- Advertisement -

Жалған ақпарат жарға жығады

143

- Advertisement -

Өздерін білім саласының қызметкерлеріміз деп таныстырған белгісіз біреулер «WhatsApp» желісі арқылы мектептерде әлдекімдердің оқушыларға конфет және сағыз түрінде есірткі таратып жүр деген аудио хабарлама облыстық полиция департаментіне де келіп түскен екен. Ал бұл хабарламаны тұрғындар естігенде әу баста едәуір дүрлігіп қалған еді. Мәселенің мәнісін зерделеген құзырлы орган оның жалған ақпарат екенін мәлімдеп отыр.

Желіде желдей ескен бұл аудио хабарламаны облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметкерлері назарға алған. Тексеру кезінде аталған деректер рас болмай шыққан, яғни ақпарат жалған.
Мұндай деректер Ресейдің Ставрополь және Приморск өлкелерінде, Сахалин облысында және Татарстан мен Башқұртстан Республикаларында 2015-2017 жылдары, сондай-ақ биыл қаңтар айында Орал қаласында таратылғаны анықталған. Бейбіт күнде елдің тыныштығын бұзғысы келетіндерге не дерсің. Шындығында әрқайсымыздың қолымыздағы смартфондарға «WhatsApp»-тан күніне неше түрлі хабарламалардың келетіні рас. Бір өкініштісі, оның анық-қанығына жетпей жатып, бір-бірімізге жарыса таратып жібереміз. Тіптен кейбір хабарламаны жіберушілер «осыны осынша адамға таратуың керек» деп міндеттейтінін қайтерсің. Белгісіз біреулердің бұл әрекеттері адам санасына әсер етпей қоймасы анық.
Жалпы, облыс аумағында аты да, заты да белгісіз тәттіні жеп, уланғаны немесе олардың таралуы туралы деректер бойынша азаматтардан ешқандай шағым тіркелмеген. Десе де мұндай хабарламалардың жалған екенін түсіндіру мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері мектеп ұжымдарымен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтсақ, өңірдегі барлық мектеп директорлары мен профилактикалық жұмыстар жөніндегі орынбасарларына балаларға есірткі тарату мен пайдаланудың алдын алу үшін белгісіз тұлғалардан кондитерлік бұйымдар мен сағыз өнімдерін сатып алуға болмайтынын түсіндіріп, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарын ұйымдастыру тапсырылыпты.
Егер мұндай ақпарат анықталған жағдайда Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылатын болады.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support