- Advertisement -

Мүйізді өтеген батыр

201

- Advertisement -

бабамызға алматы-талдықорған тас жолының бойынан еңселі ескерткіш орнатылды

Алматы–Талдықорған тас жолының бойында Өтеген батыр кентіне бұрылатын жолайрықта даңқты батыр бабамыз Өтеген Өтеғұлұлының еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты өтіп, оған көптеген қордайлықтар қатыстық. Ескерткіштің бой көтеруіне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев басшылық жасап, қаражат жағынан жергілікті қайырымдылық қорлары, Алматы және Жамбыл облыстарында тұратын батырдың тікелей ұрпақтары атсалысты. Мұның ішінде біздің қордайлықтардың да үлесі мол болды.

Алдымен Іле ауданының ардагерлер кеңесінен бір топ азамат келіп, біздің аудандық Мәдениет үйінде жұртшылық өкілдерімен үлкен жиын өткізді. Онда Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында рухани құндылықтарымызды, тарихымызды әспеттеу туралы айтылған ойларға орай, күре жолдың бойына қазақ тарихында алатын орны зор Өтеген батырдың ескерткішін орнату ұйғарылып, оны жасауға тапсырыс беріліп қойғаны айтылды. Осындай қуанышты хабарды батырдың ұрпақтары көптеп мекендейтін Қордай ауданына арнайы жеткізуге келген беттері екен. Меймандар жиыннан соң Өтеген батырдың кесенесіне барып құран бағыштады. Сол жолы қонақтарға сый-құрмет көрсете отырып, қашаннан елдік істерден шет қалмайтын қордайлықтардың бұл ескерткіштің құрылысына да лайықты үлес қосарына уәде беріп шығарып салған болсақ, көп ұзамай бұл уәде үдесінен шығып, батыр ұрпақтары атынан 6 миллион теңгеге жуық қаражат жинап бердік.
Өткен жылдың желтоқсан айының 12-ші жұлдызында ескерткіштің тұғырына қойылатыны туралы хабар алысымен біздің ауданнан он шақты адам арнайы бардық. Осыдан 20 жыл бұрын батырдың 300 жылдық мерейтойы кезінде Қордай ауданының орталығында орнатылған ескерткіште Өтеген батырдың бес қаруын сайлап майданға аттанар сәті бейнеленген болса, мына мүсінде жорықтан қайтқан батыр кішкене бозторғай ұстап, алдынан шыққан сәбиді иығына отырғызып алған. Ескерткіш авторы, мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов соғыстан кейінгі бейбіт өмірді осылай бейнелеген екен. Биіктігі 5,5 метр жаңа ескерткішті 4 метрлік биік тұғырына қондырып, ақпен жабулап қойдық. Сол күні Іле аудандық Мәдениет үйінде арнайы ғылыми-тәжірибелік конференция, концерт ұйымдастырылып, Өтеген батырдың қазақ тарихында алар орны туралы деректер молынан баяндалды.
Өтеген Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) – жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан батыр, қолбасшы. 1699 жылы қазіргі біздің өңірде Шу өзенінің бойындағы Изенді жерінде дүниеге келген. 1773 жылы Алматы облысының Іле ауданы Шолақтау, Шеңгелді өңірінде қайтыс болған. Бабасы Сырымбет 1643 жылы Батыр Қонтайшының 50 мың әскеріне соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа түскен. Өтеген 15 жасынан жоңғарға қарсы соғысқа араласып, Жетісу мен Шығыс Қазақстан жерін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірген. Түркістан, Ташкент маңындағы шайқастарға, Аңырақай шайқасына қатысып ерлік көрсеткен. Қалмақтың Ботхишар, Сабан Тайшық секілді атышулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналған. Төле бидің, Абылайханның серігі болған. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді, Қабанбай, Шоқпар батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат еткен. Өтеген батыр Өтеғұлұлына Күсеп, Сүйінбай, Жамбыл, Әлмейін, Сарбас, Кенен ақындар жыр арнаған. Батыр 1773 жылы 74 жасында дүниеден қайтқанда Іле бойындағы Шеңгелді деген жерде жерленген. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қапшағай су қоймасы салынуына байланысты бейіті су астында қалатын болғандықтан, 1973 жылы қордайлық ұрпақтары батырдың сүйегін қазып әкеліп, Өтеген ауылының (ол кезде Кеңес) іргесіне арулап қайта жерленді. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде тойланып, бейітінің басына кесене тұрғызылып, аудан орталығында үлкен ескерткіші орнатылған болатын.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қордайдан елу шақты адам шақырылдық. Салтанатты шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев, тарихшы ғалымдар, жазушы Марал Ысқақбай, атақты ақын атамыздың қызы Төрткен Кененқызы, әйгілі спорт ардагері Жақсылық Үшкемпіров және басқа белгілі азаматтар қатысты. Қордайлықтардың атынан сөз сөйлеп, ескерткішті ашу лентасын кесуге қатыстым.
Бүгінде жаңа ескерткіші қойылған Іле ауданының орталығы да Өтеген батыр атында. Ауыздықпен алысқан тұлпарға мінген батыр ескерткішінің құрылысына қаражат жинауға, айналасын абаттандыруға белсене атсалысқан батыр ұрпақтарынан ұжым жетекшісі Гүлзира Уәлиева, бизнесмен Гүлзи Нұрмаханбетова, ішкі істер қызметінің полковнигі Гүлнара Серікбаева, белгілі журналистер Гүлмира Әбіқай, Айзада Баекова, Мейрамкүл Жәпекова сияқты қыздарымыздың, кәсіпкерлер Дәулеткелді Құлшықов, Мәлік Құрманбекұлы тәрізді қандай да бір игілікті істерден ештеңе аямайтын жомарт азаматтардың үлесін қалай айтпасқа. Міне осылай, көп болып жұмыла отырып, биыл Қордайда батыр бабамыздың 320 жылдығын атап өтуге қам жасалып жатқанын да құлаққағыс етейін.

Тұрған ЖАСЫБАЕВ,
Қордай ауданының
Құрметті азаматы.

Қордай-Алматы облысы-Қордай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support