«Көгілдір отын» келер күн алыс емес

42

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде Үкіметке елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруды тапсырған болатын. Бүгінде елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі біздің ауданымызда да қызу жүргізілуде. Ауылдықтар жуық арада оның игілігін де көргелі отыр.

Аудан әкімінің Тоғызкент ауылдық округінде тұрғындармен кездесуі барысында әңгіме осы тұрғыда өрбіді. Жиынға бизнес өкілдері, газ құбырын тартушы мердігерлер мен осы жұмысқа жауапты мекеме, кәсіпорын басшылары да қатысты.
– Бүгінде ауданымызда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасы негізінде ауылдарды газдандыру жұмыстары қарқын алды. Өздеріңізге талай жыл арман болған табиғи газдың игілігін көру сәті де таяды. «Көгілдір отынға» қол жеткізіп, қолайлы жағдай тудыру үшін, ең бастысы қауіпсіздік пен сапа қажет. Осыны ескеріп, бүгінде екі ауылдық округтің төрт ауылында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарын мамандармен бірге зерделеуді шештік. Бұл істе қандай мәселелер бар? – деген аудан әкімі Б.Нарбаев жиынға қатысушыларды еркін пікір алмасуға шақырды.
Бұдан кейін газ құбыры тартылып жатқан Тоғызкент пен Досбол ауылдық округтерінің әкімдері өздерінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысына, мердігерлер тарапынан орын алған кейбір кемшіліктерге тоқталып өтті. Одан әрі мердігерлік ұйымдар басшыларының уәждері тыңдалып, оларға жұмысты сапалы жүргізу тапсырылды.
Жиында ауыл азаматтары да өз пікірлерімен бөлісті. Досбол ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебек Алтынбеков: «Бүгінде жолдарымыз жөнделіп, тұрмыстық жағдайымыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Көп өтпей ауылымызға газ келмек, біздің де қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр. Ауылымызда 311 аулаға газ реттеу блок-пункті орнатылып, құбыр әр үйдің тұсына келтіріліп қойылды. Алла қаласа, келіндердің қолы көмір тасып, от жағудан босап, үйіміз газбен жылытылатын болады деген үміттеміз», – деді.
Зерегүл Ештайбекова, Әбдіманап Ермашов, Амангелді Сейітбеков сынды ауыл тұрғындары көмір отынынан тапшылық көріп отырған шалғай елді мекенге газ құбырының тартылуы үлкен серпіліс әкелгенін атап өтіп, енді атқарушы органдар тарапынан әр үйдің газ желісіне қосылу құнының қолжетімділігі қадағаланса деген өтініштерін жеткізді. Ал жастар атынан сөз алған Бауыржан Бұқарбеков Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жастарға ерекше серпін бергеніне тоқталып, ауыл жастары одан әрі де ауылды көркейтуге үлес қоса беретіндігіне сендірді.
Тоғызкент және Досбол ауылдық округтеріне «көгілдір отынның» берілетін күні де алыс емес. Бұл игілікті іс шалғай елді мекендер тұрғындарын жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп отыр.

Дариха ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.