- Advertisement -

«Астана» мен «Қайрат» сенімді ақтады

251

- Advertisement -

Табиғат Абаилдаев

Футболдан Еуропа чемпиондар лигасында сынға түсіп жатқан елордалық «Астана» футбол клубы мен Еуропа лигасында жасындай жарқыраған алматылық «Қайрат» жанкүйерлердің сенімін ақтады.
«Астана Аренада» Данияның «Мидтьюлланд» командасын 2:1 есебімен жеңген «Астана» футболшылары сырт алаңда әдемі ойын өрнегін көрсетіп, келесі кезең жолдамасын қалтаға басты. Даниялық команданың ойыншылары ә дегеннен өткір шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Әйткенмен алаң қожайындарының бұл ойын жасыл алаңда сауатты қорғана білген қазақстандық команданың қорғаушылары жүзеге асырған жоқ.
Алаң иелері қалайда гол соғу мәселесімен әуестеніп жүргенде «Астана» футболшысы Жуниор Кабананга есеп ашып үлгерген. Ойынның он тоғызыншы минутында қорғаушының қателігін ұтымды пайдаланған Жуниордың соққысы қақпа сызығынан өтіп кеткенін төреші байқамады. Кабананга бұған дейін де мүмкіндікке ие болған еді. Осылайша төрешінің қателігінен «Астананың» таза голы есепке алынбады.
Жалпы бұл күні «Астана» футболшылары қорғаныста сауатты ойнап қана қоймай, қауіпті қарсы шабуылдар да ұйымдастыра білді. Екінші кезеңде алаң иелері сапынан Эрик Святченко соққан гол ереже бұзылуына байланысты саналмады. Қысқасы түзде қарсыласымен 0:0 есебімен тең түскен Қазақстан чемпиондары үшінші кезеңге өтті. Енді «Астана» футбол клубы Хорватия астанасы Загребтің «Динамо» командасымен кездеседі.
Еуропа лигасында бақ сынап жатқан Алматының «Қайрат» футбол клубы да ерледі. Әуелде қағаз жүзінде аутсайдер саналған «Қайрат» іс жүзінде осал ұжым емес екендігін айқындап, бірінші ойында Голландияның «АЗ Алкмар» командасын 2:0 есебімен жеңген болатын. Сырт алаңдағы екінші кездесуде «Қайрат» футболшылары 2:1 есебімен жеңілгеніне қарамастан, үшінші кезеңге жолдама алды.
«Қайраттың» сайыпқырандары бұл күні қалайда өзіне тиімді есепке қол жеткізуге тырысты. Ойынның 28-минутында 11 метрлік айып добын орындаған Бауыржан Исламхан есеп ашып, алаң қожайындарының жағдайын қиындатып жіберді. Әйткенмен «АЗ Алкмар» футболшылары бірінші кезең аяқталғанға дейін есепті теңестіріп кетті. 41-минутта Гус Тил мергендігімен көзге түсті. Голландиялық командаға келесі кезеңге өту үшін әлі үш гол соғу керек еді. Бірақ «АЗ Алкмар» футболшыларының қолынан мұндай ерлік қайдан келсін?! Ойын соңына дейін жақсы қорғана білген «Қайрат» футболшылары матч аяқталар тұста 11 метрлік айып добынан бір гол жіберіп алды. Алайда Тен Копмейнерс соққан гол алаң иелерін жұбатуға ғана жеткілікті болды. Енді қазақстандық команда Чехияның «Сигма» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шығады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support