- Advertisement -

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жауапты іс

23

- Advertisement -

Бірінші бағыт.
Халықтың табысын арттыру.

Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз.

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Қазақстан Республикасының Президенті
қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінен)

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасын жедел жасауды тапсырғаны белгілі. Жолдауда елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керектігі айтылған болатын. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлықтау рәсімінде алда атқарылуы тиіс негізгі он бағытқа баса мән берді. ХХІ ғасыр талабына сәйкес, цифрландыру кең ауқымды міндет екеніне тоқталып: «Саяси прогресті қоса алғанда елдің дамуы цифрландырумен тікелей байланысты. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас мазмұнын сапалық тұрғыдан өзгертеді. Сондықтан Елбасы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы орындалатын болады», – деді Президент.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қолда бар жер қорын тиімді пайдалану және жер ресурстарын ғылыми негізде басқара білумен тікелей байланысты екендігі даусыз. Жер ресурстарын тиімді пайдалану мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінде жүргізілген жер реформасы мен аграрлық саланы реформалау барысында жердің меншік иелері мен пайдаланушыларының қатары артып отыр. Жалпы, облыстың жер аумағы 14 миллион 426 мың гектарды құрайды. Оның 72 пайызы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге қолайлы жер санатында. Дәлірек айтсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 4,5 миллион, оның ішінде егістік жер 760 мың гектардан асады. Суармалы жердің көлемі – 182 мың гектар.
Өңірімізде 18693 шаруа қожалығы, 225 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 34 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері тіркелген. Олар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің – 74,3, егістіктің 81,5 пайызын пайдалануда. Қожалықтардың 63,7 пайызының жер көлемі 50 гектардан аспайды.
Кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай тудыра отырып аумақтың инвестициялық ахуалын арттыру бойынша өңірдің жер ресурстарының интерактивті (электронды) картасы жасалды. Ал жерді қашықтықтан зондтау мақсатында облыс аудандарында «Геопортал» жүйесі іске қосылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің игерілуі бақылануда.
Егістік жерлерді мониторинг жасауда жаңа технологиялардың мүмкіндігін пайдалану мәселесі үш жылдан бері зерделенуде. Жаңа технологияны өндіріске енгізу мақсатында «ҚазҒарыш» акционерлік қоғамы арқылы жерді қашықтан зондтау жүйесін енгізу мақсатында басқарманың 2 қызметкері, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Шу аудандарының бөлім басшылары арнайы білімдерін жетілдіріп қайтты.
2017 жылы жерді қашықтан зондтау жүйесі қанатқақты жоба ретінде Шу ауданында енгізіліп, сынақтан өткізілді. Жүйені басқа аудандарда қолданысқа енгізу мақсатында акционерлік қоғам өкілдерінің қатысуымен 2 рет семинар-кеңес ұйымдастырылып, барлық аудандар бойынша қажетті қаржы көлемі бөлініп, қызметтің осы түрін көрсетуде монополист болып табылатын «ҚазҒарыш» АҚ-мен келісімшарт жасалды.
Өткен жылы акционерлік қоғамның өкілдері жүйенің мәліметтерін өңдеу арқылы жер мониторингін жүргізу бойынша семинар-тренингтер өткізіп, аудандарға порталды қолдану үшін логин және парольдар табыстады. Мамандарды толық дайындау мақсатында 13 қызметкер Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы курстан өтіп келді. Курс бағдарламасын меңгерген мамандарға арнайы сертификаттар берілді. Осындай түсіндірме және ұйымдастыру шараларының нәтижесінде жерді қашықтан зондтау жүйесі қолданысқа толығымен енгізілді.
Жаңа жүйені қолданысқа енгізу, яғни мониторинг нәтижелері негізінде жосықсыз жер пайдаланушылар реестрін қалыптастыруға мүмкіндіктер беретін болады. Жер қатынастары басқармасы жер ресурстарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастыру мақсатында «Табыс-Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шартқа отырып, биыл бұл жүйені толығымен іске қосты. Халықтың өмірі мен қызметінің негізі –жер. Жер – қазына, су – алтын.

Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,
облыс әкімдігі
жер қатынастары басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support