- Advertisement -

Жаңа жинақ жарық көрді

47

- Advertisement -

Таяуда «Толғанай Т» баспасынан «Менің Қазақстаным» сериясымен журналист, жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің «Жуалы» атты танымдық, тағылымдық кітабы жарық көрді. Бүгінгі күнге дейін автордың жиырмадан астам жинағы өз оқырманын тапқан болатын. Көптеген жоғары деңгейдегі байқаулардың жүлдегері Мақұлбек Қайыпбекұлының «Мәңгілік ерлік», «Ерлік ұмытылмайды», «Жазықсыз жазаланғандар», «Тәуелсіздік – туымыз!», «Тарих тамырлары», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Жамбыл облысы: 1939 жыл», «Жамбыл облысы – 75 жыл: жылнама-шежіресі», «Қазақ хандығы – елдіктің бастауы», «Жасампаз 25 жыл», «Майдан хаттары», «Солдат жары», «Жамбылым қандай тамаша!» атты кітаптары өлке тарихын танытуда құнды еңбектер болып саналады. Енді, міне, оның қатары «Жуалы» атты жаңа жинақпен толығып отыр.
Кітаптың құрылымы да, жазылу үлгісі де өзгеше. Ауданның бар ауылдарының тарихынан, өткені мен бүгінінен бұған дейін соншалықты тереңдеп, зерделеп жазылған салмақты еңбек болған емес. Архивтегі материалдар молынан пайдаланылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл кітап өзін жуалылықпын дейтін, кіндік қаны тамған топырақты мақтан тұтатын кім-кімнің де үйінің төрінде тұратын дүние.
Бұл кітап тамырын тарихтан тарқатқан шежіреге толы. Біздің дәуірімізге дейін және орта ғасырдағы хандардың жазғы ордасы болған өңірдің өткенінен сыр шертеді. Тарихи-танымдық еңбектен ауданның соңғы 100 жылдық кезеңін ғана емес, ғасырларға ұласқан тарихы туралы көптеген мәлімет табатыныңыз анық. Әр заманда тіршіліктің өзі қаттап кеткен жер-су атауларын біле отырып, қазақтың тарихы тереңде екеніне тағы да көз жеткізесіз. Батырлар мен халқына қалтқысыз қызмет еткен, тәуелсіздік үшін күрескен, бұл күнде бабалар арманының баянды болуы үшін тер төгіп жүрген азаматтарды танисыз.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support