- Advertisement -

Қордайлықтар қарымын байқатты

250

- Advertisement -

Тараз қаласында тоғызқұмалақтан «Біз діни экстремизм мен терроризмге қарсымыз» атты облыс чемпионаты өтті. Чемпионатты облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз сөйлеп ашып, ұлттық спортымыздың жанашырларына сәттілік тіледі.
Бұл чемпионатқа облыс аумағынан 50-ге жуық тоғызқұмалақшы қатысып, ерлер және қыздар арасында рапид, классика, блиц түрлері бойынша өзара кім мықтыны анықтады. Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалаққа осынша талапкердің ниет білдіргені қуантады. Бабаларымыз серік еткен осынау ұлттық ойынның ертеңі жарқын екеніне көзіміз жетіп, көңіліміз қуанды.
Сонымен ерлер арасында рапид түрі бойынша қордайлық тоғызқұмалақшы Айдос Мәлікке қарсылас шақ келмеді. Айдос айқын жеңіске жетті. Екінші жүлде тараздық Диас Қоршыбекке бұйырса, меркіліктер Сырым Төлеубек пен Нұрдәулет Сейітжапар жүлделі үшінші орындарға қол жеткізді. Тоғызқұмалақ спортының осы түрі бойынша қыздар арасында қордайлық Тоғжан Омар жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Тоғжанның жерлесі Тұмар Серікбаева екінші орыннан көрінсе, үздік үштікті тараздық Жанерке Жетеген түйіндеді.
Тоғызқұмалақтың классикалық түрі бойынша тараздық Нұрсұлтан Боранбай жеңімпаз атанды. Меркіліктер Нұрдәулет Сейітжапар мен Сырым Төлеубек екінші және үшінші орындарды бөлісті. Қыздар арасында қордайлық Айзада Жалғасова чемпион атанды. Екінші орын тараздық Жанерке Жетегенге, үшінші жүлделер қордайлық Тұмар Серікбаева мен меркілік Қаламқас Сандықбаеваға бұйырды.
Осынау ұлттық ойынның блиц түрі бойынша ерлер арасында тараздық Ербол Нұрханов қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Меркілік Нұрдәулет Сейітжапар екінші орынды олжаласа, қордайлық Айдос Мәлік пен тараздық Әзиз Азыралы үшінші орындарды өзара бөлісті. Қыздар арасында тараздық Жанерке Жетеген топ бастады. Қордайлық Айзада Жалғасова жүлделі екінші орыннан көрінсе, қордайлықтар Тұмар Серікбаева мен Әйгерім Дәрменова жүлделі үшінші орындарды бөлісті. Осылайша, облыста тоғызқұмалақ спортының қарыштап дамып келе жатқаны байқалды.
Чемпионатты облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Оларға дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support