- Advertisement -

Инвесторлардың сенімділігін күшейтіп, сыбайластықты да тыяды

240

- Advertisement -

Елімізде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Инвестициялар және даму, Сыртқы істер министрліктері арасындағы өзара ынтымақтастық шеңберінде «Protecting Bussiness and Investments» атты инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы жүзеге асырылуда. Ауқымды шара аясында «Достық» үйінде бизнес пен инвестицияны сыбайлас жемқорлықтан қорғау форумы ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыс бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қарымсақов, «Қазақинвест» АҚ облыстық филиалының директоры Рамазан Ибраимов, орталық және жергілікті атқарушы органдар, түрлі ұйымдар, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан басқосуда «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы таныстырылып, шетелдік инвесторларға қызмет көрсету орталығының жұмыс барысы мен өңірде атқарылған жобалар туралы баяндалды. Аймақ экономикасына инвестиция құю жүйесін жеңілдету шараларын әзірлеу, бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында өткен ауқымды шараға қатысушылардың пікірінше, аталған жобаның негізгі міндеті – инвестицияға қолайлы ахуал қалыптастыру. Сондай-ақ бизнес пен қаржы салушылардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттырып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
– Бұл форум мемлекет пен бизнес ортаны шенеуніктер тарапынан болып қалатын сыбайлас жемқорлықтан қорғауға бастайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке.
Ауқымды шарада агенттік пен Ұлттық бюроның аумақтық департаменттері, облыс әкімдігі және «Қазақинвест» ҰК» АҚ облыс бойынша аймақтық өкілдігі арасындағы өзара іс-қимыл туралы төртжақты меморандумға қол қойылды. Құжат бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысындағы сүйемелдеу мен барлық жемқорлық тәуекелдерін жою кәсіпкерлер мен инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қол қоюы аясында жүргізілетін болады. Енді оларға қойылатын жалғыз талап – бизнесті адал жүргізіп, жемқорлықтың кез келген түрінің жолын кесу.
– Бір сөзбен айтқанда, инвесторлар ең алдымен біздің агенттікпен жемқорлыққа
қарсы келісімге отырады. Сол бойынша әрбір инвестициялық жобаны иесімен бірге жүріп, тиісті орындарына апарып, хаттама толтырамыз. Нақты күндері белгіленеді. Егер уақтылы жасалмаса немесе жемқорлыққа жол берілген болса істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға немесе әдеп жөніндегі кеңеске жолдаймыз. Тіпті болмаса, заң аясында әкімшілік айыппұлдар салынуы мүмкін, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің бас маманы Аңсар Исмағұлов.
Қол қойылған құжаттарға сәйкес, кәсіпкерлер бұдан былай есіктен-есікке жүгіріп, әр табалдырықты тоздырып, ондағылардың қабағын бағып жүрмейді. Енді олар нақты жүйе мен айқын бағытта құжаттарын дер кезінде бітіре алады. Осылайша шеттен келген инвестордың да, кәсіпкерлердің де мемлекетке деген сенімі нығая түсері сөзсіз.

Тараз қаласы.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support