- Advertisement -

Құландық «Ұстаздар династиясы»

190

- Advertisement -

ұлттық байқаудың жеңімпазы

Құланда «Ұстаздар династиясы» атанған Ниязқұловтарды білмейтіндер кемде-кем. Әсіресе Қазақ ауылының жастары да, ақсақалдары да отағасы Өмен мен жұбайы Баян апайды жақсы таниды. Солай болатын да жөні бар. Ерлі-зайыпты педагогтер – сол қариялардың бірқатарының замандасы, орта буынның тәлім берген мұғалімдері. Кейінгі толқынның да біразы олардан дәріс алған, бертіндегілері – осы отбасы мүшелерінің шәкірттері. Кеше жерлестері «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған өскелең ұрпаққа берер өнегесі бар, көпке үлгілі отбасын Луговой стансасынан күтіп алды.
Аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тлепов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков, Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Танкеев, ауыл қариялары және жастар жеңімпаздарға құрмет көрсетті. Өмен Ниязқұлов жұмыс істеген Абай, М.Әуезов, Болтай батыр атындағы орта мектептің мұғалімдері де осы қошеметшіл топтың ортасынан табылып, ардагер ұстазға өз ілтипаттарын білдірді.
Осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған байқаудың іріктеу кезеңдерінде еліміздің әр өңірінен 3 мыңға жуық отбасы қатысып, бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шараға қатысуға ниет білдіргендер саны анағұрлым артқан. Республикалық шарада араларынан озық шыққаны – Ниязқұловтар әулеті. Ақтық мәреге дейін жеткен өзге әулеттер де сый-құрметтен кенде қалмады. Оларға тұрмыстық техника сатып алу үшін 300 мың теңгенің сертификаты берілді. Мерекелік шарада Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары – отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік пен қайырымдылық сияқты құндылықтар мен өмірлік бағдарларды бойына сіңірген отбасылардың өкілдері. Осындай өнегесі мол жандарды, үлкен әулетке айналған үлгілі отбасыларды насихаттау керек. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмтылысын арттырумен қатар, еңбек адамын тәрбиелеу үшін аса маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні де осында. Ауқымы жыл сайын кеңейіп жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстандағы осындай үздік әулеттерді анықтап, оларды көпшілікке дәріптейді. Бұл отбасы құндылығын арттыруға сеп болмақ. Сондықтан игі шара келер жылы да жалғасын табады», – деді салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлейменованың айтуынша, бұл конкурста 16 отбасы ғана ақтық сынға жолдама алған. Үміткерлерге халық ғаламтор арқылы дауыс беріп, үздігін таңдады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Ниязқұловтар әулеті өзгелерден озық шықты.
Сыннан сүрінбей өткен Ниязқұловтар отбасына Қазақстанда құрастырылған шағын автобустың кілті табысталды. Т.Рысқұлов ауданында тұратын ерлі-зайыпты ұстаздар зейнетке шығып, осы күні жеке шаруашылықпен айналысуда. «Өмен ағай зейнетке шыққанша ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиеледі. Мектеп директоры болып қызмет атқарды. Баян апай да ұзақ жыл педагогикалық еңбек өтілі бар ұстаз. Жалпы, бұл әулеттің үш буынының жалпы педагогикалық өтілі – 198 жыл. Ал қазір ұл-қыздарынан тараған немере, шөберелерін бағып отыр», – дейді Т.Рысқұлов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева.

 

Ардақ Үсейінова

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support