- Advertisement -

Александр Усик – абсолютті чемпион!

161

- Advertisement -

Өткен сенбі күні әлем назары тағы да Мәскеуге ауды. Бұл жолы спортсүйер қауымды бокс кеші қызықтырды. Жарнамасы ұзақ уақыт жүрген бұл кеште украиналық Александр Усик пен ресейлік Мурат Гассиев бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионын анықтады.
Алғашқы раундта боксшылар бірін-бірі күтіп, аңдысып жұдырықтасты. Дегенмен Александр Усиктің жылдамдығы байқалды. Мурат Гассиев екінші нөмірмен жұмыс істеп, соққыны тосып алып, сәті келгенде шабуылға да иек артты. Жақсы қорғанды. Алғашқы екі раундта төрешілердің шешімімен Гассиев басым болып тұрды. Есеп – 20:18. Үшінші раундта украиналық боксшы жылдамдығын арттырып, белсенді қимылдады. Төрешілер бұл раундта ұпайды Усикке берген. Төртінші раундта да қос мықтының жекпе-жегі жоғары қарқынмен, жылдам соққылармен жалғасты. Мурат та есе жіберген жоқ. Сондықтан болар төртінші раундтың ресейлік боксшының пайдасына шешілгені. Бесінші раунд та аса тартысты, шиеленісті жағдайда өтті. Алтыншы раундта 57:57 нәтижесімен есеп теңесті.
Жетінші раундта Гассиевтің қарқыны бәсеңдеді. Оның қимылынан алғашқыдағыдай белсенділікті байқай алмадық. Есесіне қарсыласының мұндай сәтін Александр Усик жақсы пайдалануға бекінді. Жетінші раундта 67:66 нәтижесімен Усик алға шықты. Ол сегізінші раундта да қарқынын бәсеңдетпей, ұпайды өз пайдасына жаза білді. Тоғызыншы раундта Усик рингтегі басымдықты нақты қолға алды десек те болады. Алмастай жарқылдап, әр соққысын нәтижелі жұмсап жатты. Оныншы раундта да осы қарқынынан таймаған украиндық боксшы қарсыласынан төрт ұпай алға озып кетті. Қатарынан төрт раундты өз пайдасына жазды.
Он бірінші раундта Гассиев өзіне есеп бере алатын жағдайда емес еді. Қалай қорғанып, қалай соққы беруді де ұмытты. Жекпе-жектің фовариті кім екені сәт сайын айқындалып келе жатты. Он екінші раундта Александр Усик өзінің шаршамайтын боксшы екенін байқатты. Соңғы раундта да қарсыласын дәл, ауыр соққының астына алудан танған жоқ. Нәтижесінде 117:111 есебімен Александр Усик жеңіске жетіп, бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Бұл жекпе-жек әлемнің ең беделді телеарналарынан көрсетіліп, жаһан жұртының тапжылмай тамашалаған тайталасы болды. Осылайша, украиналық боксшы барлық атағын қорғап қалып, жеңісті жорығын одан әрі жалғастырып отыр.
Осы бокс кешінде ресейлік Федор Чудинов пен француз боксшысы Наджибом Мохаммеди «WВА international» титулын сарапқа салды. Әрине, ресейлік боксшының өз жанкүйерлері алдында аянып қалмайтыны белгілі еді. Алайда бұл ойын аса тартысты өтті. Француздық боксшы Наджибом Мохаммеди жақсы мәнерде жұдырықтасатын, талантты боксшы екен. Ол шеберлігін раунд сайын дәлелдеп, Чудиновты жойқын соққының астына алып, біраз жұдырықтады. Сонда да төрешілер жеңісті ресейлік боксшыға берді. Мұндай әділетсіздікке жанкүйерлер арасынан шулап, ысқырып қарсылық білдіргендер болды. Қай елде де әділдікті артық санайтын азаматтар бар екен. Дегенмен төрешілер өз көзқарастарын өзгерткен жоқ. Бір жағынан әр раундта есеп әртүрлі болып шешілген. Бірде Чудинов 115:113 есебімен жеңсе, бір раундта Мохаммеди 111:118 есебімен басым болған екен. Енді бірде 116:112 есебімен Чудинов алға шығып кеткен. Қысқасы, бұл жекпе-жекте ресейлік Федор Чудинов ұпай санымен жеңді. Алайда бұл шешімге француз боксшысы ғана емес, жүздеген жанкүйерлер разы болмай, наразылық танытты. Алайда төрешілер шешімі өзгерген жоқ.
Дегенмен нағыз мықты болсаң, еш күдік қалдырмай, шын жеңгенге не жетсін! Мұны Чудиновтың да мойындайтыны анық.

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support