- Advertisement -

«Aq jol»-дың ақкөңіл жанкүйері

117

- Advertisement -

өзінің сүйікті газетіне жазылу үшін сонау Сарысу ауданынан келіпті

Есігіміз ашық тұрған. Қабылдау бөлмесінен бір кісінің сұлбасы көрінді де, сірә хатшы қыз бір жұмыспен шығып кеткен болуы керек, мені байқап қап «Рұқсат па екен?» деп, жауабымды күтпестен кіре берді.
Жылдамырақ басып, қолын алыстан ұсынып, сәлемдесе бастағанына қарағанда елпілдеген ақкөңіл адам болуы керек. Сондай жаны таза адам екенін сезіп, мен де қошуақ көңілмен «Келіңіз аға, отырыңыз, шаруаңызды айтыңыз» деп, жік-жаппар боп жатырмын.
– Шаруаның үлкені сол, «Aq jol»-ға жазылайын деп келдім.
Риза болып кеттім. Өйткені мұндай жайсаңдарды қазіргі заманда өте сирек кездестіресің.
Бұрындары жауынгер-жазушы ағамыз Әзілхан Нұршайықов «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға барып, келесі жылға қанша газет-журналға жазылғанын айтып, ол бас басылымға жарияланып, қалың қазақ қауымына үлгі боп жатушы еді. (Айтпақшы, Тараз қаласында тұратын Нұрмахан Тілегенов ағамыз жақында ғана жолығып, келесі жылға қанша газетке жазылғанын, оның басында «Aq jol» тұрғанын айтып қуантқаны бар). Мына қонағымыз да сол Әзағалардың сарқытындай жаны жаңалыққа құмар, ел руханиятына тамшыдай болса да септігім тисе деп жүрген азамат болды ғой деп ойладым.
– Қайдан келдіңіз? Тараздансыз ба?
– Жоқ, Сарысудан келдім.
– Сарысудан?..
Шыны керек, таңғалдым. Өйткені Сарысу жақта да газетке жазылатын пошта бөлімшелері бар ғой. Ойымды түсінді-ау деймін:
– Ауылымызда аудандық газетке де бірінші боп мен жазылыппын. Редакторы да қуанып жатыр, – деп қойды.
Танысып, жөн сұраса келе газетіміздің ерекше жанкүйерінің аты-жөні Назарқұл Исанбаев екенін білдім. Саудакент ауылының тұрғыны.
– Сіздердің аудандарға шығып, оқырмандармен кездесіп, руханият мәселесі жөнінде айтқан әңгімелеріңізді оқып отырамын. Елдің бетін ғылым мен білімге бұратын кез жетті. Мұндай сөзді жұртқа ең алдымен жеткізетін де, жазатын да газет. Елбасының халыққа арнаған «Рухани жаңғыруы» да, күні кешегі елге болсын деген тұрғыда жасалған Жолдауы да, біле білсек, халқымыздың өресі биік, жан-жақты, білім көкжиегі кең, әр кәсіптен хабары бар өнерлі болуын міндеттейді. Сондықтан туған елім, кіндік кескен жерім, ана тілім –ардағым деген әрбір отбасында қазақ газеттері, оның ішінде облыс айнасы – «Aq jol» газеті болуы қажет. Мысалы, облысқа әкім болып келгелі бері Асқар Мырзахметов қаншама игі істерге бас болып, соның арқасында қаламыз да, даламыз да көркейіп жатыр. Соны халыққа жеткізетін не? Әрине, газет. Оның ішінде – «Aq jol» газеті. Өкінішке қарай, көптеген басшылар, тіпті аудан әкімдері мен олардың идеология жөніндегі орынбасарлары осы бір рухани күштің мәнінің қаншалықты зор екеніне жете көңіл бөлмейді. Міне, осы жағын нақты іске асыратын кез жетті.
Газетімізге жанашыр болып, сонау шалғай ауданнан ат сабылтып келіп отырған қарияның әңгімесін тыңдап, өзіне қал-қадерімізше құрмет көрсетіп, жазылу мәселесін жедел ұйымдастырып жібердік. Фототілшіміз оның газетке жазылып, қолына түбіртек алып жатқан сәтін суретке түсіріп, ал облыс орталығындағы пошта қызметкерлері ізетпен қызмет көрсетіп жатты.
Назарқұлдай жаны ізгі адамдар елімізде, оның ішінде, біздің облысымызда аз деп айта алмаймыз. Бірақ олардың біздің редакциямызға біреуінің аяғы жетсе, екіншісінің мүмкіндігі шектеулі. Біреулері өздері бала кезден бауыр басқан «Aq jol»-ына жазыла алса, ал екіншілері жазыла алмай дағдарады. Ұл-қыздарына «маған өзімнің сүйікті газетімді жаздырып беріңдерші» деп, «Aq jol» бастаған бірнеше газеттің атын айтуға жасқаншақтық танытатындары да бар…
Бұл енді ойланатын мәселе. Әрбір үйлі-баранды болған ұл мен қыз төрінде отырған қариясының, яғни ата-анасының алдына күнделікті ас-суымен, дәрі-дәрмегімен бірге, шын сыйласа, рухани азық – газеттерін де әкеліп қоюы керек.
Назарқұл қарияға қайта-қайта рахмет айтып, Сарысуға шығарып салдық. Ол да, біз де разы. Ойымызда «Шіркін, жұрттың бәрі Назарқұл қариямыздай болса ғой!» деген сүйінішті сөз тұрды. Ол сөзді, міне, Назарқұлдай қариямыздың жанкүйер болғаны сонша сонау жерден облыс орталығына өз аяғымен келіп жазылып кеткен газеті – «Aq jol» арқылы өздеріңізге жеткізіп отырмыз.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support