- Advertisement -

Жамбылдық түлектер озып тұр

40

- Advertisement -

ҰБТ тапсырғандардың 45,4 пайызы 100-ден жоғары балл жинады

Талай жастың бағы мен бабы қатар сыналған ҰБТ да аяқталды. Өңірімізде маусым айының 21-26 күндері аралығында өткен ҰБТ-ға барлығы 5814 жамбылдық түлек қатысты. Жалпы тестілеу нәтижесін және 2018-2019 оқу жылының қорытындысын өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында болған баспасөз конференциясында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова баяндады.
– Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша біз ҰБТ тапсырған түлектердің көңіл-күйлеріне әсер етпеу мақсатында оның қорытындысын ашық жариялай алмаймыз. Дегенмен өткен жылдың нәтижесімен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Тапсырғандардың 45,4 пайызы 100-ден жоғары балл жинады, – деді Жәмилә Елеуқызы.
Ал жалпы өткен оқу жылының қорытындысына тоқталып, түлектердің жетістігіне келер болсақ, бүгінгі күнге 8813 бітірушінің 75-і жоғары оқу орындарының гранттарын иеленіп, шақырту алған. Оның ішінде Қытай елі – 2, Түркия, Корея, Украина – 3, Польша – 1, Ресей – 28 жас өренімізді тегін оқытуға даяр. Өз еліміздегі жоғары оқу орны 24 талапкерді қарсы алады.
Осы оқу жылында түрлі интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға 38350 оқушы қатысып, оның 43,9 пайызы жүлдемен оралған. Халықаралық, дүниежүзілік, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға 245 оқушы қатысып, 28 алтын, 33 күміс, 69 қола иеленген. Жалпы облыстың 6 мектебі биыл республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиада мектебі» атанған. Мұнымен қоса жерлес жастарымыздың олимпиада және ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша жеті жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын қорғап қалып, бірінші орын тұғырынан көрініп келе жатқандықтары көңіл марқайтады.

Цифрландыру ісі ілкімді

Өңірімізде 446 білім ошағы болса, соның барлығы да 100 пайыз интернет желісіне қосылған. «Күнделік» жобасын 437 мектеп пайдалануда. Бұл көрсеткіш өткен жылы 150 болған көрінеді. Аудандар мен Тараз қаласында 14 ІТ сынып, 300 орындық ІТ лицей-интернаты ашылып, 164 мектеп робототехника кабинеті болып жабдықталып, 429 білім ошағына ішкі сымсыз Wi-Fi желісі жүргізілген.
Қазір балабақшаға да, 1-сыныпқа қабылдау үшін де құжат тапсырып әуреленудің қажеті жоқ. Заман көші оны да үйде отырып-ақ, edugarden.kz, eduschool.kz сайттары арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Тіпті педагогтарды жұмысқа қабылауды басқару және ваканция кезегін автоматтандыру ақпараттық жүйесі де jumys.sitsen.kz сайтында жүргізіледі.

ҮШ ауысымда оқитын мектептер жоқ

Ахуалы аппатты жағдайда тұрған мектеп саны облыс бойынша – 4. Оның біреуі Т.Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылында орналасқан. Қазір оның орнына жаңа ғимарат салынуда. Құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қордай, Шу аудандарындағы қалған 3 мектеп 2020-2021 оқу жылдары кезең-кезеңімен шешілмек.
Үш ауысымда оқитын жалғыз мектептің мәселесі де биыл өз шешімін таппақ. Жоспар бойынша, Байзақ ауданы, Ақшолақ стансасында 120 орындық мектеп осы жылдан қалмай ел игілігіне беріледі.
Күрделі жөндеуді қажет ететін мектеп ғимараттарының саны өңірімізде 85 болса, біразының жобалық сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамасы дайын болғанымен, оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз екен. 54 мектепке оқушы санының аз болуы себепті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп табылып отыр.
Бұдан бөлек мектепке дейінгі білім беру, кәсіптік және техникалық білім беру, балалардың жазғы демалысы жайына тоқталған басқарма басшысының орынбасары БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support