- Advertisement -

Бөтен сөзбен былғанса…

547

- Advertisement -

Әмина Құрманғалиқызы, сыншы.

«Енді ән мәтіндерін тексеруден өткізетін арнайы қазылар алқасы құрылыпты». Соңғы естіген қауесеттердің ішіндегі ең жағымдысы осы болды. Оқырман, көрермен, тыңдарман елеңдесіп-ақ қалды. Өйтпегенде ше?

Ән мәтіндеріндегі талғамсыз, татымсыз, өресіз, тіпті әдепсіз сөздерден тыңдарман құлағы тасырқаған аттай шаршаулы еді. Бұл жерде «айтар әніңнің сөзіне неге қарамайсың?» деп әншіні айыптай алмайсыз. Өйткені әнші атаулының бәрінде бірдей бұған жетерлік өре мен талғам қайдан болсын. Оның үстіне белгісіздеу автордың өлеңдері арзан, тіпті тегін ғой. Құрылған қазылардың құлағына жетсе екен деп, қазіргі шырқалып жүрген әндердегі өзім аңдаған кемшіліктерді атай кетейін.
Біріншіден, ежелден келе жатқан халық өлеңдерін өзгерту. Әнін ғана емес, сөзін өзгерту, «Бұл – халық мұрасы. Ондағы әрбір сөздің мағынасы, көркемдігі, тәрбиелік мәні, мақсаты бар ғой. Осы сөзді ата-бабамыз білместіктен алып отырған жоқ. Тіпті халық мұрасын өзгертуге хақым бар ма?!» деп ойлану жоқ. Өзі түсінбесе болды – «ой, ол олай емес, былай» деп өзгерте салады. Қараңыз: «Бір келіншек» өлеңінде «Келгенде жиырма беске қыз еріншек» деген жол бар. Осындағы «қыз еріншекті» «қыз келіншек» деп өзгертіп алған. Сонда қалай, зәу-сайтан 25-ке келсе болды, қыз біткен өз-өзінен автоматты түрде келіншекке айнала сала ма?
Ал «25-ке келгенде қыз еріншек» дейтіні – дәл 17 жастағыдай күйіп-жанып, елпілдеп тұрмай, сезімге де, серуенге де сабырмен қарап, санап басып, шау тарта бастайды емес пе?!
«Сен келгенде Ақжайнақ,
Шәйі орамал боз байлап», – деп әндетеді Қарақат. Дұрысы – бос байлап.
Ертеде сері-сылқым қыз-келіншектерге орамалды бос сала салу сәні болған.
«Шәйі орамал бір байлам
Жанымда жүрсе садағам», – деп әндетпей ме қырғыз ағайындар да.
«Құлағыма таққаным күмбір сырға
Күмбірлетіп шығамын күнде қырға»,
– дегенді күміс сырға деп, ойланбастан-ақ түзете салады. Себебі «күмбір сырға бола ма, күміс шығар» деп ойлайды. Болғанда қандай! Күмбір сырға – сырғаның төресі. Ол кез келген әйел затының қолына түсе бермеген. Тек қолы жеткендер ғана әлденеше қараның құнына аса шеберге ғана соқтырған. Бейне кішкене қоңырау тәрізді сәл қозғалса болды – күмбірлеп, сыңғырлап тұратын болған. Бабадан қалған соншалықты көрікті, көркем, әуезді күмбір сөзін екінің бірі айтатын және тағатын күміс сөзіне оп-оңай айырбастай салу, әрине, білімдінің ісі емес. «Гауһартас» өлеңінде «Жылы су, қолда құман, қарда орамал», – деген жол бар. Осыны қара орамал деп өзгертеді. Өйткені тағы да қар сөзінің мағынасын түсінбейді. Қар – білек деген сөз. «Балапан қаз» өлеңіндегі «Тебісіп тай-құлындай ойнаған жер», – дегенді «Айқасып тай-құлындай ойнаған жер», – деп айтып жүр. Осы бір ғана сөз үшін Дулат Исабеков эфирден қынжылып сөйледі. Сөз қадірін білген соң сөйтеді де… Осы сөз менің де арқама аяздай батқалы қашан. Себебі айқасу, айқаласу сөздері ежелден қазақы ұғымда интимдік сөздер.
«Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тайталас», – немесе
«Тамағыңнан айқалат», – дейді Абай.
«Жатушы ең күнде айқалап тамағымды», – дейді «Тәуке мен Ұрдия» айтысында.
«Күн қайда ғашық жармен айқаласқан», – дейді Төлеу Көбдікұлы.
«Салғанменен көзіңді әр жақсыға.
Бәрі бірдей болмайды алғашқыдай», – деп айтылушы еді тегінде. Дұрыс қой.
Көрсеқызар болма. Алғашқы сезім мен махаббатыңды сақта десе, ол да тәрбие ғой. Енді келіп осыны «Сала берсең көзіңді әр жақсыға, Бәрі бірдей көрінер алғашқыдай», – деп түзеп алдық. «Кез келгенмен жүре бер», «разница жоқ» деп тұрмыз ба сонда?
«Жігіттер» тобының орындауындағы «Балқадиша» әнінде біршама өзгеріс бар. Ең әуелгі өзгеріс әнінде. Ән едәуір өзгерді. Жаңа заман лебі шығар. Бірақ бұдан ән әсері бұзылған жоқ. Қайта шарасыз ғашықтардың жанайқайының шырқау биігі ашылған сияқты. Қалайда «Жігіттерге» жарасып тұр. Бірақ осы жерде созылған дауыс ырғағына Сері сөзінің буын саны жетпей тұр. Енді не істеу керек? Жігіттер «О, шіркін, шіркін-ай, дүние-ай, жамалым, жанарым» деген одағайларды көбірек кіргізді. Бұл дұрыс. Бірақ осы одағайларды өлеңдегі айтылған сөз мағынасына қарай (өкініш, арман, шарасыздық, сүйіну, таңдану) дәлдеп қажетті жерге ғана қыстыру керек. Тағы бір қате айтылып жүрген жол – «рұқсат сізден бізге» емес, «рұқсат бізден сізге». Рұқсатты Балқадишаға Ақан сері береді. Болмаса Сері қаршадай қыздан рұқсат сұрай ма?! Тіпті «рұқсат не рұқсат жоқ, кетпе» деуге басы байлаулы, басқан-тұрғаны аңдулы қыздың құқы бар ма?! Сонан соң Қадишаны шалдың айттырып отырғаны күллі қазаққа аян. Бірақ сол шал нешеде өзі? Біздің бала кезімізде «күйеуің 70-тегі шал, Қадиша» еді. Енді қазір біреу 85-те, біреу 95-те деп айтып жүр. Қисынға қарайық та. Өткен ғасырдағы қарттық 60-70 жаспен өлшенетін. 95 жастағы азуын шалып, ақылын танып отырған шалдың 16 жастағы қызды алуына адами да, табиғи да мүмкіндігі жоқ емес пе?! Сонан соң, 95 деген тіпті Балқадишаны қорлағандай емес пе?! «Дудар-ай» әнінде:
«Дудар-ай, келмек болсаң тезірек кел,
Орныңа өңкей жаман таласып жүр», – дейді.
Өңкей жаман таласса, Мария қыз кім болды сонда? Дұрысы – «Орныңа орыс-қазақ таласып жүр». Орыстың сұлуын қазақтың жігіті ұнатып жүрсе, оған орыс жігіттерінің қызғануы, таласуы, тіпті төбелесуі де заңды емес пе?!
Екіншіден, заңды авторы бар өлеңдердің өзін өзгерту. Бұл ұятты қойып, үлкен жауапкершілік қой. «Жас қалам» деген әннің аты әлі күнге дейін дұрыс айтылмай жүр. Біресе «ыстықсың», біресе «жасқанам» делінеді. Осы өлеңде: «Есімде сол күнгі сауық кеш», – деген жолдан соң, «Ләззаттың тағдырын өзің шеш», – деген өзгерту бар. Бұл жол автордыкі емес. Стиліне келмейді. Соншалықты нәзік, соншалықты сырлы, шерлі махаббатты жыр етіп отырған ақынның бар арманы тек ләззат қана болса, бұл не деген құнсыздық, не деген арзандық? Сондай-ақ:
«Оны зор, мені қор санасаң,
Мейірімсіз зауқыңда күйредім», – деген жол «мейірімсіз соққаны жүректің» болып айтылып жүр. Бұл да авторға қиянат. «сүйгенің, күйгенің» деген сөздерге «жүректің» деген сөзді ұйқас етіп алу – автор талғамына жат. Не дыбыстық, не буындық ұйқасы жоқ. «Жайық қызына» деген өлең:
«Асыққан жолаушы екен, амалым не,
Қалдым-ау ести алмай бір ауыз сөз»,
– деп айтылып жүрген жолдағы жолаушы емес, балықшы. Өлең балықшы қызға арналған. Тағы бір қызығы, бұл өлеңнің авторы – Зейнолла Қабдолов. Кәдімгі сыншы, ғалым, академик Қабдолов. Жолаушы емес, балықшы деп бір кезде ол кісінің бәйбішесі де куәлік берген. Ал біздің дүмшекеңдер ән тарихын қайтсін. «Е, асығып тұрса жолаушы ғой» деп ойлайды ғой баяғы.
Үшіншіден, орнымен қолданылмаған, поэзиялық көркемдікті қой ішіне кіріп кеткен қотыр ешкідей бүлдіретін бұралқы, бөстекі сөздер. Мысалы, Айгүл әнші талай жыл бойы «Күндер-ай шайқаған» деп сахнада сыңсыды. Шайқаған сөзі – заманауи жаргон. «Ой, шайқадық қой, жынша шайқайды» деген тіркестер біздің ғасырдың жаңалығы. Бірақ бұл неологизмге де, диалектіге де, жаргонға да жатпайды. Тегі мұны бұралқы сөз десек жарасар. Бірінші мағынасы – шашпа, ысырапқор, ештеңенің қадір-қасиетіне жетпеу. Екінші мағынасы – жүргіш әйел («ой, бұл әйел шайқаған әйел екен» деп жатады). Үшінші мағынасы у-шу, дыр-думан. «Ой, түнімен ішіп шайқадық» деп жатады. Қалайда бұл ақынның кемшілігі.
«Ойбай, мына сөз ұяттау екен. Сахнада қалай айтам?» дейтін әнші болса, кәнекей. «Жігіттер» тобы орындайтын бір тамаша ән бар. Сол әнде:
«Шашың қандай
Аспаннан қара жібек шашылғандай.
Жарысып өлең айтқан көп жігіттің
Құмары сені көрсе басылғандай…»
Шіркін, өлеңдегі сезім қандай, сұлулық қандай! Аспаннан ақ нұрдың, ал қызыл сәуленің, көгілдір бояудың төгілгенін жазған ақындар көп еді. Ал аспаннан қара жібектің шашылуы қандай ғажап! Бірақ осы сирек сұлулықты бір ғана құмары сөзі тып-типыл етіп тұр. Жас сұлуды көргенде жігіттердің екпіні басылса, асқақ өрлігі басылса, мысы басылса – бір жөн. Ал құмары қалай басылады? Сонан соң (Шәкизада, әлде Жеңіс), әйтеуір, бір әйел әншілердің бірі айтатын әнде «Құмарым бір қанбады-ау» деп әлденеше қайталайды. Жалпы, құмар, құмарлық сөзін орынсыз қолданбау керек. «Ғашықтық, құмарлықпен ол – екі жол» деген ғой Абай. Сонан соң, «иіс, түйіс, сүйіс» деп кететін бір әнде «созылған кірпігің» деген сөз бар. (Айқын орындайды). Қара кірпік, қалың кірпік, қою кірпік, найза кірпік т.б. естісек те, созылған кірпік дегенді естімеппіз. Бұл – бұл ма, нәп-нәзік қыз, Әйгерім Қалаубаева «Әнімді берем, сәнімді берем, жанымды берем» деп әндеткенде, ойпырым-ай, тағы немді берем дейді деп зәрең ұшып отырасың.
«Менде бар, сенде жоқ», – деп әндетеді бір жігіт.
«Бір, екі, үш, төрт, бес, алты.
Ағашты тілер кесалқы», – деп дүрілдейді Серікбол Сайлаубек. Осынша сан санағандағы айтайын дегені кесалқы болды ғой. Бұл не, диалекті ме, әлде термин бе? Жалпы, не мағына береді өзі?
«Беймарал жүр едім», – дейді бір әнші.
«ауылыңа келеатырық», – дейді бір әнші.
«Қайтсеңде көнесің, көнесің», – дейді бір әнші.
«Неге смс жазбайсың,
Байланыс аясынан шығып кеттің бе?» – дейді бір әнші. Айналайын әншілер, «сахна – киелі» дейсіңдер ғой. Сол киені үркітпеңдер.

Сөзден жүйе кетсе,
әннен кие кететінін ұмытпаңдар.

(«Жас Алаш», 4 қазан, 2018 жыл).

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support