- Advertisement -

Жеті айдың жемісі

201

- Advertisement -

Жұмыс жоспарына сәйкес әр айдың ортасына қарай мұның алдындағы айдың толық есебін тыңдап, мақсатты индикаторға қол жеткізу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Міне, осы қалыптасқан кестеге сәйкес облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысы және «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүзеге асырылар жұмыстардың болжамы мен салық түсімі, қаржы игерілуі мәселелері басты әңгіме арқауы болып өрілді. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Нұрипа Нұржігітова хабарлама жасады.
– Жыл басталғалы бері негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталуда. Есепті кезеңде қысқа мерзімдік экономикалық индикатор 106, 9 пайызды құрады. Экономиканың өсуіне инфляцияның бәсеңдеуі, бүгінгі күнге дейін экономика салаларында сақталған оң өсім өз ықпалын тигізуде. Әрі инфляцияның төменгі деңгейі сақталып отыр. Жыл басынан бері ол 2,4 пайызды құрады. Бұл республикалық орта көрсеткіштен 0,3 пайызға, ал өткен жылдың тиісті кезеңіндегіден 1,8 тармаққа төмен. Облыс өңірлерінде экономиканың оң өсіміне қол жеткізілді. Алайда есепті мерзімде өнеркәсіп өнімінің көлемін Т.Рысқұлов ауданы 30,6 пайызға төмендетіп отыр. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны Мойынқұм ауданында 3,8 пайызға қысқарған. Аграрлық сектор бойынша өсім барлық өңірлерде бар. Тек Мойынқұм ауданында бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейінде қалыптасқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі Меркі ауданында 8,4 пайызға төмендеп кеткен. Инвестиция көлемінің төмендеуі Шу ауданында жыл басынан бері сақталуда. Жеті ай қорытындысымен бұл көрсеткіш аталған ауданда 21,4 пайызға төмендеген.
Тараз қаласында тұрғын үй құрылысының көлемі 16, сауда көлемі 0,9 пайызға төмендеген. Жалпы өңірлік өнімнің өсімі бойынша белгіленген бағыттан ауытқи қойған жоқпыз. Биыл жалпыөңірлік өнімнің өсімі 3,8 пайызды құрауға тиіс. Алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша өсім 8,4 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар жоғарыда атап өткеніміздей, қысқа мерзімдік индикатор жеті айдың қорытындысымен де жоғары болып қалыптасып отыр. Облыс әкімдігінің басқармалары мен Тараз қаласы және аудандар әкімдіктері берген мәліметтер бойынша да сегіз ай қорытындысында экономиканың барлық салаларында өсім күтілуде. Экономика салаларындағы оң үрдістер бюджеттік кірістердің ұлғаюына оң әсерін тигізуде. Мемлекеттік бюджетке түсімдер де өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 11 пайызға, оның ішінде жергілікті бюджетте 20,2 пайызға өсті.
Оң экономикалық ахуал жұмыссыздық деңгейінің бірқалыпты сақталуына, халыққа еңбекақы төлеу деңгейі артуына септігін тигізді. Жұмыссыздың деңгейі өткен жылы 4,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ағымдағы жылдың басынан бері 4904 жаңа, оның ішінде 3714 тұрақты жұмыс орындары құрылды. Орташа айлық жалақы облыста үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында 111240 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда номиналды 7,9 пайызға, нақты 1,6 пайызға артқан. Жалақы барлық өңірлерде өскен. Әлеуметтік саланың негізгі буындарының бірі денсаулық сақтау саласында да көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Сонымен бірге жалпы өлім-жітім төрт ауданда – Қордай, Т. Рысқұлов, Меркі және Мойынқұм аудандарында, нәресте өлімі – Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарында өскен, ал ана өлімі Тараз қаласы мен Талас ауданында тіркелген. Білім саласында 1 және 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу үлесі 68,0 пайызды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға артық. Өңірлер аралығында бұл деңгей Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т. Рысқұлов, Шу аудандарында орташа облыстық көрсеткіштен төмен, – деп атап көрсетті Нұрипа Молдиярқызы.
Оның айтуынша, құқық қорғау саласында да оң өсім қалыптасып отыр. Дегенмен жол-көлік оқиғаларының саны Байзақ, Жуалы, Т. Рысқұлов, Сарысу, Талас және Шу аудандарында өскен.
– Жеті ай қорытындысын қараудағы мақсат индикаторларға толық қол жеткізу екені барлықтарыңызға жақсы мәлім. Осы тұрғыда басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің селекторлық кеңесте айтылған кемшіліктерге байланысты қандай пәрменді шаралар қабылдап жатқанын тыңдайық, – деген Бекболат Серікбекұлы жиынды одан әрі жалғастырды.
Алғашқы болып сөз тізгінін алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев:
– Жалпы аграрлық сала бойынша барлық ауданда дерлік өсім бар. Тек Мойынқұм ауданында болмаса. Жылдық меже негізінен төрт ауданда орындалмай отыр. Олар нақты ай сайын өсім қалыптаспаған Тараз қаласы, Қордай, Талас және Мойынқұм аудандары болып отыр. Ал Байзақ, Жамбыл және Меркі аудандары жоғары межеден көрінуде. Мал басының өсімі бойынша Тараз қаласы мен Сарысу, Жамбыл аудандарының көрсеткіштері облыстық деңгейден төмен болып отыр. Басқарма тарапынан жеті ай қорытындысы негізгі 9 көрсеткіш бойынша сарапталған болатын. Орындалмаған көрсеткіштер саны Қордайда – 7, Мойынқұмда – 5, Жамбылда – 4, Сарысуда – 4, Т.Рысқұловта – 3, Таласта – 3, Жуалыда – 2, Шуда – 2, Меркіде – 2, Байзақ ауданында 1 және Тараз қаласында 5 болып отыр. Жоғарыда аталған тоғыз көрсеткіштің түгел орындалуының қысқаша есебі осындай. Ал экспортқа ет шығару аудандарда 29 пайызға ғана орындалып отыр. Осыған байланысты өңіріміздегі екі бірдей ірі ет комбинатының жұмысын жандандыру, ирандық инвесторлармен арадағы келісімшарттар мерзімін ұзарту қарастырылуда, – деп атап өтті.
Хабарламашы Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында алға қойған еңбек өнімділігін арттыру міндетінің орындалуы барысында ішінара қиындықтар туындап отырғанын да жасырмады. Оның айтуынша, статистикалық мәліметтерге сәйкес, салада еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда 5900-6000 теңге көлемінде қалыптасып, бұл тұрғыдағы көрсеткіш соңғы екі жылмен салыстырғанда 97 пайызды құрағаны анықталған. Яғни бұл ретте облысымыз басқа өңірлер арасында ең төменгі көрсеткішке ие. Ал бұл мөлшер республика бойынша 1636 мың теңгені құрайды. Осылай облыстың аудандарында нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтардың ауыл шаруашылығы саласына үздіксіз жолданып, жұмысшылар санының көбеюіне байланысты еңбек өнімділігі төмендеуде екен. «Бұл алға қойылған тапсырмаларды орындауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе осы жөнінде нақты іс-шаралар жоспарын дайындап, мәселенің оң шешілуіне күш салатын боламыз», – деді баяндамашы.
Бекболат Серікбекұлы осы орайдағы жұмыстарды ширату керек екенін еске салып, әсіресе еңбек өнімділігін арттыруға қатысты мәселені хаттамаға енгізу жөніндегі ұсыныстың орынды екенін де атап өтті.
Бұдан кейін кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов бөлшек сауда, негізгі қорға салынатын инвестициялар және өнеркәсіп салалары бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
– Өнеркәсіп саласында өткен жыл­дың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға өсім бар. Екі салада көрсеткіш төмендеді. Оның бірі тамақ өнеркәсібі саласында тиісті кезеңде 93,7 пайызға орындалып отыр. Бұл негізінен Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қант зауыттары жұмысының тоқтап қалуымен байланысты. Дайын металл бұйымдарын өндірудің төмендеуі Тараз қаласындағы екі кәсіпорын Металл құрастырмалары зауыты мен «Имсталькон» АҚ филиалының жүктемелері жыл басынан 50 пайыз көлемінде қарастырылуынан орын алып отыр. Нақты көлем индексіне келсек, бір ғана Т.Рысқұлов ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру төмендегені байқалады. Төрт аудан жоспарын орындай алмай жатыр. Бұдан бөлек жалпы жүзеге асырылар жұмыстар көлемін сегіз айға жоспарлап, оны аудандар кесімінде бөліп тапсырдық. Жұмыс істеу керек. Инвестиция тарту бойынша Шу ауданында қалыптасқан мәселе бар. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Аймақты дамыту бағдарламасында жылына 37 пайыздық межені орындау бекітілген болатын. Қазір оның 15,1 пайыздық көлеміне қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар. Осы меже ауқымында жұмыс жасаудамыз.
Облыста бөлшек сауда бойынша көрсеткіш 104 пайызға орындалды. Тараз қаласында оның орындалу көрсеткіші төмен. Оның облыс көрсеткішіне кері әсері болуы мүмкін. Бұл іс тұрақты назарда болуға тиіс. Сондай-ақ қала, аудандар кесімінде жаңа көрсеткіштер енгіздік. Оның ішінде кәсіпорындарды паспорттау, тұрып қалған және жаңадан іске қосылған кәсіпорындар мәселесі де бар. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру, инвестиция тарту көрсеткіштерін қайта қарап, бекітіп отырмыз. Бұл жөнінде аудан әкімдері де хабардар. Аталған жұмыстар жандандыруды қажет етеді, – деді ол.
Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев:
– Бізде құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері орындалған. Тек Меркі ауданы ғана 91,6 пайыздық көрсеткішке ие. Тұрғын үй пайдалану Тараз қаласында 84 пайызға орындалды. Құрылыс саласына инвестиция салу Шу ауданында 79,2 пайыз көлемінде. Қалған аудандардың бәрі жоспарларын орындады, – деп өздерінде атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша тоқталып өтті.
Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі төмендеуі орын алған бірқатар аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев:
– Облыста жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасу деңгейі 38,9 пайыз болып отыр. Бұл көрсеткіш Талас ауданында – 31, Меркіде – 30, Мойынқұмда – 30 пайызды құрауда. Ал жаңа ашылған тұрақты жұмыс орындары бойынша индикаторлар барлық ауданда орындалды. Тек Жуалы ауданында ғана кеміп отыр. Қысқа мерзімдік оқытуға биыл барлығы 3334 азамат жолданды, оны аяқтап шыққандар – 1510, жұмысқа орналасқандары – 310, оның ішінде пайыздық үлесі Тараз қаласы бойынша – 11,8, Байзақ ауданында – 9,9, Жуалыда – 12,2, Талас ауданында 2,9 болып отыр.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 1219 адам орналастырылды. Алайда оқуын аяқтағандарды жұмысқа орналастыру бойынша жалпы көрсеткіш 36 пайыз болып отыр. Бұл үлес Т.Рысқұловта – 91, Таразда – 62, Шуда 44 пайызды құрады. Жастар тәжірибесімен 1685 жас маман жұмыс орындарына жіберілді. Олардың тұрақты жұмысқа қабылданғандары –175, бұл ретте көрсеткіш Тараз қаласында – 6,9, Меркіде – 7,1 пайызды құрады. Ал өзектендіру бағыты бойынша көрсеткіш 45 пайыз болды. Оның ішінде Жуалы – 32, Сарысу – 32, Талас ауданы 31 пайыздық үлеске ие. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдерімен арнайы селекторлық жиын өткізуге дайындалудамыз. Өкінішке қарай, облыста әлеуметтік көмек бойынша 2 миллиард теңгенің орнына 900 миллион теңге ғана игерілді, – деді.
Осы ретте Бекболат Серікбекұлы: «Меркі ауданында атаулы көмек бойынша республика бойынша ең төменгі көрсеткіш орын алып отыр. Бұл іске жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолдану керек деген ойдамын. Ал қалған аудан әкімдері де атаулы көмек көлеміне байланысты тиісінше пәрменді шаралар қабылдауға тиіс», – деп атап көрсетті.
Жиынның күн тәртібіне облыс тұрғындарының аурушаңдығын төмендету, әсіресе ана мен бала өлімінің орын алуы мәселелері де өткір қойылды. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Мақашев кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, өңіріміздегі өлім-жітім жағдайы былтырғы жылмен салыстырғанда сол қалпында. Адамдардың өлім-жітімге ұшырауында қашанғыдай қан айналымы жүйесі аурулары бірінші, тыныс алу жүйесі аурулары екінші орында тұр. Бұл былтырғы деңгейден 9,7 пайызға өскен. Өлім-жітімге соқтырар үшінші орындағы қатерлі ісік аурулары 17,4, ауыр жарақаттанудан 12,5, ал ас қорыту ауруларынан болатын өлім-жітім 17, 1 пайызға төмендеген. Баяндамашы аурушаңдық бойынша бірқатар аудандарда көрсеткіштердің өсу себептерін де тарата айтып берді.
– Нәрестелер өлімінің өсуі де алаңдатарлықтай. Жамбыл ауданында былтыр мұндай – 6, биыл 10 жағдай орын алды, өсім 41,1 пайызды құрап отыр. Ал Жуалыда былтыр – 5, биыл 6 бала шетінеп, өсім 23,6 пайызға жеткен. Қордай ауданында былтыр – 11, биыл 13 сәби өлімі тіркелген. Өсім 13 пайыз көлемінде. Мойынқұм ауданында биыл – 5, Шуда 7 осындай жағдай тіркелген. Жеті айда ана өлімінің Тараз қаласындағы №5 емханада және Талас ауданында екі жағдайы тіркелді. Нәтижесінде жалпы көрсеткіш 13,8 промильді құрады. Өткен жылы да осылай болды. Осы жағдайларға жол берген медицина қызметкерлерінің екеуі жұмыстан босатылып, 6-ауы сөгіс, 2-еуі қатаң сөгіс түрінде жаза алды, – деді ол.
Есепті кезеңде нәресте өлімі 8 ауданда, ана өлімі 1 қала мен 1 ауданда тіркелгенін еске салған Бекболат Серікбекұлы осы ретте аудан әкімдеріне тиісті басқармалармен, оның құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе жұмыс істеп, кемшіліктердің қайталануына жол бермеуді тапсырды.
Жиын барысында жаңа оқу жылына облыс бойынша дайындық жұмыстары да жан-жақты зерделеніп, қамтылды. Салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова айтып берді. Жалпы облыста 1 және 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, жалпы білім берумен қамту 68,0 пайызды құрап отыр екен. Бұл орайда Тараз қаласы мен Талас ауданында индикаторлық көрсеткіш орындалған. Ал өзге аудандарда көрсеткіштер әлі төмен. «Осымен байланысты облыс бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары жасалған. Биыл жыл басынан бері 2165 орындық 26 жекеменшік балабақша, 325 орындық 3 шағын орталық ашылды. Жыл соңына дейін 2774 орындық 33 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр. Аудандар әкімдіктері мен басқарма арасында жасалған келісімге сәйкес жоспар жыл соңына дейін орындалады», – деп атап өтті Жәмила Елеуқызы.
Бұдан кейін индикаторлық көрсеткіштің орындалуына және басқарма басшылары хабарламаларында айтылғандай, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау салаларында орын алған кемшіліктер мен жол-көлік оқиғалары санын азайтуға байланысты қабылданған шаралар туралы Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т. Рысқұлов, Талас, Шу аудандары мен Тараз қаласы әкімдерінің есептері тыңдалды. Облыс әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Батырхан Әкек облыстың биылғы жылдың жеті айы ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамы және осы мақсатқа бөлінген қаржының игерілуі мәселесіне тоқталса, ал облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырова облыс бойынша мектептер құрылысы мен олардың ағымдық және күрделі жөндеуден өткізілуі, жылыту маусымы басталғанға дейін қатты отынмен қамтамасыз етілуі, оқушылардың оқулықтар мен оқу кешендерін толық алуы, олар үшін ыстық ас ұйымдастырылуы, жалпы оқу қоры көмегіне қол жеткізуі секілді жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жөнінде жан-жақты тарата айтып берді.
Бекболат Серікбекұлы жиынды қорыта келе, «Аудан басшылары жалпы индикаторлардың орындалмауы себептерін көлденең тартуды емес, оларды шешудің оңтайлы жолдарын қалай іздестіруді де білгені жөн. Қай ауданда болсын айдан-айға өсім болуға тиіс», – деп қала, аудан әкімдеріне орын алған кемшіліктерді жедел түзеп, жүйелі жолға қоюды жүктеді.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support