Білікті маманға сұраныс көп

59

Облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде «Техникалық және кәсіптік білім. Еңбек. Табыс» атты ІІ облыстық еңбек форумы өтті. Оның жұмысына ірі кәсіпорындардың басшылары, техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің оқытушылары мен түлектері қатысты.
Форумды облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов сөз сөйлеп ашып, Елбасы кәсіптік білімді дамытуға ерекше назар аударып отырғанын, бүгінгі жастар уақыт талабына сай болуы керектігін айта келіп, табысқа жеткен кәсіпорындардың үлгілі жолы жас түлектерге үлгі екеніне тоқталды.
Жиын барысында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалы директорының орынбасары Мая Аманбекова, «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрбол Күздікбаев сөз сөйлеп, техникалық мамандық алған түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы, олардың жұмысқа орналасуы аталған колледждердің білім беру сапасының көрсеткіші болып табылатынына тоқталды. Форум аясында «Түлектер кеші» шарасына да жиналғандар қызығушылық танытты.
2018 жылдың «Үздік әлеуметтік серіктестері» аталымымен «Имстальком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Виктор Демин, «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрбол Күздікбаев, «ГИС» кәсіпорнының директоры Наталья Веселова марапатталды.
Форум соңында облыста жаңадан ашылған кәсіпорындар мен техникалық және кәсіптік оқу орындары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.