Екі тарапқа да тиімді

65

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі Тараз қаласының «Достық» алаңында өткен сенбіде де жалғасын тапты. Жалпы, облыс орталығының тұрғындарына 40 миллион теңгені құрайтын 196 тонна азық-түлік, ауыл шаруашылық тауарлары ұсынылды. Бұл жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев аралап көріп, шараның өту барысымен танысты.

Мұратхан Жүнісәліұлы барлық сауда қатарларын тегіс аралап шықты. Өз өнімдерін әкелген шаруа қожалық жетекшілерімен де, қала тұрғындарымен де тілдесіп, әңгімелесті. «Қыс мінекей, қыр астында. Қала тұрғындарына жеңілдік, арзан өнімге қол жеткізу мүмкіндігі үшін осы жәрмеңкені ұйымдастырудамыз. Мұндағы өнім базарлардан 20 пайыздай төмен екенін білеміз. Ауданнан келген шаруалардың да табиғи өнімдері, адал еңбектері. Қала тұрғындары да тиімді бағаға қол жеткізулері керек. Жәрмеңке екі тарапқа да тиімді болуы тиіс», – деді М.Шүкеев.
Бұл жолы жәрмеңкеге Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Жуалы, Сарысу аудандарының шаруа қожалықтары өнімдерін әкелді. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы тарапынан, облыстың азық-түлік тауарын өндіруші кәсіпорындарының өнімдері де қатар-қатар сөреде сап түзепті. Мұнда қой етінің келісі – 1200, сиыр етінің келісі – 1300, жылқы етінің келісі 1500 теңгеден сатылса, жаяның килосы – 1600, қазының бір орамасы – 1700, қартаның келісі 1 мың теңгеден бағалануда. Сүт пен айранның литрі – 140 теңге, алма келісі – 80-100, жүзімнің келісі 200 теңге көлемінде. Картоп – 50, сәбіз – 60, қияр – 200, пияз 25 теңгеден сатылуда. Қант келісін – 220, күріш өнімін – 180, макарон өнімдерін 140 теңгеден сатып алуға болады. Мұнда азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерінің барлық түрі бар.
Бір байқағанымыз, арзан өнімді сатып алуда қазақ халқының белсенділігі төмендеу. Қайта өзге ұлт өкілдері топталып келіп, сауданы қыздырып жатыр. Олар алған затын таразыға қайта-қайта өлшетіп, өз құқықтарын соңғы сәтке дейін қорғап бағады. Ал біздің қандастарымыз қамсыздау, асыға қоймайды…
Тағы бір байқағанымыз, тұрғындар бұрынғыдай қанттың, ұнның, картоптың айналасында үймелеп, ентелеп тұрмайды. Өнімдер жеткілікті деңгейде сатылып жатыр. Біз бірқатар азаматтармен тілдестік. Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков байзақтықтар 6 сөрені азық-түлік, ет өнімдерімен қамтып тұрғанын айтса, жуалылық «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев әкелген картоптарын пышақ үстінен үлестіріп бергенін сөз етті. «Біз шалғай Мойынқұмнан келдік. Алайда өнімдеріміз өз деңгейінде өтіп жатыр. Мен жылқы, қой етін әкелген болатынмын. Делдалсыз сатылған өнімнің өту жағдайына көңіліміз толады. Ең бастысы, қалалықтарға қуаныш сыйлап отырмыз», – дейді Мойынқұм ауданындағы «Ермақсат» шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Әбітаев. Екінші тараптан, сатып алушылардан да пікір білдік. Көпшілігі көңілді, бағаға риза. «Бұл – облыс әкімдігінің тараздықтарға тікелей қамқорлығы деп түсінемін. Қаншама жас отбасылар, пәтер жалдап тұратын отбасылар бар. Міне, сондай аз қамтамасыз етілген, қарапайым азаматтарға жәрмеңкенің жеңілдігі өте мол», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ерғали Шаханов.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.