, оның ішінде Әулиеата жерінде қанша айтыскер ақынның ғұмыр кешкенін тап басып, дәл есептеп айтып бере алмаймыз. Білетініміз – есте жоқ ескі заманнан бері ғажайып айтыс өнерінің желісін үзбей, бояуын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны. Сондықтан Әулиеата айтысының кешегісін Жамбыл Жабаевтан бастап сөз етсек, білместігіміз болмайтын шығар.

«Жас демей, кәрі демей айтысатын, Біздерге Сүйінбайдан мирас қалған» дегендей, Жамбыл Жабаев – сол Сүйекеңнің шәкірті. Жамбылдың:

«Сүйеке, салдым бір сөз сыныңызға,
Сіздің сын таразы ғой жырымызға.
Қолыма домбыра алып, талап қылдым,
Бересіз қандай баға мұнымызға?»

– дегені інілік ізеті, шәкіртке тән ілтипаты екені анық. Жыр алыбының Мойынқұм аумағындағы Жамбыл тауының етегінде туғаны, сол хан Жамбылдың ұрпақтары Тараз қаласы мен Талас, Сарысу аудандарында өсіп-өніп, тұрып жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. 13 жасында Сүйінбайдың батасымен топқа түскен Жамбылдың заманының даусыз дарыны, шашасына шаң жұқпаған ақыны болғаны белгілі. Ақынның сол арыны 100 жыл бойы толастамағаны да шындық, таңдануға татитын ақиқат. Оның Ұлы Отан соғысындағы кеңес жауынгерлерін жігерлендірген рухты өлеңдері – алтын қазына. Ал Әулиеатаны Жамбыл қаласы деп атау жөнінде шешім шыққанда:

«Атыңнан айналайын Әулиеата,
Атыңды мен алды деп болма қапа»,

деп толғануы нағыз даналықтың көрінісі болса керек.
Қазіргі таңда 35 жастан асқанда: «Ойбай, «шал» болдық, айтыстан кетемін», дейтіндерге жүз жыл жырлаған Жамбыл үлгі болса керек. Жамбылдың ізін Қордайдан шыққан Кенен Әзірбаев басты. Жыр алыбының үміт артқан сенімді шәкіртіне айналды. Біздің өңірдің айтысы сөз болғанда: «Жамбыл мен Кенен» деп қатар аталуының өзі бекер емес. Осындай алып ақындардың өздері түгілі, солардың көзін көргендер сиреп барады.
Ал енді Жамбыл мен Кенен мұраларын белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің зерттеуін қазақтың айтысына деген жанашырлық деп түсінемін. Қызметте жүрген Мырзекеңнің қым-қуыт жұмысынан уақыт тауып, Қордайға Кенен ақсақалды іздеп барып, мұраларын, бірнеше әндері мен өлеңдерін жаздырып алуы – бүгінгі ұрпаққа жеткен үлкен олжа.
Айтыстың ғажайып өкілдері Жамбыл мен Кененнің ізін Шу ауданынан шыққан Аяз Бетбаев жалғастырды.

«Жамбыл мен Сарыбастан алған бата,
Ассалаумағалейкум Кенен ата»

деп басталатын Аяздың ұзақ толғауын білмейтін айтыс өкілдері жоқ.
1983 жылдары Жүрсін Ерманның қолдауымен қазақ айтысы жанданып, теледидардан көрсетіле бастады. Сол тұста біздің өңірдің намысын Аяз Бетбаев, Шырын Мамасерікова, Шорабек Айдаров, Серік Қалиев қорғады. Ол кезде облыстардың арасында командалық айтыс өтетін. Командалық айтыс әр өңірдегі айтыскерлердің бірлігін, ынтымағын арттыра түсетін.
1987 жылдары айтыс әлемінде байзақтық жерлесіміз Әзімбек Жанқұлиев шыққан күндей жарқ ете қалды. Ауған жерінен отандық борышын өтеп келген кезі болатын. Қызылордада Ғани Мұратбаевтың құрметіне өткен комсомолдар айтысының лауреаты атанды. 1988 жылы Алматыдағы айтыста Әзімбек Жанқұлиев бас жүлдені иеленді. Бұл жолы ол шымкенттік Әселхан Қалыбековамен жеңге мен қайынның өрелі, ғажайып айтысын жасады. Әзімбек Аяздың шәкірті болатын. Сондықтан болар, ол айтысқа өзіндік мақамымен, әуезді үнімен, суырыпсалмалық шеберлігімен келді. Оның ұстазы – ақын Қасқырбай Нарбатыр. Айтақын Бұлғақовпен бір айтысында Әзімбектің:

«Айтақын шыға салып секең етті,
Байқаймын өлең сөзге көкем епті.
Өзіңді Жамбыл жаққа шақырып ап,
Тепкізіп қояр ма еді текеметті»,

деп әзілдегені естен кетпейді.
Айтыс әлемінде маңдайы жарқыраған айтыскерлердің бірі – Шорабек Айдаров. Ол 1990 жылы Ақкөлде өткен Ұлбике Жанкелдіқызының рухына арналған облыстық айтыста бас жүлдені иеленіп, ақбоз ат мінді. Осы жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында өткен ІІІ республикалық айтыста үшінші жүлдеге лайық деп танылды. Әттең-ай, Әселхан жеңгесінің «Құлқайнар» дегенін «Қылқи нар» деп жаңылыс естімегенде, одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін болатын. Құлақтың қағыс естуінен жеңгесінен оңбай ұтылғанын мойындап, орнынан тұрып кеткен. Ол да талай айтыскердің қолынан келе бермейтін шешім. 1991 жылы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына арналған республикалық айтыста да бас жүлдеге қол жеткізді. 1994 жылы Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдығына орай өткен республикалық айтыста бас жүлдені олжалап, темір тұлпармен қайтты. Сол айтыста Әселхан жеңгесіне кеткен есесінің қарымтасын қайтарған еді. Әселханның:

«Ағайын, Шорабекті қолдаңдаршы,
Жүрген бір бейшара еді бағы ашылмай.
Дорбада желінбестен он күн жүріп,
Сақтардың қатып қалған қалашындай»,

дегеніне Шорабек жерлесіміз:

«Дегенде жеңгем деймін, жеңгем деймін,
Өзіңді ешбір жаннан кем көрмеймін.
Сақтардың қалашындай болсам-дағы,
Қадірлі не бар екен наннан деймін.
«Байқұс» деп мына мені аямашы,
Мен саған оңайлықпен жан бермеймін»,

деп шахматтың тілімен айтқанда «мат» қояды.
Шорабектің тағы бір ерекшелігі – айтыстың болашағы үшін бірнеше шәкірт дайындады. Атап айтқанда, Ербол Қамбатыр, Үміт Битенова, Басқанбек Раев, Мәдина Сәбденбекова, Мәдина Сағымбекова, Асқарбек Айдаров, марқұм Бекен Досалиев, Райхан Мәселбекова, Алтыншаш Баққараева, осы жолдардың авторы, Олжас Отар, Шырынбек Қойлыбаев, Біржан Сөктай, Айнұр Шаханова, Нұрым Сырғабаев… Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Шорабекпен замандас болған Серік Қалиевтың да өңір айтысына сіңірген еңбегі үлкен. Серік қазақ айтысына Ахметжан Өзбеков пен Айнұр Тұрсынбаеваны тәрбиелеп, баптап қосты.
Жамбыл өңірінің өнерінде өз ерекшелігі, мінезі, орны бар айтыскер – Айтмұханбет Исақов. Айтекең айтысқа тың теңеу, тереңдік әкелген айтыскерлердің санатынан. Алғаш айтысып жүргендегі:

«Қолымда қоңыр дауысты қара қайың,
Демеу ғып сөз патшасын саралайын.
Жанына қара өлеңнен қанат біткен,
Мен едім, топтан озған дара тайың.
Ауыздағы аталы сөздерімді,
Ауадай бұл аймаққа таратайын.
Төрт көзі түгел отқан төрге қарап,
Ассалаумағалейкум, ал ағайын»,

деп амандасуының өзі оның биік деңгейін аңғартса керек. Айтмұханбет аға анау-мынау емес, әйгілі Мұхамеджан Тазабековтің ұстазы. Одан бөлек айтыс додасына Алик Бекмұсаев, Нұрқанат Қасымов секілді айтыскерлердің жақсы өнер көрсетуіне себепкер болғаны бар. Осы жылдары Алтынкүл Қасымбекова да айтыс додасында жарқылдап, үлкен нәтижелерге қол жеткізді.
Әулиеата өңірінің айтысы туралы айтылғанда шулық Базарбай Асқаров, байзақтық Болат Басықараев, Ертай Тазабеков, меркілік Бейбіт Шошабаев, сарысулық Алик Бекмұсаев пен Талғат Құсайыновтың есімдерін құрметпен атап кеткеніміз әділдік болады.

МҰХАМЕДЖАННАН
МЕЙІРЖАНҒА ДЕЙІН

Өңір айтысында байзақтық Мұхамеджан Тазабековтің орны ерекше. Ол оқушы күнінен айтыстың жоғары сахнасынан көріне білді. Оның ұстазы Айтмұханбет Исақов екенін жоғарыда айттық. Мұхаң қазақ айтысындағы ерекше құбылыс болып, өзі биік деңгейге көтерілу арқылы қазақ айтысын да бір сатыға көтерді. Сол уақытта айтыскерлердің көпшілігі «Мұхамеджанмен айтысқа түсіп қалмасақ екен» деп тілейді екен. Осы тұста жазушы Елен Әлімжанның, мәдениет жанашыры Әлібек Әмзеұлының еңбегі ерен. Қалай десек те Мұхамеджан Тазабеков 14-15 жыл бойы айтыстағы биік деңгейін сақтап тұрды. 1998 жылы Алматыда өткен үлкен айтыста батыстық Мэлс Қосымбаев Мұхаңа:

«Өлеңнің май толады жілігінде,
Саған аға, біреуге інімін де.
Өмірде тимей қалмас деп ойлаймын,
Ақынның алмас қылыш тілі кімге?
Майдаланбай, мен үлкен махаббатпен,
Мен өлемін өзімнің биігімде»,

дегеніне Мұхамеджанның:

«Ағам деп талай сені елегенмін,
Інілік ізетіммен жебегенмін.
Суырып салмайсың деп кінә артасың,
Көсемі секілденіп көрегеннің.
«Өзімнің биігімде өлемін» деп,
Өзің сөзін айтасың Төлегеннің.
Біреудің шаңырағын аласартпа,
Тарлығын білмей тұрып керегеңнің!»,

деп жауап берген шумағы елдің аузында әлі күнге дейін айтылады. Сондықтан Мұхамеджанның Абай Құнанбаевтың 150 жылдығындағы, Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығындағы айтыстары тарих парағына алтын әріптермен жазылды.
Мұхамеджанның артын ала Ахметжан Өзбековтің айтыс сахнасына шыққанын білеміз. Ахметжан да талай белгілі айтыскерлермен терезесі тең, жақсы өнер көрсетті. Жеңге мен қайын, қыз бен жігіт айтыстарын түрлендірудің шебері. Бір жолы Сара Тоқтамысованың: «Бос белбеу ақын сен едің» деген уәжіне:

«Саражан, жүзім бе едің, өрік пе едің,
Әйтеуір көзді тартар көрікті едің.
Бос белбеу екенімді қайдан білдің,
Белбеуімді босатып көріп пе едің?»,

деп сөзден ұтып кеткені бар. Ахметжан бүгінгі таңда облыстық «Руханият» орталығына басшы болып, жас айтыскерлердің шеберлігін шыңдауға үлес қосып жүр.
Осы жылдары Шырынбек Қойлыбаев, Біржан Сөктай Әулиеата айтысына ажар беріп, сахнаның сәніне айналды. Әр жылдары Олжас Отар, Асхат Қылышбектің көзге түскен сәттерін де жоққа шығара алмаймыз. Шу ауданынан ағайынды Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтер де 15-20 жылдан бері осы айтысты серік етіп келеді. Бақытжан Әкімбаев пен Сәбит Жанбаев та осы жылдары айтысты. Меркілік Мейіржан Жекебаев пен Мұса Күзенбаев, байзақтық Әсет Дүйсебаев 2006 жылдардан бастап айтысып, елдің құрметіне бөлене бастады.

ӘУЛИЕАТАНЫҢ
АЙТЫСКЕР ҚЫЗДАРЫ

Жамбыл өңірінің айтыскер қыздарының көш басында Алтынкүл Қасымбекова тұр десем, ешкім дау тудыра қоймас. Бар болғаны 16 жасында Сүйінбай Аронұлының 175 жылдық мерейтойына арналған айтыста жарқ етіп көрінген ақын қыздың шеберлігі жыл өткен сайын шыңдала берген. Әр жылдары Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Есенқұл Жақыпбек секілді арыстан айтыскерлермен тартымды айтыс жасағанын білеміз. Ал облыстық айтыста Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыр ағаларымен иық тіресіп айтыса білгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Шорабек Айдаровқа:

«Дейсіңдер Алтынкүлдей қыз ақын бар,
Қыздарға үлгілі сөз ұзатыңдар.
Меккенің қақпасындай көңілімді,
Мектептің тақтасындай сызасыңдар»,

деп әзілдеуі Алтекеңнің тапқырлығын көрсетсе керек.
Одан соң қордайлық Күміскүл Сәрсенбаеваның да Жамбыл өңіріндегі айтысты дамытуға қосқан еңбегі зор. Ол кісінің айтысқа түскеніне 30 жылға жуықтағанымен, жарқырап көрінгеніне 15-16 жылдың жүзі ғана. 2003 жылы облыстық айтыста бас жүлдені иеленген Күміскүл содан бері өзінің биігінен түспей келеді. Бір айтыста әділетсіздікпен ақтық сынға өтпей қалады. Артынша бір айтыскер сырқаттанып қалып, финалда айтысады. Сонда Күмістің:

«Ағайын алдарыңа қайта шықтым,
Өледі деп өлмей қалған адам құсап»,

деп елді қыран-топан күлдіргені бар.
Айнұр Тұрсынбаева да – жамбылдықтардың мақтанышы. Қазіргі таңда сыртта жүргенімен, ол Мойынқұмдағы орта мектепті бітірген, Тараздағы арнаулы орта білім ошағында оқыды. Оқушы, студент күндерінде алғашқы айтыстарын біздің облыстың атынан қатысты. Айнұрдың «Айтыстан 34 автокөлік мінген» деген жанама атағы бар. Мұндай деңгейге жету де, әрине, оңай емес.
Айнұрдың алдында біздің өңірден Мәдина Сәбденбекова, Райхан Мәселбекова, Алтыншаш Баққараева сынды әпкелері айтыс сахнасына шыққанын айта кеткен жөн. Мұнан соң Айым Көшербай, Гүлнұр Жолдасбекова, Айжан Сырымбетова, Әзиза Аманбай, Аруна Керімбек, Альбина Зұлбахар айтысқа түсіп, жастар арасында көзге түсті.
Халық барда өнер жалғасатыны, әулиеаталық айтыскер қыздардың жаңа толқыны, дарынды толқыны шыға беретіні айдан анық.
ДӘСТҮРЛІ АЙТЫС НЕ БЕРДІ?

2013 жылдан бастап Таразда «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өткізіле бастаған болатын. Алайда бұл жыр додасы кейбір жылдары өтпей де қалып жатты. Былтыр облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып келген соң, осы айтысты бірден қолға алып, дәстүрлі түрде өткізуді жауаптыларға тапсырды. Ал биыл аудандарды қамтып, іріктеу айтыстарын өткізуді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына міндеттеді.
Нәтижесінде осы жылдың қаңтар айынан бастап барлық аудан мен қалаларда іріктеу айтыстары өтіп, облыстық айтысқа 31 айтыскер таңдалып алынды. Ұзын саны 80-ге жуық өнерпаз осы іріктеуге қатысты. Бұл азаматтардың бәрі айтыскер емес шығар, әрине. Бірақ айтысқа деген қолдаудың жер-жерден бастау алғаны, сең қозғалғаны, бұлақтың көзі ашылғаны қуантады.
Облыстан үздік 8 ақын іріктеліп, республикалық кезеңге қатысты. Нәтижесінде жуалылық Қанат Мырзахан бас жүлдені иеленсе, Асхат Қылышбек үшінші жүлдеге ілікті. Осы жолы Дархан Әбдіманаттың да әйгілі Аспанбек Шұғатаевпен тамаша айтыс жасағанын айта кеткеніміз жөн. Нұрлыбек Құрманов, Медеу Мырзатай, Шапағат Әбдір, Ербол Елшат та жақсы өнер көрсетті.
«Бұл айтыста біздің ұтқанымыз – бас жүлдені жерлесіміздің иеленгені. Аудандық, облыстық іріктеу арқылы айтыскерлерді жақсы сүзгіден өткіздік. Республикалық айтысқа шыққан жерлестеріміздің барлығы бабында, жақсы дайындықта екенін көрсетті. Оларға Ербол Қамбатыр, Ахметжан Өзбеков, Айтмұханбет Исақов сынды үш тәлімгерді бекіттік. Нәтижесі жемісті болды», – дейді басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

ТОЛҚЫНДЫ ТОЛҚЫН ҚУАДЫ

Бүгінгі таңда жалпы қазақ айтысы жасарған. Оны мойындап, бағалай білгеніміз абзал. Ондай үрдіс біздің өңірге де тән. Алдыңғы толқын ағаларының артынан бір топ талантты жастар еріп келеді. Жастардың көш басында жуалылық Қанат Мырзахан, байзақтық Дархан Әбдіманат, Әсет Дүйсебай, Дидар Басықараев, Рай Дөңбай, Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов, меркілік Мейіржан Жекебаев бар. Бұл айтыскерлердің бәрі жастар арасында, үлкен аламандарда да көзге түсіп жүрген таланттар. Олардың ізін басып келе жатқан жасөспірімдер де жоқ емес. Бұл қатарға тараздық Дидар Апбасовты, Медеу Мырзатайды, байзақтық Шалқар Кеңесбекті, Ернұр Бейсенді, жуалылық Әуесхан Үркімбаевты, таластық Нұржан Манатбекті қосуға болады.
2000 жылдардың басында өңірімізден бірер жыл бойы айтыскерлер шықпай қалған. Түркістанда өткен бір айтыста Бекарыс Шойбековтің маған:

«Өлеңі өсиетті нардай Жамбыл,
Жырдың да алыбына айналған бір.
Тараздан осы күні ақын шықпай,
Жанашырлар толғанып, ойланған бір.
Шорабек пен Мұхамеджан дінге кетіп,
Алыстады өнердей қайнардан бұл.
Алтынкүлің «Ақ жолға» мүше болып,
Саясат сахнасына айбар боп жүр.
Айнұрың Астананың ақыны боп,
Біресе Алматыда сайрандап жүр.
Жақсылар мен жайсаңы сыртқа кетіп,
Саған қарап қалыпты-ау, қайран Жамбыл»,

деп мысқылдағаны бар. Ащы мысқыл болса да, ақиқат сөз болатын. Қазір Құдайға шүкір, ауыз толтырып айтарлық ересек ақындар да, жас ақындар да бар.

Тілші түйіні:

Айтыс толқын толқынымен жалғасқанда дамиды. Шариякүл Қашқынова басқаратын облыстық мектептен тыс жұмыстар және мектеп олимпиадаларын өткізу орталығында жыл сайын «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты облыстық оқушылар айтысы өтеді. Облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен жылына 2-3 мәрте жастар айтысы ұйымдастырылып жүр. Осындай додалардан жас айтыскерлер шыңдалып, іріктелуде. «Ер сыналар майданда…» демекші, айтыскерді сахна шыңдайды. Бізде әлі де болса аға буын мен жас айтыскерлердің байланысы жоқ. Жастар айтысы өтеді, ересек ақындар айтысы өтпейді біздің өңірде. Аз өтеді.
Аудандарда аудандық, ауданаралық айтыстарды дамыту қажет. Оған айтыскердің жасын шектемей (мейлі 70-тен асса да) қатыстырған жөн. Аудан мен аудан арасындағы командалық айтысты қолға алған дұрыс. Ол аудандардағы барлық айтыскердің танылуына ықпал етеді. Облыстық телеарналарда телеайтыс өтіп тұрса, құба-құп болар еді. Облыстық ақындар айтысы (жастар ғана емес) жылына кемі 2-3 рет үлкен деңгейде өткені абзал. Себебі біздің өңір – қазақы өңір жергілікті ұлт өкілдері басым. Оларға керегі – айтыс. Әрине, айтыс – ақиқаттың алаңы, сөз барымтасы. Айтыста артық сөздер айтылып қала ма дегеннен ұйымдастырушылардың қаймығатыны жасырын емес. Бірақ айтыскерлер де жан-жақты кісілер ғой. Отанды, елді, жерді жырлайтын патриоттық айтыстарға да олар барын салады. Онан соң Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында өңір кәсіпкерлері демеушілік танытып, аудандарда айтыс өткізіп жатса, оған тоқтау жасалмау керек, қайта ондай қолдаудың жолын ашқанымыз дұрыс деп ойлаймын.
Бір сөзбен айтқанда, Әулиеата айтысында өсу, өрлеу бар. Енді осыны жүйелі дамыта беруіміз керек. Оған жамбылдық айтыскерлердің де, ұйымдастырушылардың да мүмкіндігі жетеді.

Есет ДОСАЛЫ

ЖАНҚҰЛИЕВ АТЫНДАҒЫ
РЕТРО АЙТЫС ӨТКІЗІЛСЕ…

Жүрсін ЕРМАН,
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер-дің халықаралық одағының төрағасы, ақын, айтыстың тұрақты ұйымдастырушысы:
– Жыр алыбының туған өлкесі Әулиеата өңірі айтыскерге зәру болған емес. Бір кездері Аяз Бетбаев шықты. Әзімбек Жанқұлиев жарқылдады. Шорабек Айдаровтың дәуірлеген кезі болды. Алтынкүл Қасымбекованың да топ жарған жылдарын ел ұмытпайды. Мұхамеджан Тазабеков айтысқа құбылыс боп келді.
Рас, 2000 жылдардың аяғында Жамбылда кішкене өтпелі кезең болды. Алдыңғы толқын айтыскерлер өнерден кетіп, кейінгі толқынның шеберлігі сәл жетпей жатты. Дегенмен қазір бәрі жөнделіп, жақсарып келе жатыр. Әулиеата өңірінің айтысында өсу бар. Күміскүл Сәрсенбаева, Айтмұханбет Исақов өз алдына бір төбе. Ахметжан Өзбековтің ұйымдастыру жағындағы еңбегін айтпай кетуге болмайды. Енді облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен Әзімбек Жанқұлиев атындағы республикалық ретроайтыс өткізілсе деген тілегім бар.
Ал жастарға келсек, Жамбыл жастары жақсы. Қанат Мырзаханның болашағы үлкен. Дархан Әбдіманат деген әзілкеш, өз стилі бар жас айтыскерге қай кезде де сенім артуға болады. Асхат Қылышбекті, Нұрлыбек Құрмановты, Рай Дөңбайды, Аруна Керімбекті қай кезде де айтыс аламанына ұялмай қоссақ, олар үмітті ақтайды.
Түйіндеп айтқанда, Жамбыл мен Кененнен басталған айтыс көшін жастар лайықты жалғастырып келеді. Әулиеата өңірі үшін бұл – заңдылық деп білемін.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/