- Advertisement -

Бапкер деген басбұзар болмауға тиіс

246

- Advertisement -

«Атлетик» спорт мектеп-интернатында орын алған оқиға ел көлемінде тарайтын әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырып отырған жайы бар. Олар екіге жарылған. Біреулер бапкердің ісін терістесе, енді біреулер намаз оқыған балалардың ісін мақұл көрмейді. Әрине, әркімнің өз көзқарасы бар. Оған шектеу жоқ.
Біз осыған орай «FACEBOOK» әлеуметтік желісінде осы тақырыпта әңгіме қозғағанбыз. Өйткені мұнда қоғамымыздағы кейбір келеңсіз жағдайларға байланысты келелі пікір айтып жүрген білікті азаматтар мен азаматшалар бар.
Сонымен жаңа жоба «Пайым мен парасат: әлеуметтік желідегі пікірталас» деп аталады.

«Aq jol» газеті :
– Жамбыл спорты дегенде, көптеген байрақты бәсекелердің чемпиондарының есімдері аталады. Олардың қай-қайсысы да бапкерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіні сөзсіз. Олардың көпшілігі спортшы отбасының бір мүшесіндей боп кететіні де рас. Мысалы, бокстан ұлттық команданың бас бапкері Мырзағали Айтжанов қай жерде де имандылықты, қазақы қасиетті ұлықтап жүреді деп естиміз. Біз барлық бапкерлерді осындай абыройлы азаматтардан үлгі алуға шақырар едік.
«Атлетиктегі» бапкердің қылығына бір жағынан ашуланып, бір жағынан білместігі үшін бармағын тістеп, өкініп қалғанын көріп, аяп отырмыз. Бірақ баланы бастан нұқып, былапыт сөз айтып, ең сорақысы – жайнамазды аяғымен тебуі дұрыс болмады. Дегенмен Алла тағала кешірімді ғой, бір жолға кешіріммен де қарау керек шығар. Ол да, оның отбасы да қазір қайбір жетісіп отыр дейсің. Аяушылық деген сезімді де ұмытпайықшы.

Назима Алиева:
– Ондай бапкерсымақтың барынан жоғы.

Әйгерім Тоқсанбек:
– Бір жақты қарауға болмайды.

Мұхтар Ниязов:
– Тəубе етсе кеңдік қылған жақсы, дінімізде мұндай мысалдар жетерлік.

Айгүл Асылбекова-Нөкербаева:
– Спорт мектебі – мешіт емес. Спорттың өз тəртібі бар. Балалар осы видеоны не мақсатпен салып отыр? Арандату үшін. Спортсмендердің көбісі теріс ағымдағы дінде жүр. Сол қауіпті.

Беркін Садықов:
– Спортшылардың көбі дін жолында, бұл жақсы болмай тұр.

Жібек Сейтметова:
– Намаз оқып жатқан балалардың тұрысы басқаша… Бұл бапкердің боқтағанынан да қауіпті.

Аман Дастан:
– Намаз оқысын. Бірақ бізге теріс ағымдағыларға дұрыс бағыт беретін дін саласы мамандарының жастарға ағымдарды түсіндіріп, жол сілтегені керек.

Сая Қасымбек:
– Бір бапкердің қолынан қаншама жастар өтеді. Жайнамазды аяғымен тепкені, иманнан жұрдайлығын айғақтап тұрған бапкерден бала не үйренбек? Бәлкім, ана өрендер Құдайдан жолы ашылуын тілеп тұрған болар? Спорт – тастүйін сенім арқылы жүзеге асатын өнер. Баланың галактикалық сенімін жою жеңіске деген сенімін жоюға жетелеп жатқанын қалай түсінбейді? Ана екі баланың жігері құм болды. Жігері мұқалғаннан қандай жеңіс күтпек?

Зәуре Зақанқызы:
– Анау жігері құм болған балалар емес қой. Салқынқанды, арандатуды жақсылап ұйымдастырған балалар. Ертең олардан спортшы шығатынына күмәнім бар. Бірақ астыртын әрекет жасап, арқадан пышақ ұрудың мастері болатынына осы видео дәлел.

Сая Қасымбек:
– Салқынқандылығын қалай білдіңіз?

Зәуре Зақанқызы:
– Сая Қасымбек. Аңғалсыз бааа?.. Сасқалақтап, бетіне камераны ұстап жүгіріп жүрген бала көріп тұрсыз ба?))) Мен ТВ қызметкерімін. Мынаны статичный кадр дейді. Яғни не штативте тұр, не үстел ме, комод па, бірдеңенің үстіне ыңғайлы орналастырылған. Бөлмедегі бақылау камерасы деуге де келмейді, себебі ракурсы тек намаз оқыған бала мен есіктен кіре берісті ғана алып тұр.

Сая Қасымбек:
– Зәуре Зақанқызы, әдейі жасалса, сұмдық екен?! Бәрібір, бапкердің жайнамазды тепкені жақсы емес. Тап сол сәтте жайнамазды желпіп тұратын періштелер өзіне нағлет айтса, ертеңгі күні не болмақ? Алла шебер ғой!

Зәуре Зақанқызы:
– Сая Қасымбек, жайнамазды теппек түгіл, басып кетуден қорқамыз. Үнемі жоғарыда тұрады. Нанды тепкенмен бірдей көрем. Ана кісіге еңкейіп жұлып алуға не кедергі болды екен деймін да. Әлде үнемі бір айтқанды мың айтқызып шаршатып, ашындырып жіберді ме екен?.. Жаттығуда балалар жоқ болғаны үшін басшылықтан алатын «тоқмашы» тағы бар ғой. Не болса да ол қылығы үшін Алланың алдында өзі көтереді күнәсін.
Пафос деген жақсы ғой. Бірақ тағы бір қырынан қарап көріңіздерші. Қолы дірілдеп видеоға түсіріп тұрған адам жоқ. Кәсіби тілмен айтқанда, камера «статично» тұр. Обзор толық. Яғни телефонды алдын ала ыңғайлы жерге орналастырған. Балалар мүләйімсіп, дым қарсылық көрсетпейді. (Себебі біліп тұр жасырын камераға түсіп жатқандарын). Жаттықтырушы кіреді. «Ей, сендер з-б болдыңдар ғой!» дейді. Яғни бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес дегенді білдіреді. Яғни үнемі жаттығу залына келеді, балалар жоқ. Ылғи артынан осылай қуып жүреді деген сөз. Спорт мектебі мен әскери орта – темірдей тәртіп ордасы. Әр сағат, минутына дейін кесте бойынша. Онсыз жетістік жоқ. Бұл жерде бірінші – балалар мектеп дисциплинасын бұзып, тәртіпке бағынбай жүрген. Сабақ оқуға келді ме, әлде намаз оқуға келді ме? Ал ана боғауызға келсек, әрине, мұғалімнің сөгіс арқалауына сұранып тұр. Ал жайнамаз үшін ол адам Алла алдында өзі жауапты.

«Aq jol» газеті :
– Мен бір қызық айтайын. Кеше таңертең жұмысты жоспарлап жатқан кезімізде осы видео туралы әңгіме болып, газеттің келесі нөміріне беру туралы ұсыныс айтылды. «Әрине, береміз» дедік. «Бірақ мәселенің екінші жағы да бар ғой, кішкентай балалар бұзылып кететін болды» деп, Құдияр Біләл жазған Мұхтар Шахановтың басынан өткен оқиғасы сөз болды. Онда Мұхтар Шахановтың бала кезіндегі бір «ұстазы» оқушыларды ұрып, соққанымен қоймай, тамның төбесіне шығарып, сатыны алып тастап, үйіне қайтып кетеді дейді. Содан тамның үстінде қараңғы түсіп, көршілері түсіріп алғанша отырады екен. Соны Мұхтар бастаған балалар ата-аналарына ләм-мим деп айтпайды екен.

Зәуре Зақанқызы:
– Рас. Ана сөзге ұлардай шулап жатқандардың жартысы солай тұздықтап сөйлейді. Тіпті әйел-балаларына дейін солай тұздықтамаса іші кебетіндер бар. Мектепте жүргенде колхоз жұмысына апаратын. Сонда жұмыстан қашып, қораның бұрышында жүрген балаларды ағай әке-шешесінен түк қоймай боқтап, көңнің қоқымымен атқылап қуып шығатын. Спорт мектебі мен әскери мектеп – ерлердің ортасы, тәртіптің ортасы. Қаққанда қанын, соққанда сөлін алып тұрып дайындауы керек. Немесе өздері де жанынан безіп тұрып жаттығуы керек. Әлдилеп жүретін балалардың мектебі емес бұл.

«Aq jol» газеті :
– Зәуре Зақанқызы, бапкердің бәрі бірдей емес. Ішінде боқтап сөйлейтіндері де бар. Кейбір бапкерлер әскердегі «дедовщина» тәсілдерін де қолданғысы келеді. Бірақ мына видеодағы бапкердің, негізі, иі жұмсақ сияқты көрінді.

Зәуре Зақанқызы:
– Мына видеодағы бапкерге жаным ашып отыр. Жаттығуға келмейтін балалардың артынан быжылдап, жүр-жүрлеп жүр. Иә, аузынан артық сөз шығып кетті. Ылғи ер балалар ортасында айтыла беретін сөз. Басқа пәлеқор кісі болса балалардың артынан жүгірмей, «мектеп тәртібін бұзды, жаттығуға келмейді» деп арыз жазып, оқудан шығара салар еді.
Намаз оқуға екі қолымды көтеріп қосыламын. Жастардың иман жолында жүргенін қалаймын. Бірақ оны бетпақтыққа сылтау етудің керегі жоқ. Онда әр сыныпта балалар 45 минут сабаққа 5 минут кешігіп кіре берсін, намазы бар ғой. Хирург аса жауапты отаны ортасынан үзіп, намазға кетіп қалсын. ЦОН-да құжат жасатып отырсыз. Кеңесшілер дүр көтеріліп намаз уақыты деп жұмысты тастай салсын. Алдымен тәртіп болуы керек. Бұл жерде интернат басшылығының қатесі. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес. Не намаз уақытына орай оқу-жаттығу кестесін жасап, не намаз оқуға тыйым салып бір жағына шығармаған. Нәтижесінде жаттықтырушы арандап, балалар арам әрекетке барды.

Сая Қасымбек:
– Ойланып қалдым. Баламыз арам болса, оған итермелеген кімдер?

«Aq jol» газеті :
– Сая Қасымбек, кейбір ата-аналар болады сондай. Балаларының құлағын көтеріп, «оларды үйту керек», «бүйту керек» деп отыратын. Оған мына смартфон деген қосылды.

Зәуре Зақанқызы:
– Сая Қасымбек, тәрбие. тәрбие. «Не айтсаң да бетіне айт. Адуын болсаң айқасып өл. Адамның сыртынан сөз тасыма, арамдық қылма» деп қақсап отырамыз.

Сая Қасымбек:
– Мына қоғам қайда баратынын ойлау қорқынышты. Зәуре Зақанқызы, видеоны арнайы түсірді деуге сену қиын. Бапкердің тап сол сәтте кіретінін қалай білді?

Зәуре Зақанқызы:
– Сая Қасымбек, ертеңіміз – осы балалар. Шынымен-ақ қорқынышты. Елестетіңізші. Қарамағыңыздағы жас маманды түзеймін, жөн көрсетем деп үнемі ескерту жасап шыр-пырыңыз шығып жүреді. Ал ол сіздің пейіліңізге бір түкіріп, бір жолы артықтау бір сөзіңізді жазып алады да осылай жариялай салады. Ал «жуынып» көріңіз бұл балшықтан. Ал видеоға келсек… апай, аңғалсыз-ау.

Сая Қасымбек:
– Мүмкін. Балаға көптеу сенем.

«Aq jol» газеті :
– Сая Қасымбек, смартфонды алдын ала дайындап, бір жерге тіреп қойып қойған ғой. Сосын біреуі намаз оқып, біреуі бірдеңе істеген боп күтіп отырған. Бапкердің келетінін, келсе ашуланатынын білген. Балалар әдетте, қу келеді. Мысалы, Марк Твеннің Том Сойері, Гекльбери Фині, Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы, бәрі де жұртты (оқушыларды, ұстаздарын т. б.) қан қақсатып жүреді емес пе?

Сая Қасымбек:
– Десе де арнайы арандатуға санасының жеткені, қорқатын жайт екен!

Зәуре Зақанқызы:
Сая апай. Дәл осы видеодағы мен үшін ең қорқынышты нәрсе – осы. Бапкердің боқтағаны, жайнамазды тепкені де емес. Оның барлығы ана кісінің жеке бас мәдениеті мен Алланың алдында көтеретін жеке күнәсі. Ал мына балалардың істегені – қоғамның ертеңі.

Сая Қасымбек:
– Міне, осы пікіріңіз керемет айтылды, Зәурежан!

«Aq jol» газеті :
– Қандай жақсы адамдар пікір айтып жатыр. Жанымыз жадырап, қуанып қалдық. Міне, қоғамға нағыз жанашырлар – осылар. Бір жақты кету, бір жақты айыптау кей жағдайда қорқынышты және қауіпті.

Түйін
«Медальдің екі жағы бар» демекші, пікірталас барысында «FACEBOOK» әлеуметтік желісінің белсенді өкілдері өз ойларын ашық айтты деп ойлаймыз. Ендеше, осы ой-пікірлерден оқиға орын алған мектеп пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы, сондай-ақ барша ата-аналар тиісті қорытынды шығарды деп сенеміз.
P.S. Бет дайындалып жатқанда осы оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің ата-аналары келіп балаларының әрекеті үшін жаттықтырушы мен барлық мұсылман жамағатынан кешірім сұрап, ұлдарын мектептен өз еріктерімен шығарып алып кетіпті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support