- Advertisement -

Жаһандық өркениеттегі қазақ үлесі

67

- Advertisement -

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты еңбегі мұның алдында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы іспетті. Мұның алғашқысында ұлттық код мәселесі қозғалған-ды. Оның тіліміз бен ділімізге әбден қатысы бар. Діл, бұл – адам баласының жаратылысындағы бұзылмаған таза да шынайы ұлттық болмысы. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргідей жаһандану дәуірінде ежелден қалыптасқан салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айнымаған, генетикалық кодын сақтай білген ұлтымыздың тарихын тереңнен танып білу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып та отыр.
Әлемде ежелден бері арқау тіні үзілмей келе жатқан әрбір өркениеттің өзіне тән ерекшеліктері бар. Ал біздің халқымыздың тарихы қандай, жаһандық өркениетке нендей үлес қоса алды? Кешегі күнге дейін өз тарихымызды емес, отарлаушы ел мен әлем тарихын оқып келдік. Кеңес одағы тұсында бізді сауатсыз, көшпелі, артта қалған халық деп санады. Үндінің ұлы көсемі М.Ганди «Отар халықтың тарихын отаршылдар жазып береді» дейтініндей, ата тарихымыз айтарлықтай бұрмаланумен келгені баршаға мәлім. Ақын Қадыр Мырза-Әлі кезінде бір өлеңінде «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа, бірақ-тағы» деп жазған еді.
Шынында да тарихымызды түптеп тану ісіне батыл кірісе алмадық. Есік қорғанынан ежелгі «Алтын адам» табылған кезде де, мұны айрықша елеулі жаңалық ретінде жаһанға жар салып жариялай алмай іштен тындық. Арада отыз жыл өткенде, Елбасының жоғарыда аталған мақаласынан кейін барып бұл сең қозғалды. Еліміздің басты символына айналған «Алтын адамды» шетелдерге танытуға мүмкіндік туды. Бұған дейін де осылай етуге болатын еді ғой. Алайда отарлаушы елдің ыңғайынан асып шыға алмадық. Бүгінгі күнге дейін еліміздің өңірлерінен «Алтын адамның» бесеуі табылып, тарихымыздың тым тереңде жатқанын танып, білудеміз. Ең бастысы, осы жәдігерлеріміз арқылы қазақ тарихына деген шетелдік ғалымдардың қызығушылығын оята алдық.
Ресей патшасы І Петр 1709 жылы шведтермен Полтава түбінде жүріп жатқан соғыс қимылдары кезінде, Еділ бойындағы Алтын Орда билеушілерінің зиратын қаздырып, қабірдегі алтын-күміс пен зергерлік бұйымдарды алдыртыпты-мыс. Сөйтіп, ол қорымнан алынған заттармен соғыс шығындарын жапқан екен. Басқа да мәдени рухани құндылықтарымыз бен қымбат жәдігерлеріміз шет жұрттарға танылмай, еуроцентристік көзқарас пен отаршылдық үстемдікпен тұншықтырылғанынан аға ұрпақ өкілдері жақсы хабардар. Қазақтың атын асқақтататын ғажайып дүниелерімізді әлем халқына таныту тарихымыздың «ақ таңдақ» беттері толайым ашылуына да септеспек.
Елбасы еңбегінің бірінші бөлімінде ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты жеті бөлікке бөліп, қарастырылады. Оның алғашқысы – атқа міну мәдениеті. Осыған байланысты ғалымдарымыз Ботай мәдениеті арқылы бүкіл жер жүзіне жылқының Ұлы Далада қолға үйретілгенін паш етуде. Шынында да халқымыз алғаш атқа міну мәдениетін қалыптастырып, оған қажетті ауыздық, жүген, үзеңгі, ер-тұрман секілді ат әбзелдерін жасап, жылқымен қазақты етенелестіре түсті. Қазақтың ең асыл байлығы – жылқы, ең бағалы асы – еті, шөл басар сусыны – қымызы екені әмбеге аян.
Бағзы кезде бір кеңесте Ташкент ұлығы Досбол шешеннен:
– Жылқыға қандай мақтау сыяды? – деп сұрапты. Сонда ол мүдірместен:
– Сүті – шекер, еті – бал, кисең – киім, мінсең – тұлпар. Қызыл жара, сары алтын ішінде піскен сүт бар, – деп жауап беріпті. Жалпы жылқының бағасын қазақ ешқашан аласартпаған. Оны күш-көлік ретінде пайдаланып, мал да баққан, қос та айдаған, арбаға да жеккен, салтанатпен жабулап ас-тойға да мініп барған. Жаугершілік кезінде атты әскер жасақтаған. Жылқы – жершіл жануар, тұманда, боранда, жауын-шашында еш адаспайды. Межелі, діттеген жерді тауып барады. Сағатына – 10, күніне 100 шақырым жерді еркін жүріп өтеді.
Ертеректе қыз қалыңы – 47, ер құны – 100, әрі кетсе 1000 жылқыға дейін бағаланғаны белгілі. Қазақ 25-30 жас аралығын «жылқы жасы» деп те атайды. «Балаң ынжық болса, жылқы бақтыр» деген де сөз бар. Бұл жылқыны тұяғынан қатты адам бағатынын, содан да бала ширақ болып өсетінін меңзегені. Баланы жасынан тайға мінгізіп, епті, шабандоз етіп баулу қазақ дәстүрінде ежелден бар.
Тағы бір айтарымыз, металлургияның дүниежүзінде үш ғана ошағы бар. Сол ошақтың бірі өзіміздің Жезқазған мен бүтін түркі дүниесінің алтын кіндігі Алтайдан табылған. Академик Қаныш Сәтбаев қола дәуірінде бір ғана Жезқазған өңірінде 1 миллион тонна мыс өндірілгенін жазады. Ұлытаудан табылған металл қорытатын пеш, қоладан жасалған әшекей бұйымдар, тұрмыс заттары бұл кәсіпшіліктің сонау көне дәуірде қалыптасқанының нақты айғағындай.
Ал әлемдік өркениетке кірігіп кеткен «аң стилі» терминінің түп-төркіні біздің қазақ тауларында, даламызда жатыр. Аң аулау, жануар бейнесін өмірде пайдалану тұрмыста «аң стилін» тудырды. Болмысы текті қар барысы қазақ таңдаған ерліктің, батырлық пен әсемдіктің символы болып тарихымызға енді. Бұл да бір өнер түріне айналды. «Аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі екені талас тудырмаса керек.
1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» алтынмен апталған киімі ежелгі қазақ шеберлерінің алтын өңдеу техникасын шебер меңгергендігін де дәлелдейді. Бұл – дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әлемге әйгілеген бай мифологиясы. Дала халқы өз көсемдерін осылай ұлықтап, оның мәртебесін асқақтата түскен. Бұл да бір ежелгі ата-бабалардың зияткерлік дәстүрінен хабар беріп тұр. Алтын адамның қасынан күміс кеселер табылған, Орталық Азия аумағынан табылған жазудың ең көнесі де біздің жерімізде тіркелген.
Алтай – бүкіл түркі әлемінің бесігі деп білсек, ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев:
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде,
Ертеде алаш елі мекен еткен, – деп жырлайды.
«Түркі әлемінің бесігі» жан-жүрегімізді ерекше тебіреніске бөлейді. Біздің дәуіріміздің I мың жылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы Дала төсінде жаңа кезең басталды. Ортағасырлық қалалар гүлденді. Көшпелі, отырықшы өркениетінің өрнегі қалыптасты. Отырар қаласы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда ғұмыр кешіп, әлемге ілімін таратты.
АҚШ, Висконсин университетінің профессоры Кемал Карпаттың «Қазақты ұлт ретінде сақтау – түрікті сақтау деген сөз. Қазақтар – ең таза түріктер. Қазақ тілі – ең тамаша түрік тілі, түрік тегінің негізі де осында. Түркиядағы мұсылманшылық Ясауи уағыздаған дінмен дәлме-дәл келеді. Мен американдық түрікпін. Жүрегімнің түкпірінде қазақ тұр» деген сөзі әр қазаққа ой салса керек-ті. Түркі рухы мен мәдениетінің қара шаңырағы – қазақ жерінде, даланың шынайы ділі – қазақ ұлтында.
Қазақ елі Еуразия кіндігінде орналасқан. Транзиттік дәліздердің пайда болуына мұрындық болды. Үлкен Еуразияның төрт бұрышын сауда-мәдениет саласы бойынша Жібек жолы жүйесіне айналдыра алды. Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырумен қатар, қауіпсіздігін де қамтамасыз етті. Жібек жолы Түрік империясы аумағын қамтыды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы елдері, Жерорта теңізі аумағы, Таяу Шығыс өркениеттерін байланыстырды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезде гүлденудің биік шыңы болды. Экономика өркендеп, мәдениетті дамытты. Қорыта айтқанда, Ұлы Дала халқы ежелгі, орта ғасырлардағы сауда қатынасының маңызды ұйытқысы болып табылады.
Аспанмен таласқан заңғар Алатау баурайы алма мен қызғалдақтардың да отаны. Ғылыми тұрғыда мақұлданған. Сиверс алмасы осы жерде гүл жарып, Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы Жерорта теңізіне дейін, кейін бүкіл әлемге тараған. Шу, Іле таулары етегінен Регель қызғалдақтарын қазір де көптеп кездестіруге болады. Алатау мен құмды, шөлейт даланың түйіскен тұсында пайда болған бұл гүл әсемдігімен әлем халықтарының жүрегін жаулауда. Жер жүзінде қызғалдақтың 3000 түрі болса, соның 33 түрі бізде өседі. Барша қызғалдақ атаулы – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы» деп мақтансақ артықтық етпейді.
Түсіне білген адамға тәуелсіздік – асыл ұғым, ұлы мұрат, басты бақытымыз. Ұлы Дала – қазақтың мекені, ежелгі қонысы. Бүгінде ол ұшан-теңіз байлығы бар, көп ұлт өкілі мекен еткен, салиқалы саясаты бар мемлекетке айналды. Елбасы еңбегінің басты мақсаты бірнеше мыңжылдықпен өлшенетін еліміздің бай тарихын дүниежүзілік тарихтың біртұтас бөлігіне айналдыру екені белгілі. Біз де мұны қуаттап, қолдаймыз. Шын ниетпен зейін қойсақ, біздің де ешкімнен ұялмай, өзімізді ғана емес, барша адамзатты тамсандыратын тарихымыз бар екені кеудемізді қуанышқа, мақтаныш сезіміне толтырады. Бүгінгі өскелең ұрпақ үшін керегі де осы ғой. Демек, Елбасы туындысы тағылым мен тәрбиенің де көзі.
Өткенді білу үшін тарихшы, бүгінгіні білу үшін саясаткер, болашақты білу үшін ақын болу керек екені белгілі. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын колледжімізде де қызу талқылап, заман, дәуір туғызған тамаша әрі терең еңбек деп таныдық. Ендігі мақсатымыз – мақалада алға қойылған міндеттерді мүлтіксіз іс-жүзіне асыруға атсалысу. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз асқаралы биіктерге көтерілді. Ырыс дарып, бақ қонды.
Ал Елбасының еңбегі біздің колледжіміздің оқытушылары мен білімгерлерінің ұлттық рухы мен санасының кемелденуіне, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді сақтап, дамытуына зор мүмкіндік беріп отыр деген ойдамыз.

Найкен Қайыпбекова,
Айнұр Түктібаева,
Жамбыл политехникалық
жоғары колледжінің оқытушылары.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support