- Advertisement -

Дастарханда наны жоқтың, тамағының сәні жоқ

86

- Advertisement -

Ауданда макарон және кондитерлік өнімдер шығаратын шағын цех іске қосылды

Дүкен аралаған мен базар жағалағанның ең әуелі сатып алатыны азық-түлік өнімі екені сөзсіз. Бұл ретте, тұтынатын тамағыңның нарықтағы бағасы қолжетімді әрі сапасы сенімді болғаны абзал.

Міне, осындай талаптарға жергілікті жерлердегі өнім өндірушілердің қолынан шыққан тауардың толықтай сай келетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан болса керек, кейінгі жылдары еліміздің ауыл шаруашылық өндірісі бағзы кездегідей шикізат қана дайындаумен шектелмей, өнімді түбегейлі өңдеу мен дайын күйде өткеру белесіне бет бұра бастады.
Жуырда ғана ауданда ашылған макарон өнімін шығаратын цех мұның толық айғағындай. Тұтынушыларына дайын тауар ұсынатын цехта кондитерлік өнімдер де өндіріледі. Бұл шулықтар үшін тиімді болып отыр. Мұндағы өнімдер ауданның орталық базарына сатылымға шығарылуда.
– Жасыратыны жоқ, ұзақ жылдар бойы дәл осы макарон мен кондитерлік өнімдерді Алматы мен Шымкент қаласындағы жеке кәсіпкерлерден сатып алып, Шу ауданына өткізумен айналысып келдік. Кейін жақындарыммен ақылдаса келе, макаронды неге өзіміз өндіріп көрмеске деген ой келді. Рас, әуел баста сенімсіздік те болды. Әйткенмен тәуекелге бел буып, Шу қаласынан бір ғимаратты жалға алып, бастапқы ойымызды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Цехтың ашылғанына бір ай енді ғана болды. Сол себепті, қазір өнімді аз мөлшерде шығарып жатырмыз.
Мұнда кондитерлік өнімдерді және макарон мен кеспе өнімдерін шығаруға арналған бірнеше құрылғы бар. Оның барлығын Астана қаласынан сатып алдық. Ендігі мәселе, өзіміздің жеке ғимаратымыз болса деймін. Осыған байланысты, жергілікті әкімдіктен қолдау болса кәсібіміздің көкжиегін кеңейтуге көп септігін тигізген болар еді, – дейді цех директоры Есенбек Тәжібекұлы.
Айта кету керек, кәсіпорын басшылары аталған цехтың өнімдерін нарықтағыдан едәуір төмен бағада сатуда. Мәселен, макаронның бір келісі базарда 120-130 теңге болса, мұндағы баға 110 теңге көлемінде. Сонымен қатар цехтағы бірқатар кондитерлік өнімдер «Жасмин» және «Сәуле» атауымен базар мен дүкен сөрелеріне жол тартуда. Оған қоса, макарон мен «Айгерім» атты кеспе де арнайы қораптармен тұтынушыларына тұрақты жеткізіліп жүр. Егер де тұтынушылар макаронды әртүрлі келідегі түрлерін сатып алуды қолайлы көрсе, мұндай сұраныстар да толығымен өтеледі. Бұл жақтан шығарылатын барлық өнімнің атасы бір ұн емес пе дей тұрсақ та, аталған ұн түрлерінің әрқайсысының тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар екені өз алдына бір бөлек әңгіме. Мысалы, мұндағы кондитерлік өнімдер бірінші сортты ұннан дайындалса, макарон екінші сұрыптан әзірленеді.
Жұмысын бастағанына бір айдың жүзі енді ғана болған цехта қазір 5 адам еңбек көрігін қыздыруда. Ондағы білікті мамандардың бірі, кондитер Сәбит Аллабергеновтің айтуынша, олар тек сапалы өнім шығаруға күш салуда екен. «Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Өнімдер өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша білім алдым. Сондықтан бұл жұмыс маған таңсық емес. Оның үстіне бұған дейін мамандығым бойынша бірнеше мекемеде жұмыс істегенмін. Атап айтатын болсам, Астана қаласында орналасқан ирандық «Saman» кондитерлік компаниясында екі жыл, Алматыдағы «Нәзік» кондитерлік фирмасында бірнеше жыл жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтадым. Мұндағы жұмыс енді ғана басталды. Дейтұрғанмен, аяқ алысымыз жаман емес. Шу қаласындағы алғашқы кондитерлік цех болғандықтан, және тек сапалы өнім шығаратындықтан, алдағы уақытта үлкен жұмыстар атқаруға болады деп ойлаймын», – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Мамандар өздерінде тәулігіне 100-150 келі макарон өнімі, 50 келіге дейін кондитерлік өнім түрлері шығарылатынын айтады. Әрине, цехтың қуаттылығы бұдан да молырақ өнім өндіруге қауқарлы. Тек, әлде де болса тапсырыс мөлшері төмен болуы кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеуіне қолбайлау болып отырған сыңайлы. Сөз жоқ, тапсырыстың аздығы кез келген өндіріс ошағының кібіртіктеуіне әкеліп соғады. Ал бүгінгі әңгімеміздің басты қазығы – макарон цехының бастапқы аяқ алысы жаман емес десек те, аудан нарығын игеруге әлі де болса біраз ізденістер қажеттігі байқалады.
Аталған кәсіпорын да алдағы уақытта тамырын тереңге жайып, ауқымын әлдеқайда ұлғайта түссе, өңір экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосары сөзсіз.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support