- Advertisement -

Елдос азия ойындарының екінші алтынын алса

318

- Advertisement -

Әне-міне дегенше, Индонезия астанасы Джакартада өтетін Жазғы Азия ойындары жақындап қалды. Төрт жылда бір келетін сары құрлық ойындарының бәсі қашанда жоғары. Құрлықтық додада ел намысын 15 дзюдошы қорғайды деп күтілуде. Олардың қатарында 60 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсетін жамбылдық жампоз Елдос Сметов бар. Жұртшылық саңлақ Елдостан тек алтын күтетіні анық. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жалауы желбіреген Азия ойындарының чемпионы болған ол екінші рет аталмыш додада алтыннан алқа тағына алады ма? Әлбетте, 60 килограмм салмақ дәрежесінде «сен тұр, мен атайын» мықтылар көп-ақ. Әйткенмен Елдостың екі дүркін чемпион атануға мүмкіндігі мол.
Азия ойындарында жерлесімізден бөлек, 66 килограмм салмақта Елдос Жұмақанов, 73 килограмм салмақта Жансай Смағұлов, 81 килограмм салмақта Дидар Хамза бастаған өзге де сайыпқырандарымыз сынға түседі. Бірқатар додаларда өзін жақсы қырынан көрсетіп жүрген Жансайдың бір ойлағаны бар шығар…
Ал қыздар бәсекесінде Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, 48 килограмм салмақ дәрежесіндегі Отгонцецег Галбадрахқа артылған сенім жүгі ауыр. Талай аламандарда қарсыластарын алып та, шалып та жыққан Галбадрахтың атой салатын кезі келіп жетті. Сонымен қатар 52 килограмм салмақтағы Кәмшат Қарасайқызы, 57 килограмм салмақ дәрежесіндегі Севара Нышанбаева, 78 килограмнан жоғары салмақтағы Гүлжан Исановадан да жүлде күтеміз. Әрине, аттары аталған спортшыларымыз жеңістің биік тұғырынан көрініп жатса, нұр үстіне нұр.
Джакарта қаласында жалауы желбірейтін Азия ойындарында дзюдошыларымыздан бөлек боксшыларымыз да жүлдегер атануға ниетті. Құрлықтық аламанда ел намысын қорғайтын ұлттық құрама оғландарының қатарында жамбылдық былғары қолғап шеберлері де бар. Біз 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Асланбек Шымбергенов пен 75 килограмм салмақ дәрежесіндегі Әбілхан Аманқұл алтын жүлде алады деген ойдамыз. Әлем чемпионатында күміспен күптелген Әбілхан осы жолы барын салатыны белгілі.
18 тамыз күні басталатын Азия ойындары 2 қыркүйекте мәресіне жетеді. Әлбетте, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарына орнығуды көздейді. Міндетті меже – кем дегенде төртінші орыннан көріну.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support