- Advertisement -

қабілетімен де, әдебімен де үлгі болуы тиіс

132

- Advertisement -

Елбасы 2015 жылы жариялаған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының елімізді дамыған мемлекеттердің отыздығына бастайтын басты бағдары ретінде ерекше маңызға ие. Осы маңызды құжаттың алғашқы он бес қадамы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталып, мемлекеттік қызметтің мәнін айқындап, жаңа жағдайда оған қойылатын талаптарды нақтылап берді.

Сара МӘДИЕВА,
облыстық мәдениет және
архивтер басқармасы
басшысының орынбасары.

Ұлт жоспары жарияланғанға дейін егемен еліміздің мемлекеттік қызмет саласын реттейтін арнаулы актілер қатарына 1999 жылғы шілдеде қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң, Президенттің 2000 жылғы №357 Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызмет өткеру туралы», сонымен қатар 1999 жылғы «Мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану тәртібі туралы», «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану тәртібі туралы», «Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет этикасы» ережелері және «Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің анты» жатқызылатын. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң күшіне еніп, соған сәйкес жаңа тәсілдер аясында заңға тәуелді актілер қабылданды.
Мемлекет басшысының президенттік лауазымына кірісер алдындағы: «Мен өзімнің сайлауалды тұғырнамам болған бес институттық реформаны ұсындым. Мен реформаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық ерік-жігерімді, шешімділігімді көрсетіп, мемлекеттік аппаратты қоғамның күш-жігерін реформалауды орындауға жұмылдыру ниетіндемін» деген сөзі білікті мемлекеттік қызметшілер корпусын жасақтаудың қаншалықты маңызды міндет екенін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтің моделіне көшкенде әрбір басшы төменнен бастап, барлық басқару сатыларынан өтуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, бұл реформа – азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей ашық әрі тиімді жүйе. Бұл меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғам қалыптастыруға жол ашады.
Мен 1994 жылдан бері қарай осы облыста жай маманнан бастап, әртүрлі лауазымда мемлекеттік қызмет саласының сатысынан өтіп, егемен еліміздің өркендеуіне шама-шарқымша үлесімді қосып келе жатқанымды өзіме зор абырой санаймын. Өйткені біз – мемлекеттік қызметшілер – Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асырушы, жоғарғы билік пен қарапайым халық арасын байланыстырушымыз.
Мемлекеттік қызметті дамытуға арналған 2016 жылғы қабылданған заң тұтастай алғанда мемлекеттік қызмет саласында ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, құзыреттілік негізінде мақсаттық, яғни лауазымдық жоғарылатуға, нәтижеге байланысты еңбекақыны анықтауға бағытталып отыр. Бұл өз кезегінде алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылдауды үш сатылы конкурстық іріктеу арқылы жүргізуге жол ашты. «Бірінші кезеңде үміткерлер заңдарды білу мен құзыреттілік бойынша тестілеуден өтеді. Екінші кезеңде агенттік арнайы сұхбаттасу арқылы үміткердің жеке қасиеттерін тексереді. Үшінші кезеңде мемлекеттік орган кандидаттың кәсіби білімін, біліктілігін айқындайтын болады. Конкурстан сәтті өткендер үшін тәлімгерлер белгіленіп, үштен алты айға дейінгі аралықта сынақ мерзімі беріледі. Мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделінің ерекшелігі – мемлекеттік орган қызметкерлері арасында жоғарғы бос лауазымға тек ішкі конкурспен, ал төменгі лауазымдарға тек жалпы конкурс арқылы ғана тағайындалады. Осындай мансаптық модель арқылы жас мемлекеттік қызметшінің психологиялық тұрғыда бейімделуіне әрі оның кәсібилігінің артуына, болашағына сенімді қарап, мемлекеттік қызмет аясында ұзақ мерзімді мапсаптық өсуді жоспарлауына септігін тигізе бастады.
Қазір барлық мемлекеттік қызметшілердің жеке жұмыс жоспарлары бекітіліп, сәйкесінше тоқсан және жыл сайын бағаланып отыратын болды. Нақты айтсақ, «Б» корпусындағы қызметшілерді бағалау кезінде бағалаушы ретінде тікелей басшымен бағынысты қызметкерлер, әріптестер қатысады. Тағы бір ескеретін жайт, аталған бағалау нәтижелері еңбекақының көлеміне тікелей әсерін тигізеді. Жұмысты жаңа бастаған мемлекеттік қызметшілер үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында 3 ай сынақ мерзімі белгіленеді. Оның нәтижесі қанағаттанарлықсыз болғанда, сынақ кезеңі мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның не органның шешімі бойынша кейіннен қайта ұзартылмайтын үш ай беріледі. Бұл өз кезегінде, кадрлардың тұрақсыздық деңгейін төмендетеді.
Елімізде мемлекеттік салада қызмет ететіндерге өзгелерге қарағанда көп жеңілдік қарастырылған. Бүгінде баспанамен қамтамасыз ету, балаларын балабақшаға орналастыру секілді қоғамдағы маңызды мәселелері оң шешімін тауып жатыр. Дегенмен мемлекеттік қызметшілердің беделін көтеру үшін оларға қатаң талап қойылады. Жаңа құжат – Әдеп жөніндегі кодексте жауапкершілік жүгін арттыратын талаптар көрсетілген. Онда мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбеті ғана емес, өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттары бекітілген. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керек. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға жәрдемдеседі. Бұрынғы Тәртіптік кеңестің орнына жаңадан құрылған Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті де осы – мемлекеттік қызметшілер тарапынан орын алатын құқықбұзушылықтардың алдын алу.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда аталған әрекеттерге жол бергені үшін тартылатын жауапкершілік жазалары сақталған. Мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін лауазымынан босатылған қызметшілер алдағы уақытта мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Әдеп жөніндегі кеңестер қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, соның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол берген басшы лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің істерін қарайды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабына сәйкес мемлекеттік қызметке кір келтірген қызметшілер тәртіптік шараға тартылатын болады. Бұған дейін тәртіптік жазаға тартатын негіз 14 тармақшадан аспаса, аталған баптың 1-тармағы енді 19 тармақшаға дейін ұзарды.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкерге қойылар талап күшейген. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Ал қызметші билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы керек. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардан білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиенің де талап етілетіні де сондықтан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support