- Advertisement -

Ұлттық рухты ұлықтаған фестиваль

136

- Advertisement -

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала рухы» атты фестиваль өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде ұйымдастырылған іс-шара ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді насихаттауды мақсат тұтты.
«Достық» үйінде өткен фестиваль барысында Астанадан келген иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның суреттерінен көрме ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына ұсынылды. Қылқалам шебері көрмеге қоғамда орын алып отырған түрлі әлеуметтік келеңсіздіктерді тап басып бейнелеген көптеген шығармаларын әкеліпті. Фестивальге қатысушылар, сондықтан, Аңсаған Мұстафаның туындыларын зор қызығушылықпен тамашалап, әрбір суреттің мазмұны мен астары туралы сұрап жатқанына куә болдық. Мұның өзі жамбылдықтардың сурет өнеріне деген ықыласы зор екенін айғақтай түссе керек. Фестиваль аясында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін фототілшілердің де еңбектері қонақтарды бейжай қалдырмады. Фототілшілердің шығармаларын да зейін қойып көргендердің қатары аз болған жоқ. Сондай-ақ «Таразға тілек» фотоальбомына тілек жазып, суретке түскендер арнайы әзірленген сыйлықтарға ие болды.
«Ұлы Дала рухы» фестивалі аясында облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының да көрмесі қойылды. Олардың қатарында облыстық «Аq jol» газеті де бар.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ұлттық рухты жанитын әсерлі әндер шырқалған концерттік бағдарламаға төл өнеріміз айтыстың енгені де құптарлық жағдай деп білеміз. Залға жиналған жұртшылық жас ақындар Нұрлыбек Құрманов пен Дархан Әбдіманат арасындағы достық қалжыңға құрылған сөз сайысқа риза болысты. Мұнымен қоса жас ақындар Жанғазы Ахмет, Данияр Әлімқұл, Нұржан Қадірәлі отты жырларын оқыды. Ғани Мәтебаев, Жазира Сметова сынды әншілер әуелете ән шырқаған концерт барысында «Алашұлы» тобының орындауындағы жастардың намысын қамшылайтын әсерлі әндер жүректерді тербеді. Аталмыш топ мүшелеріне көпшілік тік тұрып қошемет көрсетті.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли сөз сөйлеп, өңірде атқарылып жатқан ілкімді істер туралы баяндады. Алдағы уақытта өзге де ірі жобалар қолға алынатыны туралы хабардар етті. Осы шараға белсене қатысқан белгілі суретші Аңсаған Мұстафаға және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен фототілшілерге Алғыс хаттар тапсырды. Аңсаған Мұстафа фестивальді ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
«Осы фестивальдің, көрменің ұйымдастырылуына себепкер болған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли мырзаға, басқармаға қарасты өңірлік коммуникациялар қызметі мекемесінің жігіттеріне алғысым шексіз. Тараз қаласының тұрғындары шығармаларымды жылы қабылдап жатыр. Сурет өнеріне деген қызығушылықтары тәнті етіп отыр. Сол үшін тараздықтарға ризашылығымды білдіргім келеді. Ал көрме туралы айтар болсам, Таразға 42 сурет әкелдім. Оның ішінде жеті суретті жаңалап отырмын. Жаңадан салынған суреттер өзге қалалардағы көрмелерде қойылған жоқ. Әзірге шығармашылық көрмем өз елімізде өткізіліп жатыр. Әйткенмен шетелден де ұсыныстар түсуде. Қазірге дейін Түркия, Әзірбайжан секілді бірқатар мемлекеттерден белгілі адамдар бейнеқоңырау шалып, туындыларды көрді», – дейді Аңсаған Мұстафа өз ойымен бөлісіп.

 

Табиғат Абаилдаев

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support