- Advertisement -

Елдігіміздің нышандарына халық ықыласы қашанда жоғары

54

- Advertisement -

Жалпы кез келген елдің егемендігінің ең басты белгісі ол – тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттік рәміздері екені сөзсіз. Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігін дүниежүзіне танытушы әрі халқымыздың тарихи сабақтастығының жарқын көрінісі. Олардың әрқайсысының өзіндік мәні, ерекшелігі және тарихы бар. Сондықтан ондағы әрбір бейне ұлтымыздың мұқалмас рухынан, қаһармандығы мен даналығынан, асқақ арман-тілегінен сыр шертіп, бір-бірімен тамаша үйлесім тапқан.

Елбасымыз Мемлекеттік рәміздер туралы: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы тиіс. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген. Тұңғыш Президентіміздің осы сөзін әрбір қазақстандық әркез жадында ұстауы қажет. Себебі дәл осы рәміздер – елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітімін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді айрықша қастерлеу – біздің парызымыз. Біздің мемлекеттік Туымыздың түсі көк. Көк түс – ашық аспанның белгісі әрі қазақ халқының ұлттық реңі саналады. Бұл киелі түс – бірлік пен ынтымаққа шақырып, халқымыз әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, оны бар әлемге жария еткенде ең әуелі тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. Бұдан кейінгі кезекте Мемлекеттік рәміздерді қабылдау керек болды. Осылайша мемлекетіміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың желтоқсан айында бекітілді.
Міне, содан бері ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Мемлекеттік рәміздерге деген елдің ықыласы жоғары. Шалғай аудан мен ауылдарда да рәміздерді орналастыру тәртіптері сынды заңдылықтар қатаң қадағаланып келеді. Мәселен, аудан әкімі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы жарты жылда бір рет өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат – ауданда орналастырылған Мемлекеттік рәміздердің орналастыру және пайдалану тәртібіне қатысты заң талаптарының сақталуын қадағалау.
Негізі аудан бойынша Мемлекеттік рәміздер орналастырылуы міндетті 169 мекеме бар. Олардың қатарына аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат, 19 ауылдық округ әкімі аппараты, аудан әкімдігінің 14 бөлімі, 88 білім ұйымы және 46 басқа да мемлекеттік мекемелер кіреді. Ал аудан бойынша барлығы 228 дана Ту бар болса, оның 132-сі мемлекеттік мекемелердің ғимаратында, 54-і басшылардың бөлмесінде және 37-сі мектептердің оқшауланған орындарында орналастырылған.
Сонымен қатар ауданымыздағы мемлекеттік мекемелерде орналастырылған Елтаңбалардың саны – 576 екенін айта кету керек. Олардың ішінде 382 дана 120 мм көлемде болса, 7 дана – 250 мм, 178 дана – 500 мм және 9 данасы 1 метр көлемдегі мемлекеттік Елтаңбалар. Рәміздерді пайдаланудың өзіндік тәртібі бар. Оларды пайдалану тәртібі Конституцияда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы» Заңда толық көрсетілген. Біз де осы заңдарға сүйене отырып, рәміздердің ауыл-аймақтағы пайдалану тәртібін бақылап отырамыз.
Рәміздерді қадірлеу, қастерлеу – әрбір елін сүйген, адал азаматтың асыл борышы. Бұл нышандардан әр адам өз еркіндігі мен ел бірлігін сезінуі керек. Сонда ғана кез келген қазақстандық Мемлекеттік рәміздерді шынайы құрметтеп, қастерлей алады деп ойлаймын.

Нұрлан ЖАҚСЫБАЕВ,
аудан әкімінің орынбасары,
аудандық мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның төрағасы.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support