- Advertisement -

Түйінді мәселелер шешілер күн алыс емес

54

- Advertisement -

Бәйтерек ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында алдымен ауылдық округ әкімі Айдос Абдуалиев өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндаса, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жылды қорытындылады. 2018 жылы межеленген міндеттерді орындаудың нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасқанын атап өткен Рахматілдә Сегізбайұлы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлеміне, құрылыс жұмыстарына, аудан бюджетінің игерілуін атап өтіп, егін және мал шаруашылықтарындағы жетістіктер мен кемшіліктерді де тілге тиек етті.

Қазіргі кезде аудан ғана емес, жалпы өңірде кооператив құру – өте өзекті мәселе екені белгілі. Жиында осы түйткілге ерекше тоқталған Рахматілдә Рахманбердиев ауыл шаруашылығы мақсаты үшін дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды алу үшін ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру керегін баса айтты.
Кездесуде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары, құқық бұзушылықтың алдын алуда атқарылған шаралар да егжей-тегжейлі сөз болды. Әсіресе аудан оқушылары ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізгенін сөз еткен Рахматілдә Сегізбайұлы ұстаздарға алғысын айтып, осы көрсеткішті төмендетпеу керегін ескертті.
Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Айтбаев ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға беріп, ауылдағы қордаланған мәселелерді қозғады.
Аудан аумағындағы 42 елді мекеннің 20 ауылы ауызсумен қамтылған. Былтыр Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдарында да бұл мәселе өз шешімін тауыпты. Ал аудан орталығы Сарыкемер ауылында тұрғындар әлі күнге ауызсудың азабын тартып отыр. Жалпы, ауданда жер асты су қорлары анықталған алты ауылға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленсе, оның ішінде бес ауылдағы құрылыстың құжаттары мемлекеттік сараптамаға жолданған екен. Ендігі кезекте республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінуі күтілуде. Бұл туралы Сарыкемер ауылдық округінде өткен есепті жиында айтылды.
Жиында тұрғындар тарапынан тұрғын үй салу, Д.Қонаев көшесі арқылы қатынайтын жолаушылар көлігінің бағыты, мектептерде жаттығу залдарын ашу, «Астананың 10 жылдығы» атындағы саябақты абаттандыру, үлкен көше бойына жол кедергілерін орнату, жер телімінің кезегі, көшені асфальттау секілді мәселелер қозғалды. Тұрғындардың талап-тілектеріне қатысты тиісті сала басшылары жауап беріп, жұрттың өтініші хаттамаға енгізілді. Басқосу соңында аудан басшысы мен ауылдық округ әкімінің есепті баяндамаларына қанағаттанарлық деген баға берілді.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support