- Advertisement -

Наурыз – мейірім, Наурыз – ынтымақ

50

- Advertisement -

Өңірімізде Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесі өткен жылдан бері тоғыз күн тойланып келеді. 14 наурыз күні басталған мереке жалғасын тауып, «Алас» күні сенбіге сәйкес келді. Аптаның соңы екеніне қарамастан, бұл күні де көпшілік мәдени іс-шараларға белсене қатысты. «Алас» күнінде «Бұлақ көрсең, көзін аш!» деген ұранмен жалпыхалықтық сенбілік болып, онда Облыс әкімі орынбасарларының, ардагерлер мен белгілі азаматтардың қатысуымен Тараз қаласындағы аллеяларға, саябақтарға тал-дарақтар отырғызылды.

Ал жексенбі күні облыс жұртшылығы «Мейірім» күні мерекесін де атап өтті. Бұл күні облыс әкімінің тапсырмасымен көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету шаралары басты назарға алынды.
Бұл күні Тараз қаласындағы «Рио» мейрамханасының қожайындары көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, қамқорлықты қажет ететін 50 отбасына түскі ас беріп, Наурыз көже таратты. Жалпы алғанда 150 мың теңгеге қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Мейрамхана әкімшісі Айгүл Шермұхамедова Наурыз мерекесі халқымыздың басты мейрамы екенін айтып, «Мейірім» күніне орайластырып, осындай сауапты іс-шараны ұйымдастыруды өздерінің азаматтық парызы санайтынын жеткізді.
Біз көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Нұржамал Керімбаева әжені әңгімеге тарттық. Әңгімеге «Күміс алқа» иегері Альмира Дәулетова, бес перзент тәрбиелеп отырған жас ана Албина Сақайбаева да араласты. Олар «Мейірім» күні өздеріне осылай қамқорлық жасаған облыс және қала әкімдігіне, «Рио» мейрамханасының қожайындарына алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
– Ел іші болған соң аз қамтылған, ерекше қолдау мен көмекті қажет ететін отбасылар болады. Біз бүгін сондай 50 отбасыға қуаныш сыйладық. Өзге де қайырымдылық шаралардың кезінде басқа отбасыларға басымдық береміз. Бүгінгі «Мейірім» күні мерекесіне жиналған аналардың жүзінен шынайы алғысты, балалардың жанарынан шат күлкіні көріп қуанып отырмыз. Қазақтың мерекелі, берекелі күндері таусылмасын деген тілегіміз бар, – дейді Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Мағрипа Раптаева.
Кеше «Ынтымақ» күніне орай Тараз қаласындағы «Достық» үйінің алдында мерекелік іс-шаралар жалғасын тапты.
Мұнда этномәдени бірлестіктердің өкілдері ерекше белсенділік танытты. «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының атынан өнер көрсеткен «Дулати жастары» театрының мүшелері театрландырылған қойылымды назарға ұсынып, қазақтың ұйқыашар дәстүрін жаңғыртты. Орталық қызметкерлері ұйымдастырған қыз бен жігіт айтысы да көпшіліктің көңілінен шықты. Ақбота Қосақбаеваның орындауындағы «Көктем» әні тыңдармандарды әдемі әсерге бөлесе, мектептен тыс шаралар өткізетін орталықтың бишілері жиналғандарды өнерімен тәнті етті.
Өзбек этномәдени бірлестігінің атынан келген Тараздағы №4 өзбек орта мектебінің қыздары «Өзбек биін» билесе, орыс этномәдени бірлестігінің кішкентай өнерпазы Аркадий Офсеников орыс әндерін орындады. Бұл күні дүнген, ұйғыр, қырғыз, поляк, әзірбайжан, украин мәдени бірлестіктерінің өкілдері де ән мен биден шашу шашып, «Ынтымақ» күнінің маңызын аша түсті. Түрлі ұлт өкілдерінің қариялары тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарын ойнап, бәсекеге түсті. Сондай-ақ өзара сырласып, әңгімелесіп, бір-біріне деген ақжарма көңілдерін білдірді.
Шара барысында көпшілік наурыз көже, құймақ, палау, бауырсақтан дәм татып, ақсақалдардың ақ батасына қол жайды.
Түс қайта еліміздің Тұңғыш Президенті атындағы саябақта этномәдени бірлестіктердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. «Ынтымақ» күніндегі «Қош келдің, әз Наурыз!» атты шараларға Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі ерекше үлес қосты.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support