- Advertisement -

Тарихты танудың тағылымы

58

- Advertisement -

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәні бар. Кең-байтақ даламыздың ерекше жеті қырын айқындап берген мақалада Мемлекет басшысы басымдықты ұлттың тарихына беруі бекер емес. Тарих – ұлтты біртұтастыққа үндейтін күш-қуат.
Президент мақаласы қазақстандықтар үшін Ұлы Даланы мекендеген ұлттың рухани жəне материалдық мұраларын дəріптеп, жаңғыртуға үндейтіндігімен құнды. Өйткені тарих дегеніміз – ұлттың жады. Тарихы жадында жатталған ұлт қана жойылмайды. Ал өткеніне, яғни ата-бабаларының өміріне құрметпен қараған халық ұрпағы өнегелі болады.
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихқа баса мән беруінің өзіндік себебі бар. Біздің тарихымыз «қазақ» этнонимінің қалыптасуына дейін басталған. Ұлт Көшбасшысы мақалада осыны дәйекті дерекпен дәлелдейді. Осының өзі текті ұрпаққа ой салып, ұлт рухын жаниды. Осы арқылы «Тарихты білу – білімділіктің белгісі, əдебиетті білу – мəдениеттіліктің белгісі» деген даналық сөзді өскелең ұрпақтың есіне салады.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің елең-алаңында қазақтың әр жүзі жаппай өз тарихын теріп жазып, әр ру өз шежіресін түзуге ұмтылды. Бұл да өз кезегінде тегіңді тану, жеті атаңды білу үшін керек шығар. Алайда Елбасы атап көрсеткендей, Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтардан емес, тұтастай қалпында бағалы бола түспек. Сонда ғана ғылымдағы алар орны құнды. Президенттің бұл сөзінің астарында бүгінгі ұрпақ өзінің төл тарихын тереңнен білсе, білімді болса екен деген есті ескертпе жатыр.
Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы анық. Әлемдік өркениет көшінде ұлттық сипатыңды сақтап қалу – үлкен абырой. Біздің дүниежүзіне көрсетіп мақтанатын, көнеден жеткен басқа да жəдігерлеріміз баршылық. Соның бірі – қазақтың қара домбырасы мен киіз үйі. Бүгінде бұл мұраларымыз адамзаттың ең керемет он жəдігері, жетістігі есебінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енген.
Домбыра – біздің тарихи санамызды жаңғыртушы жәдігеріміз. Ол қазақтың бойтұмары, ұлттық руханияттың мәйегі. Оның қай қазақтың да жанына жақын болатын себебі де сол. Ұлттық аспап – қазақ музыкасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші ғана емес, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізге жан бітіруші мұра.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының қоғамға қозғау салып, тарихи мол мұрамызды түгендеуге жол ашқаны белгілі. Ішкі рухани серпіліс, көптеген бастамаларға түрткі болды. Соның бір көрінісі – биыл ғана Елбасының Жарлығымен бекітілген шілденің алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күні.
Бұл күн біздің ішкі рухымызды көтеруге, өткенімізді жаңғыртуға, мәдени мол мұрамызды қайта түгендеуге септігін тигізеді. Өйткені қара домбыраның шанағынан төгіліп, құлаққа сіңген саз күй ғана емес. Қазақ күйлерінің өн бойында халықтың зары, бүгінгі ұрпаққа жеткізген мұңы, өнегесі, тарихы жатыр. Осы табиғаттың үнін, тұлпардың дүбірін күмбірімен жеткізген домбыраның жыл сайын ұлықталатыны қуантады. Жалпы халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне қарай төл өнері ғасырлар бойы орындаушылық формада дамығаны рас. Енді осы күйшілік өнер кеңірек насихатталатын болады. Ал бұл өз кезегінде тарихи сананы жаңғыртуға әсер етері анық.
Адамдық болмыс оның санасының деңгейімен өлшенеді. Олай болса, бізге қойылған талаптың тағы бірі – білімді болу, ғылымды дәріптеу. Елбасы тапсырған «Дала фольклорының антологиясы», «Ұлы Даланың көне сарындарының жинағы» – ұлттық өнеріміздің мол мұрасы болары сөзсіз.
Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы өскелең ұрпақтың санасына елдік, мемлекетшілдік ұғымын сіңіреді. Тарихи үдерістердің көп қырлылығын ескере отырып, қазіргі заманғы ғылым биіктігінен қарауға, белгілі бір оқиғаларды дұрыс әрі әділ бағалауға үндейді. Бұл ретте Мемлекет басшысы осынау Ұлы Далада өмір сүріп жатқан көптеген этностар үшін ортақ Отан саналатын Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын айрықша атап өтеді. Мемлекет басшысы нақты айқындап берген Ұлы Даланың әрбір жеті қыры – барша қазақстандықтың мақтанышы.
Мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы Дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген. Ол тариxымызды түгендеуге мүмкіндік береді.

Эльмира ҚОЙЛЫБАЕВА,
Қ.Тұрысов атындағы
№53 мектеп-гимназияның директоры.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support