- Advertisement -

Жер-су атауларында тарихи оқиғалардың дәйегі мен мәйегі бар…

2 676

- Advertisement -

Тәкен МОЛДАҚЫНОВ,
Қазақстанның
мәдениет қайраткері.

Ежелгі дәуірлерден жалғасып келе жатқан ұлттық танымның ұлағатты айшықтарының бірі жер-су атаулары мен адам есімдерін таңдаудағы құпия сырлардың арғы тегі түркілік, бергі тегі алаштық арнаға келіп ұласатын дәлдік пен тапқырлықта жатыр деп ойлаймыз. Атаулар мен есімдер жүйесіндегі «құпияны» жеріне жеткізе зерделеп-зерттей алсақ, ұлттық тарихтың талай-талай тарауларында бұғып жатқан сырға қанығар едік-ау деген арманның астарында да осындай игі мақсаттар жатыр.
Көрнекті тұлғаларымыздың бірі Олжас Сүлейменовтің тұжырымдамасына жүгінсек, «Сначала пушки, потом Пушкин» дәуірінің ата-бабаларымыздың баянды атауларын көпе-көрнеу ысырып тастаған кезеңнің әңгімесі бір басқа…
Не керек, танымдық өрісіміз бен тілдік қорымызға ономастика, топономика, гидроним секілді көптеген терминдер тобы еніп, солардың негізінде заманауи ғылыми-зерттеулер жазыла бастаған кезеңде, қазақ халқының адам аты мен жер-су атауларын таңдауда алдына жан салмайтын жүйрік халық екендігін көп ел мойындай бастады.
Ономастикалық атаулардың өз дәуірімен сабақтас арғы тегінде тарихи оқиғалардың желісі жатады екен. Оларда тұрмыс пен салттың сарнаған сарындары, өткен өмір, кешкен ғұмырдың белгілері таңбаланып қалады екен деуіміздің дәлелдеріне де енді-енді ғана көз жеткізгендейміз. Ол дәлелдер – өлкеміздің өн бойында тұнып тұрған төл атаулар жүйесі. Атаулар жүйесін қарасаңыз, көзге көрініп тұрған бір ерекшелікті бірден байқайсыз. Өлке топырағынан қаншама тұлғалар өтті, қаншама батырлар өмір сүрді, қаншама тұлғалардың қаны мен тері төгілді, қаншама шешендер, билер сөз бастады. Бірақ олардың есімдерімен аталатын жер-су аттары кемшін. Бірлі-жарым ғана. Неге? Айтпақшы, біз тауларымыздың ұстыны бөлек тұлғалысына түркі жұртының түпкі нанымы Иесінің атын бергенбіз. Солай Тәңіртау деп атағанбыз. Кейінгі дәуірлерде қаламдалып-хатталып жүрген Тянь-Шань таулары дегеніміз, ежелгі қытай тілінен еніп, «евроцентристердің» көктен іздегені жерден табылғандай іліп әкеткен кірме атауы – Аспан таулары. Екінші бір ескеретін нәрсе – әлемді дүр сілкіндірген Шыңғысханның атында деп есептелетін жалғыз биік – Семей еліндегі Шыңғыстау дейтін наным ғана. Ал Жезқазған жеріндегі Ұлытаудың ұлылығын оның баурайында жатқан Жошыханның есімімен, әр заманда Ұлытау жоталарын жайлаған хандардың, Домбауыл әулие тәрізді тұлғалардың есімімен әсте шатастыруға болмайды. Біз, қазіргі ұрпақ, осынау қырат-қырат жоталармен шектелетін сілемдердің неліктен Ұлытау аталатындығын әлі де жеріне жеткізе зерттей алған жоқпыз. Бұл – шындық. Ұрпақтың осындай-осындай шындықты біліп жүргені артық болмайды деп пайымдаймын.
Сондықтан байырғы ұлы халық ұрпағына өзгелердің қаңсығын таңсық еткен жарамайды. Елдің өткені мен бүгініне және болашағымызға жіті үңілетін кез жетті.
«Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу, алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», деп келетін тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінде терең тәрбиелік мән бар.

* * *

Қасиетті Әулиеата – 21 ғасыр бұрын исі түркі жұртының туы алғаш көтерілген ардақты мекен. Қолымызда бар тарихи жазбаларды парақтасақ, Тәңірқұт-Талас-Тараз қаласы іргелі жұрттың алғашқы алаштулы астанасы болғандығын да байқаймыз. Шығыс деректеріндегі «Тәңірқұт қаласы осы айналадағы бес хандыққа бөлініп берілді» дейтін жолдар соның дәлелі. Уақыт өте келе осыдан жиырма бір ғасыр бұрынғы атаудың ұлыс жадында сақталып, өлмей-өшпей келе жатуының алтын арқауы – Елбасының «Тараз – тарихымыздың алтын темірқазығы» дейтін, бүгінде қанатты сөзге айналған тұжырымдамасымен астасты.
Қаламыздың ежелгі атауларының бірі Тараз төл тарихымызбен қайтадан қауышып, жер шарының картасына аты айшықталып жазылды.

* * *

Ежелгі тарихи атаулар молынан сақталған мекендегі талассыз нұсқалар, әрине, Тараз-Талас, Шу, Жайсаң, Қозыбасы, Құлан атаулары. Мысалы, аталған кезеңдерден әлдеқайда әріде жатқан әулеттік атаулардың бірі – Ас, Астар дейтін тайпалық атаумен сабақтасады десек, ежелден аян «тала» сөзі «дала» болып қайтадан қалыптасты деген пайымды алға тартсақ, ежелгі қаламыздың да, асау өзеніміз Таластың да атауы – Астардың мекені деген ұғымға айналады. Арғы тегімізде Астардың да үлесі жатқандығын көзі қарақты қауым жақсы біледі. Одан беріде, орта ғасырлардағы түркі империялары тұсында Мыңбұлақ деген жер атауы тарихымызға дендеп енді. Бүгінгі Жуалы жеріндегі Мыңбұлақ мекенінде, Екінші Түрік империясының билеушісі Тон Ябғудың ордасы тұрды, ордада кеңесшілік парызын атқарған атақты Тоныкөк сардардың Мыңбұлақ жерінде табанының ізі қалды. Бұл сөзіміз болжам ғана емес, сол дәуірдің куәсі жазып қалдырған қолда бар жазба деректерден алынып отыр («Батыс өңір баяны»). Уақыт өте келе, өз дәуіріндегі мөлдір көзді мың бұлақтың арнасы өзгергенмен, жер атауы әлі де сол қалпында!
Жуалы төрінде Мыңбұлақ тұрса, Хан тауы аумағында Көкбұлақ мекені жатыр. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бүгінде Көкбұлақ аталатын сол аумақтың ежелгі атауы – Көпбұлақ екен.
Кезекті бір кемелденген тұсымыздағы туымыз көтерілген биіктің аты ұлттық тарихымызда Қозыбасы деп аталады. Өз заманында бес бірдей хандықтың ордасы тігілген Шу өңіріндегі Қозыбасы биігі де, Жамбыл тауы, Хантау, Хан қорасы, Хан тағы нысандары да тарихы терең Шу өзенінің шығыс жағында жатыр. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетелік, кейбір тарихшылар жазып жүргендей Қозыбасының тау емес, тепсеңдеу жерде жатқан биік екендігін және ол биік пен қатарлас жатқан, жоғарыда біз атап өткен мекендердің бәрі де, Шу өзенінің шығыс қапталында жатқандығын ескерте кетуіміз керек.
Шамамен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Ұлы Дала елді мекендері мен жер-су атаулары күрт өзгере бастады. Алексеевка, Петровка, Орск, Омск, Алма-Ата, Кантемировка, Бурное, Луговое атауларының анталаған, Петропавловск, Семипалатинск, Павлодар қалаларының бой көтерген тұсын айтып отырмын. Ежелгі Ор өзені, оның жағасынан орын тепкен Ор бекінісі, Алматы шаһары, Медеу жайлауы атауларының жұрнағы ғана қалып, Құлан, Жуалы қыстағы атаулары, Қызылжар, Бурабай топонимдері мүлдем басқа түрге еніп шыға келді. Осы атаулар алмасуының дендеп енуімен дәстүрлі әдеби тіліміздің ұстанымдарына да, оның ежелден қалыптасқан нормаларына да әжептәуір өзгерістер ене бастады. Яғни жер-су атауларының дыбысталуы, сөз екпіні, сөз ырғақтары, былайда байқала бермейтін ерекшеліктердің ықпалымен, бірте-бірте құбыла берді.
Тарихымыздың бір белесінде қазақ даласына тек жаңғырығы ғана жеткен алуан есімдер мен қыруар атауларға жаппай көшіру науқаны басталды. Оған да мақұл дедік. Ауыл кемпірлерінің: «Айналайын, біз мына Леліннің қатындары едік, ана қатар жатқан Күрпіскей мен Көмүнізімге дейін ала кетші» деп өтініп тұратыны да сол кез еді ғой. Ал бүгін жыр жолындай төгілген жаңа атауларды жаңғыртуға мүмкіндік туған уақыт. Жоғарыда аталған Ақсай – Көксай, Қызылсайларымыз – тек жердің ғана емес, олардың табиғи болмысын да сипаттап тұратын атаулар. Жер-суымызға, ауыл-қыстақтарымызға, көше-көшелерімізге көрік беріп тұр. Сұңғыла қазақ санасы судың да түсін білген, шөптің де тегін білген, орман-тоғайдың да, бұлақ-жылғаның да жаратылысын жаңылмай ажырата алған. Ақсу, Көксу, Қызыл су, Қарасу, Сарысу өзендері, Изенді, Ерменді, Бетегелі, Жуалы, Қоғалы, Қайыңды, Қарағайлы, Алмалы белдер, Ақтоғай, Көктоғай, Сартоғай, Көртоғай қолаттары, Ақбұлақ, Көкбұлақ, Сарбұлақ, Қарабұлақ, Сорбұлақ (суы кермек), Ащыбұлақ (суы тұзды), Тұщыбұлақ, Жылыбұлақ (суы ыстық), Зербұлақ, Айнабұлақ, Мыңбұлақ, Көкбастау, Сарбастау жылғаларының жырға бергісіз атаулары салтанат құра бастады. Бұл атаулар тілімізді де әрлендіріп, табиғатты тану мүмкіндігімізді де кеңейтуде. Осы жерде бір айта кетеріміз, Жуалы жеріндегі Теріс өзенінің тосын естілетін атауы. Шынында да, ағыс бағытының физикалық та, географиялық та заңдылықтарына қарама-қарсы ағатын, басқа жұртта сирек кездесетін өзен бағытын қалай пайымдап қойды екен, қайран бабалар деп таңдануға тұрарлық атау. Жер бедерінде не көп – төбе көп, тепсең көп. Ал қазақ танымы оларға да айшықты ат қойып, алыстан «мен мұндалайтын» айдар тағып отырған Көктөбелер тізбесі бесенеден белгілі ақ, қара, қызыл, қоңыр, қисық, жалғыз, сұлу болып өз атын өзі шақырып тұрған бір әлем. Ал осылардың ішіндегі Қарауылтөбе, Ұрантөбе, Тұзтөбе, Тастөбе, Құмтөбелер өздерінің «қызметін», «міндеттерін» әйгілеп, өздерінің ішкі-сыртқы табиғи жаратылысынан да хабар беріп тұрған жоқ па? Ерте дәуірлерде жақындап келе жатқан жау қатерін де, оқшау отырған ауылдың басына төнген төтенше жағдайды да, кейде тіптен, ат аяғы жете бермес жердегі ағайынды той мен асқа шақырудың өзін де осы Қарауыл төбелерге, Ұран төбелерге күндіз түтін салып, түнде от жағып хабарландыратын болған. Төбелер «телефоны» айналадағы жұртты әп-сәтте аяғынан тік тұрғызып, жаудың алдын алатын ереуілге жұмылдырған, керексе жақсылыққа жайылған дастархан мәзірінен дәм таттырған!
Түркі тарихы шежіресінің алуан түрлі беттерінде өзінің айқын да, анық қолтаңбасын қалдырып отырған қасиетті жұртымыздың киелі мекені осы Әулиеата-Тараз жерінің өзінде ондаған қарауыл төбелердің жұрнақтары сақталған.

* * *

Халықпен қатар жасасып келе жатқан:
«Айдап салдым жылқымды тепсең жерге,
Сендей адам табылмас ексем жерге.
Намаздыгер, намазшам арасында,
Асыққаннан тимейді өкшем жерге» – деп келетін шумақтағы «тепсең» сөзіне назар аударайықшы. Қазақ – тау қатпарларының «бүктемесінде» кездесетін ені тарлау азын-аулақ жазықтарды, етектерде кездесетін өрлеу жерлерді, жазық далада жатқан «сәл биіктерді» тепсең деп атаған. Жоғарыда аттары аталған «Қозыбасы», оңтүстіктегі «Ордабасы», «Қыземшектер», дәл іргеміздегі «Күйік» асуы да осы тепсеңдерге жатады. Керісінше, иен жазықты бел ортасынан қиып, екіге бөліп жатқан биіктерді «бел», «белес», «қайқаң» кейде «асу» дер едік. Атаулардың астарында жатқан сырды дәуірлер санасына суыртпақтап сіңіріп, сұңғыла зердемен жадында сақтаған жұртымыздың болмысына тағы да бір таң қаласыз.
Осылай жер-су аттарын бағамдай келе, кезекті бір әлем – адам аттарына арналған қазақы таным өрнегіне қалай соқпайық? Баба тарихтан жеткен адам аттары бір-бір мағынаны иемденіп, бір-біріне ұқсамайтын есімдер тізбегін иеленіп тұр. Оның көбі құлағымызға етене таныс! Ал орта ғасырлардың алғашқы кезеңдеріндегі тарихымыз Ислам өркениетімен айшықталады десек, бұл сөзімізге сол дәуірлердегі құрани есімді, көбісі аттас келетін тұлғалардың жиі кездесетіндігі куә. Оларға тоқталмай-ақ қоялық. Ал одан бермен қарайғы есімдеріміз тіптен біртектене бастады. Әңгіме қазақы ырым-тыйымдар нанымынан туған Итбай, Күшікбай, Көжебай, Шоқай, Итемген, Мұжықтар туралы емес әрине. Әңгіме:
«Алданып жүріп Құдайдан,
Алдамақ болған адамды!» деп Қадір Мырза-Әлі ақын айтпақшы, «жалғызымның жасы ұзақ, жаны сірі болсын», «тіл мен көзден аулақ болсын», «бергеніне қанағат, Құдай енді шаңырағыма ие болар бір ұл берсін» деген игі тілекке исініп, «қазақы қулықпен» (Қадір Мырза-Әлі) қойылған аздаған аттар болмаса, қалған «ырымды» аттарды перзентке телу дәстүрі мүлдем ұмытыла бастағандығын ғана еске салу. Бұрын бір аймақта саусақпен санарлықтай ғана аттас адамдар кездессе, қазір ондап, жүздеп, тіптен мыңдап кездесетін аттастардың кезегі келді. Әр ауылдан аттастар тізімін жасауға болады. Алыстан жеткен жаңғырықтай алуан есімдер еселеніп еніп, санамызға сіңісті болып кетті. Әлемдік масштабтың «алты алашына» танымал боп атағы шыққан біреулердің атына жармасып, тіптен фамилиясына да «құда түстік». Екі бөлшектеліп ұл мен қызға қойылған аттар, қысқартылған аббревиатурадан тұратын есімдер қаншама? Бұларды, әрине, басқа әңгіменің желісі десек те, жалпы жер-суға да, адамға да ат қоюда тарлан танымдық қасиеті бар ұлттық алымдылықтың замана ырқына жығылған кейбір тұстарының дәлелі ретінде ауызға алып отырмыз. Өйткені тіл біліміндегі агглюнативті тілдер қатарына жатқызылатын ана тіліміздің дыбысталуы мен таңбалануын жетілдіру әрекетіне есімдер мен атаулардың да үлкен ықпалы бар екендігі сөзсіз.
Тәуелсіздік – бүгінгі ұрпақтың үлесіне ұлттың жадында жүрген құндылықтарды жандандырып, халықтың ақыл-ой, арман-тілектерімен ұштасып, тотықұстай таранған, ештеңеден жасқанбай туған не бір ғажайып есімдерді берді. Қазіргі ұлдарымыз бен қыздарымыз – Ерасылдар мен Нұрасылдар, Айтуғандар мен Мерекелер, Думандар мен Таңжарықтардың дүрмегі көбейіп, Әйгерімдер мен Айарулар, Нұрила, Зере, Таңшолпан, Шұғылалар мен Самалдар өз есімдерін іштей мақтан етіп, есейіп келеді. Атау мен есім – ұлттың интеллектуалдық өреден хабар беріп тұратын бір әлем деп қарайтынымыз да сондықтан. Бүгінде екінің біріне белгілі, қазақтың әр шаңырағына етене таныс есімдердің арнайы тізбесін жасап, олардың тарихы мен мағынасына талдау жасауды артық деп ойлаймыз.

* * *

Осы ретте тәуелсіздік жылдары құрылып қалыптасқан жер-жердегі қалалық, облыстық тілдерді дамыту басқармаларының жауапты азаматтары атқарып отырған, басқармалар жанынан қоғамдық негізде құрылған ономастикалық комиссия отырыстарында талаймен «жаға жыртысып жүрген» жандардың қызметі тәуелсіздікті тұғырлы ету жолындағы еселі еңбек екенін айта кеткен ләзім. Бүгінгі Ұлы Даладағы жүздеген елді мекен, мыңдаған көше, ондаған жер-су атаулары осы мекеме қызметкерлері мен комиссия отырыстары қарсаңында көз майын тауысып тарихты «кезіп» кететін, жоғарыда айтқанымыздай қоғамдық негізде ғана жұмыс істейтін талғампаз топтың арқасында қайтадан қалпына келтірілді. Және қандай атаулар десеңізші! Астана, Алтынорда, Сарыарқа, Сауран, Алатау, Алтай, Отырар, Сейхун, Талас, Жерұйық болып жалғасып кете баратын көптеген көше атаулары, ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларының аты берілген жүздеген көше-бұрылыс аттары да тікелей сол азаматтардың еңбегі. Қайтадан жаңғырған жарасымды атаулар – келер ұрпаққа аманат етер құндылықтарымыздың бір парасы, ұлағаты мол ұлттық қазынамыздың қомақты да санатты бір тармағы! «Нені жасағаныңды айтпа – ешкім тартып ала қоймайды, саған дейін ненің жасалғанын айт – қайтып келіп ешкім куә бола алмайды» дейді екен Шығыс даналығы. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support