- Advertisement -

«Aq jol»-дың Ақәділі

151

- Advertisement -

Ол ізденеді. Шығармашылық ортада жүрген соң, объективімен жаңа, тың көрініс тапқысы келеді. Ол біз көрмеген пейзажды, портретті және өзге дүниелерді байқайды. Тасқындап аққан тау бұлағын, алып даланың бау-құрағын, даланың қыранын, қаланың ұланын «жарқ» еткен жалғыз көрініспен көз алдыңа әкелетін қасиет фототілшілерде ғана бар. Фототілші жұмысының қиындығын газет саласында жүргендер біледі. Бұл жұмыстың жеңіл емес екенін аға газет «Aq jol»-дың фототілшісі Ақәділ Рысмаханның күнделікті қарбаласқа толы жұмысынан көріп жүрміз. Фотоаппаратын отыз жыл арқалаған А.Рысмахан ердің жасы елуге толды.

Ақәділ 1985 жылы мектеп бітірісімен 8 айлық фотосурет курсын тәмамдаған. Бұл курстан өткенінің пайдасын әскерде көрді. Сарбаздарды сан түрлі форматта түсірген еңбегінен жан рахатын табатын. Әскерден соң Ақмола ауыл шаруашылық институтына оқуға түскенімен, фотоөнер ойынан шықпайды.
Дипломға қолы жеткен соң, мамандығы бойынша еңбек етпей, фотосалонға жұмысқа тұрып кетеді. Оның бұл қадамын әкесі Маханбетхан да құптаған екен. Тіпті алғашқы түсірген бейнелерін көргенде «Балам фотосурет маманы болды», деп жүрегі жарыла қуанған көрінеді. Әке жүрегінің атқақтауы – заңдылық. Фото – өзінше бір ғажайып әлем. Ол арқылы жүздеген жылдардың хронологиялық тарихын көз алдыңа әкелуге болады. Жақсы адамдар жиналған қайталанбас сәттерден мәңгілікке естелік қалдыра аласың. Сондықтан фототілшілердің әр «шыртылы» бағалы.
Ақәділ әуелі «Ақмола ақиқаты», республикалық «Ұлттық ұлан» газеттерінде еңбек еткен. Одан соң Таразға ауысып, фотосалонда аз уақыт маман болып жүргенде қалалық «Жамбыл-Тараз» газетіне шақырылады. 2010 жылдан бері табан аудармай облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol»-да еңбек етіп келеді.
Бір редакцияда жүргендіктен, А.Рысмаханмен іссапарларға талай рет бірге бардық. Облыстың Астанадағы күндері, облыс басшысының аудандарға сапары, өндірістен, саятшылықтан, шаруашылықтан, білім, мәдениет, денсаулық, спорт салаларынан сан мәрте бірге ақпарат тараттық. Ондай сәттің бәрінде Ақәділ ағаның қолында фотоаппараты жүреді. Ол әр фотоны түсірерде жауапкершілікті ұмытпайды. Суреттің сапалы шығуына, жай фото емес, газетке әр беретін дүние болуына мән береді. Ерекше, тосын, күтпеген сәттерді қалт жібермейді.
Маманның аты маман емес пе? Ол – жалғыз, біз тілшілер бірнешеуміз. Бірақ Ақәділ бәріміздің жұмысымызға үлгереді. Гүлден бал жинаған арадай шапқылап жүреді. Газет дайындалатын күні барлық материалға суреті дайын тұрады. Бұл – әріптесіміздің еңбеккештігінің, тынымсыздығының, өз мамандығына құрметпен қарайтынының жемісі.
Ақәділмен іссапарға шыққан көңілді. Әзілге толы әңгімелерімен төңірегіндегілерін күлдіріп отырады. Әсіресе «Газельде» селкілдеп алыс аудандарға жету оңай емес. Сондайда әзіл-қалжыңдары жол қысқартады.
Ақәділ үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Меруерт екеуі 4 перзент тәрбиелеп өсірді. Бір жымиып қойып, барлық шараға үлгеріп жүрген тәжірибелі маман Ақәділдің ізденісі жастарға үлгі. А.Рысмаханның еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Тараз қалалық әкімдігінен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалынан алып жүрген марапаттары да аз емес.
Сіздің жанарыңызға ілінетін ғажайып көріністер көп болғай, «Aq jol»-дың Ақәділі!

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support