- Advertisement -

Аграрлық ғылым мен өндірісті ұштастыра жүргізу тиімді

42

- Advertisement -

Азияның VII агрохимиялық форумы облыс орталығында осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұның өңірімізде еліміздегі ең ірі химия өнеркәсібі кәсіпорындарының орналасқандығымен де байланысы бар. «Arai plaza» бизнес орталығында өткен іс-шараға Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы елдерінің агрохимия саласындағы көшбасшылары, ғалымдар мен түрлі компаниялар басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты. Оның ұйымдастырушылары – өңіріміздегі іргелі кәсіпорындар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Еурохим», «ҚазАзот» акционерлік қоғамдары.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Форум Азиядағы агрохимия саласының кәсіпқой мамандарының басын қосатын алаң құру, сондай-ақ бұл саланың маңызды мәселелерін талқылап, аграрлық-өнеркәсіптік және агрохимиялық бизнесті жүргізудің жетік әдістерін насихаттау мақсатын көздейді.
Жиынды «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров ашып, өңірімізде агрохимия саласын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті. «Форумның Жамбыл жерінде үшінші рет өткізілуі тегін емес. Өйткені Әулиеата өңірінде фосфор және басқа да минералды тыңайтқыштар шығаратын бірегей өндіріс орындары көптеп шоғырландырылған. Қазір 1 гектар жерге 4 келі тыңайтқыштан келеді. Бұл барлық азот, калий, фосфорды қосқандағы көлем. Мысалы, біз жылына 130 мың тоннаға жуық фосфор, 200 мың тонна азот шығарамыз. Ал олар күллі еліміз бойынша 2,5 миллион тонна көлемінде қолданылуы керек. Сонда ғана өніміміздің көлемі ұлғая түспек», – дей келіп, Мұқаш Зұлқарнайұлы аталмыш саланы дамытуға белсенді түрде үлестерін қосып жүрген мамандарға форум ұйымдастырушылары атынан арнайы сертификаттар тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
– Ауыл шаруашылығының ел экономикасын көтеруде қосып отырған үлесінің зор екені белгілі. Сондықтан да Мемлекет басшысы халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға айрықша мән беріп келеді. Күні кешегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру міндетін алға қойды. Соның ішінде еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді тапсырды. Ал бұл орайда егістік жерге тыңайтқыштарды дұрыс қолданғанда ғана дақылдардың түсімі артып, өнім сапасы жақсаратындығы айтпаса да түсінікті. Сапалы өнім алу үшін басқа агротехникалық шаралармен қатар жерді тыңайтудың тың тәсілдерін меңгерген жөн. Бүгінгі форумда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мол мағлұмат алып, оны өздеріннен енгізіп, жерді дұрыс игеруді үйренеді деген сенімдемін, – деді ол.
Одан әрі отандық және Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан мемлекеттерінен келген компания басшылары мен ғалымдар республикамыздағы агрохимия саласының ағымдағы жағдайын талқылап, өз ізденістерімен, ғылыми тың жаңалықтарымен бөлісті. Әсіресе топырақ құнарлылығын, микроэлементтер кешені бар суда ерігіш NPK қолдану, құрамында фосфоры бар тыңайтқыштарды пайдалану коэффициентін арттыру жолдары мен өсімдіктерді фосфорлық құнарландыру жайы кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ еліміздің ірі компанияларының өкілдері жеміс-жидек, бау-бақша, арпа-бидай басқа да дақылдар өсіретін шаруашылықтарға топырақтың құнарлылығы, агросалада ғылым мен техниканың қолданылуы, өсімдіктердің фосфорлық қоректенуін арттыру секілді мәселелерге орай кеңестер берді. Ендігі жерде жер телімі тиімді игерілмесе, мемлекет оны қайтарып алатындығы да ескертілді. Осылайша форум саладағы түйткілдердің тарқатылуына да елеулі септігін тигізді. Ең бастысы, ауылдық тауар өндірушілер аграрлық ғылым мен өндірісті ұштастыра жүргізудің тиімділігіне тағы бір мәрте нақты көз жеткізгендей болды.
Форум соңында отандық тауар өндірушілер мен минералды тыңайтқыштар дайындайтын серіктестіктердің өкілдері өзара тәжірибе алмасып, ой-пікірлерін ортаға салды. Ғалымдар мен агрономдар шаруалар тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support