Отбасы – басты құндылық

171

Қоғам діңгегінің қалыптасуы мен экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктердің негізі отбасынан бастау алады. Міне, сондықтан бүгінде отбасы құндылықтарын нығайту, дәстүр мен мәдениетін сақтап, этикасын жетілдіру бағытында түрлі шаралар қолға алынуда. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдаумен, өңірлік іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Аналар күні» мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Інжу Маржан» мейрамханасында өткізілген «Шуақты шаңырақ» облыстық форумы – соның бірі.

Қоғамда отбасының рөлі мен беделін арттырып, үлгілі, көп балалы отбасылардың өмір жолын насихаттау мақсатында өткізілген шараға облыстық мәслихат депутаттары мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, жас отбасылар шақырылды.
– Елбасының тікелей бастамасымен елімізде қыркүйек айының үшінші жексенбісі Отбасы мерекесі болып атап өтілетіні белгілі. Атаулы күнге орай жуырда ғана «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтіп, бас жүлдені жамбылдық Ниязқұловтар отбасы жеңіп алып, облысымыздың мерейін асырып отыр. Бұл – бір әулеттің ғана жеңісі емес, жалпы жамбылдықтарға берілген үлкен баға. Бұл өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтиже беріп жатқандығын айқын көрсетсе керек. Бүгінгі форумға қатысушы ата-аналар мен әжелерді отбасы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали.
Өңірдегі өнегелі отбасылар форумда 4 номинация бойынша марапатталды. Алғашқы «Өнегелі отбасы» номинациясын Талас ауданынан келген Әбілдаевтар отбасына Социалистік Еңбек Ері, ғасыр анасы Мәрзия Ибрагимова ақ батасын беріп табыстады. Бұл әулеттің отағасы Іргебай Әбілдаев – Талас ауданының Құрметті азаматы, денсаулық саласының үздігі. Ал жұбайы Ақгүл Несіпбаева 45 жыл білім саласында абыройлы қызмет атқарған. Еселі еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болған. Шаңырақ көтергендеріне жуырда 60 жыл толатын ерлі-зайыпты 6 ұл-қыздан 14 немере, 10 шөбере сүйіп отыр.
Сонымен қатар осы аталымға тағы екі отбасы Жамбыл ауданының тұрғыны Балтабай Үсенбаев пен «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Батыр ана» төсбелгісінің иегері Тастанкүл Тлеубердиева ие болды.
Келесі «Алтын бесік» аталымында көп балалы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды бауырына басқан отбасылар марапатталды. Олар: Жомарт-Динара Ерімбетовтер, Аманкелді-Гүлфия Даутовтар, Яков Скорняков пен жұбайы Надежда. Ал Серік Тутов пен Гүлсім Әлімбекова, Ермек Нұрхожаев пен Ұлдана Үзенбаева, Ғалым Арыстанбаев пен Әлия Көбегенова «Аялы алақан» және Арыстанбек Молдажанов, Қалымбетовтер және Тастүлековтер отбасылары «Мерейлі жанұя» аталымдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Форумға келген қонақтарға ақ дастархан жайылып, ән мен биден шашу шашылды.

 

Камила БОРАШОВА

Суретті түсірген Юрий КИМ.

Comments are closed.