- Advertisement -

Қант зауытын құлпыртқан майдангердің өмірі – ұрпаққа өнеге

182

- Advertisement -

Жұртты ауызбіршілікке шақыратын, тентегі болса, тезге салатын, елдің бірлігін ойлаған қариялар – біздің асыл қазынамыз, тарихымыз. Олар – аумалы-төкпелі заманның, өткен ғасырдағы ақтаңдақ кезеңдер мен басты оқиғалардың нағыз куәгерлері. Сондықтан алдыңғы толқынның кешегі және бүгінгі, ертеңгі болашақ жайлы, жалпы адамдық құндылықтар туралы өміршең ой-толғамдарын тыңдап, көкейге тоқып алуымыз керек.

Сондай көпті көрген, кеудесі көмбе, ел үшін, Отан үшін қан майданда ерлік көрсеткен, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де өзі еңбек еткен Қант зауыты ауылының әлеуметтік жағдайын көтеріп, оның өсіп-өркендеуіне аянбай тер төккен жандардың бірі – Қапар Андабеков еді. Тағдыр оның маңдайына қиын балалық шақты жазыпты. Жамбыл қаласында 1915 жылы 12 сәуірде дүниеге келген, әкеден 4 жасында, шешеден 12 жасында айрылып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Бастауыш мектепті бітіріп, 1932 жылы Китаб (Өзбекстан) қаласындағы ФЗУ мектебінде оқуын жалғастырып, слесарь мамандығын меңгеріп, қаладағы мақта зауытына жұмысқа орналасады.
1938 жылы мамыр айында Ташкент қаласындағы білім жетілдіру институтының алты айлық курсын үздік бітіріп, Бұқара қаласындағы мақта зауытына жұмысқа жіберіледі. Арада жыл өткенде Айнықша Естайқызымен көңіл жарастырады. Көп кешікпей үйленіп, енді бақытқа бөленеміз деп жүргенде, екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Қолында ауыл шаруашылығы броні бола тұра, қарап отыра алмаған Қапар қалалық әскери комиссариатқа барып, бірнеше рет өтініш жасап, майданға сұранады.
1942 жылы наурыз айында әскер қатарына шақырылып, Ташкент қаласында 5 айлық жедел дайындық курсына қабылданады. Қатардағы сарбаз Андабеков әскери техникаларды меңгеруге икемді әрі соғыс тактикасын білуге құштар еді. Сонысын ескеріп, оған кіші сержант әскери шені беріледі. Сөйтіп ол 1030 атқыштар полкінде бөлімше командирі, кіші сержант шенінде ІІ Украина майданында соғысқа кіреді.
1943 жылы қараша айында Украинаның Запорожье қаласын азат ету операциясында артиллериялық шабуылды ұйымдастыра білген кіші сержант Андабеков басқарған бөлімше ерен ерліктерімен көзге түседі. Осы кескілескен шайқаста кейіпкеріміз сол бүйрегіне оқ тиіп, бір ай госпитальда емделеді. Қан майдан ұрыстағы көрсеткен ерлігінің белгісі – «Ерлігі үшін» медалі және қолбасшылықтың Алғыс хаты. Ал 1944 жылы сәуір айында «Прут» өзенінің сол жағындағы жау әскерін талқандауда көрсеткен ерлігі мен ол басқарған бөлімшенің нәтижелі іс-қимылдарын бағалай келе Андабековке «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылады.
Венгрия, Чехословакия мемлекеттерін жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. Сондай-ақ Қапар Андабековке 1944-1945 жылдары Венгрияның маңызды өнеркәсібі орналасқан Дебреген, Мишкольц және Чехословакияның Рожиява, Йелшова қалаларын азат етуде жауынгерлік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін И. Сталиннің төрт Алғыс хаты тапсырылыпты. Осылайша Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған старшина Ұлы Жеңіс күнін Будапешт қаласында қарсы алып, 1946 жылы елге оралады.
Соғыстан кейінгі жылдарда майдангер Қант зауытында слесарь, шебер болып еңбек етті. Оның іскерлігін, ұйымдастыру қабілетін байқаған басшылар 1950 жылы ауылдық кеңестің төрағасы етіп сайлайды. Сол жылдары Жамбыл қалалық кеңесінің депутаты болып қатарынан төрт рет сайланады. Ол осы лауазымдарын зауыт аймағындағы ауылдың экономикасын көтеруге, өсіп-өркендеуіне ұтымды пайдаланды. Ауыл тұрғындарына үй-жай салуға жер телімдерін алуға қол жеткізді, көшелерді абаттандыру, су құбырларын жүргізу, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында мал бордақылайтын қора-қопсы, көкөніс пен жеміс-жидек өсіретін бау-бақшалар, «Жеңіс» аллеясын, балабақшалар салу сияқты істермен айналысты. Соған көпшілікті жұмылдыра білді, басқа да жақсы істердің ұйытқысы болды. Қапар Андабеков 1974 жылы 24 қарашада бар-жоғы 59 жасында өмірден озады.
Ердің ерлігі – ел есінде. Бүгінде майдангерден тараған алты ұл-қыздан 13 немере, 19 шөбере өрбіді. Олардың бәрі де өмірден өз орындарын тапқан саналы да білімді жандар.

Тілектес ЕРІМПАШЕВ,
Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің Құрметті ардагері, запастағы полковник, Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support